Астана қалалық апелляциялық соты Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық қорының күшін жою туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Осылайша, қоғам белсендісі Перизат Қайраттың өзінің қайырымдылық ұйымының жұмысын қайта жандандыруға бағытталған талпынысы сәтсіздікке ұшырады.
Еске сала кетсек, бұған дейін бұл қорды Әділет министрлігінің талап-арызы бойынша экономикалық сот мәжбүрлі түрде жойған еді. Тергеу барысында Перизат Қайрат қорды тіркеген кезде өзге он «құрылтайшының» қолын қолдан жасап, олардың жеке дерегін заңсыз пайдаланғаны анықталған. Сараптама бұл деректердің қолдан жасалғанын растады. Сот тіркеу процесі кезінде заң талаптары бұзылғанын, сондай-ақ азаматтардың келісімінсіз олардың жеке мәліметтері пайдаланылып, конституциялық құқықтары тапталғанын мәлімдеді. Осы жағдай қорды таратуға негізгі себеп болды.
Жақында ғана «қайырымдылықпен айналысқан» Перизат Қайратқа қатысты атышулы іс сотқа жолданды. Тергеу мәліметінше, ол 3,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған.