Бүгін Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік беру туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Қытайдың батыс бөлігіне жіберілетін ақбөкендер ондағы киік популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізеді деген жоспар бар.
Осыған орай Aikyn.kz тілшісі Ұлытау облысы Жаңарқа ауданында құралайды қолда асырап, зерттеу орталығын басқарып отырған ASAR шаруа қожалығының құрылтайшысы Мадияр Аймурзаұлының пікірін сұрадық.
«Қазір киік төлдейтін кезең – құралайдың салқыны өтіп кетті. Көрші елге 1,5 мың киікті жерсіндіруге жіберу үшін төлдеген кезде іске асыру керек. Уызына тойып алған құралай енесінен ажырамайды. Далада жүрген бөкенді өзге елге даламен айдап алып бара алмайды. Құралайды қолға үйретіп, күтіп-баптап арнайы жәшікпен жеткізуі керек. Шамамен 200-дей маманның жұмыс істеуіне тура келеді.
Ақбөкеннің популяциясын сақтау, зерттеу үшін арнайы тәлімбақ құрдық. Ақбөкен төлдеген кезде құралайды ажыратып алып сүт беріп, қолға үйреттік. Бір айда құралайды қоректендіру үшін барлық шығынды, яғни мамандардың еңбегін қоса есептегенде 1,5 миллион теңге жұмсадық. Ақбөкенді зерттейтін тәлімбақ жұмысы киік популияциясына септігін тигізеді», – дейді Мадияр Аймурзаұлы.
Киік төлдеген кезде жергілікті шаруалар егінді таптап, мал бағатын жайылым тарылды деген уәж айтады. Бұл мәселе турасында Мадияр Аймурзаұлының айтары бар.
«Республикалық маңызы бар күре жолдар, пойыз жолдар, ірі-ірі шаруашылықтардың қора-қопсысы киіктің жүретін жолына салынған. Жабайы жануар өтетін арнайы аспалы көпір, өткелдер жоқ. Кеңес өкіметі кезінде мал саны, жабайы жан-жануардың саны қазіргіден әлдеқайда көп болған. Соның өзінде мұндай мәселе болған жоқ. Себебі, кез келген құрылыс нысаны киіктің жолынан тысқары салынатын. Киіктер кең далада еркін жайылатын, көбеюіне кедергі болған жоқ», – дейді.
Бұған дейін Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киіктердің популяциясы мәселесі талқыланғанын хабарлаған болатынбыз. Бүгінде киік санының көбеюі Ақмола, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарындағы шаруалар киіктен зардап шегіп отырғанын айтқан еді.