Ыстамбұлда ауыр нейрохирургиялық отадан кейін елге оралған Ербаян Мұхтардың сауықтыру еміне кіріскеніне 4,5 ай толды. Бұл туралы оның жеке массажисі Ұлпан Советбекқызы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Маманның айтуынша, Ербаян қазір арқасын тік ұстап, аяққа тұрып, мойын бұлшық еттерін басқара алады, сол жақ қолы мен аяғында реакция пайда болған. Салмақ қосып, аузына тамақ ала бастады.
«Бұл – 7,5 ай ішінде жеткен үлкен жетістік. Ем баяу, бірақ тұрақты жүріп жатыр. Бұл жағдайда ең маңыздысы – үміт пен тұрақтылық», – деді ол.
Жақында Ербаян емнің екінші кезеңін алу үшін қайтадан Ыстамбұлға аттанады. Маман оның толық жазылатынына сенімді.
Еске сала кетейік, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланда әскери қызметте жүргенде ауыр жарақат алған. Ресми мәлімет бойынша, ол дәретханада құлап, басын кафельге соққан. Алайда жігіттің ата-анасы бұған сенбей, баласының әлімжеттік құрбаны болғанын айтады.