Жомарт халық қиын жағдайда далада қалған әйелді 6 баласымен бірге өз ауылдарына көшіріп алды. Көпбалалы ана Әсия Қабдолла 41 жаста, кіші баласы 5 жаста болса, үлкені 15 жасқа енді толады. Көпбалалы ана ең алдымен «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалынан көмек сұраған екен. Белсенділер әлеуметтік желі арқылы Әсияға көмектесуге ұйғарды. Әйелдің айтуынша, оны күйеуі бірнеше жыл бұрын өрімдей балаларымен тастап кеткен. Басындағы пәтерін баласын емдету үшін сатып жібереді де Өскеменнен Қарағандыға көшіп келеді. Балапаны сауықты. Алайда бірнеше жылда несиеден несие алып ары-бері пәтер жалдап көшіп жүрді. Уақытша оңалту орталықтарын да сауғалапты. Ақыры күнелту қиынға соққан соң балаларының ұстаздарының кеңесімен «AMANAT» партиясынан көмек сұрайды. Белсенділер дереу әлеуметтік желі арқылы қайырымды жандарды іздей бастаған. Көмекке Бұқар жырау ауданына қарасты Ақбел ауылының тұрғындары көмекке келіп, қол ұшын берді. Отбасына ауылды көрсетіп, ұнатқан соң көшіріп алған.
– Басында тұруға үй таптық. Керек заттармен қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта бұл кісіні жұмысына орналастырып, тағы да басқа үлкен үйге көшіреміз деген ниетіміз бар, – дейді ауыл тұрғыны Абай Жапаров.
Тұрғындар ақша жинап азық-түлік уақытша баспана берумен тоқтамайтындарын айтады. Ұстаздарға Әсияның балалары да қатты ұнаған, шетінен білімге құштар дейді. Ендігі мақсаттары – Әсияны мектеп асханасына немесе салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналастыру. Алайда көпбалалы ананың өтелмеген несиелері бар, шоттары бұғатталған. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында арнайы комиссия борышкерге кешірім беруді қарап жатыр. Әсияның бар тілегі – қарыздарына кешірім алу. Сонда ғана ол ресми түрде жұмысқа орналасып, өз кәсібін бастай алады.
– Ақбел ауылының тұрғындарына, әкімдікке, мұғалімдерге, осында жол сілтеген «AMANAT» партиясының қызметкерлеріне өте қатты ризамын. Менің балаларым да осы халықтың үмітін ақтайтын мықты бір азамат болатынына сенімдімін. Менің ризашылығым сол болады деп ойлаймын, – деді ана.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы