Оның айтуынша, елімізге контрабандалық жолмен жылына 76 мың көлік тасымалданады.
– Биыл заңдастырудың біткеніне 3 жылдан асып кетті. Бірақ баяғы жартас, сол жартасқа қайта келдік. Мысалы, шетелдік көлікті елге әкелгенде бір жыл бойы өзге нөмірмен жүруге құқылы. Алайда біздіңше, олай істеудің қажеті жоқ. Дегенмен жалған құжаттарын істетіп жатқандар жетіп артылады. Шынын айтсақ, Қазақстанда бір нөмірмен 4-5 көлік жүре береді. Өзіміз сауалнама жүргізген кезде уақытша иелік етіп жүргендер саны 56 800-ден асады, кедендік рәсімді төлеп, басқа салығын өтей алмағанның саны – 103 мың. ІІМ көлікті өтікізіп, сатумен айналысатын қылмыстық топты анықтап, ұстап жатыр. Бірақ қылмыс одан азайған емес. Өйткені сұраныс бар жерде, ұсыныс бар. Осындай заңсыздықтардың салдарынан еліміздің бюджетіне де, жол қауіпсіздігіне де қаншама залал тиіп жатқаны рас, – дейді қоғам белсендісі.
Бүгін «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында елімізге көлік әкелуде сыбайлас жемқорлықпен контрабандаға жол бермеу жөніндегі жұмыстың барысы жан-жақты сараланды.
Кеңес төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Ерлан Бияхметұлы әлі күнге дейін елімізге контрабандалық жолмен келіп жатқан көліктің көптігін сөз етіп, осыған байланысты көлік тасымалына қарасты мемлекеттік ұйымдарды есебін сұрап, істеліп жатқан жұмысты көрсетуін сұрады.
– 22 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялау барысында шет елдерден әкелінген көліктерді заңдастыру және көлік контрабандасының жолын тоқтату жөнінде Үкіметке шешімдер қабылдауды тапсырған болатын. Ел аумағына контрабандалық жолмен және техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін көліктер тоқтаусыз кірігізіліп жатыр. Міне, осы мәселе әлі күнге дейін толық шешімін таппай отырған күрделі мәселелердің бірі, – деді Ерлан Саиров.
Қаржылық мониторинг агенттігінің есебінше, 2023 жылдан бері 11,8 млрд теңге көлемінде бастапқы тіркеу үшін төленетін салықты төлеуден жалтаруымен 1821 көліктің заңсыз тіркеуге қойылуы бойынша 87 қылмыстық іс қозғалған.