Ауыр соққыдан есінен танып қалған жүргізушіге аялдамада тұрған адамдар көмектесіп, жедел жәрдем шақырған.
Шымкентте бірнеше адам жабылып, автобус жүргізушісін соққыға жыққан
Фото: Almaty.tv
623
оқылды

Автобус жүргізушісін бірнеше адам жабылып ұрып, ауруханадан бір-ақ шығарған. Жаға ұстатарлық жағдай Шымкентте болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Ең сорақысы, мұндай қатігездікке барғандар арасында кәмелетке толмаған жасөспірім де бар.

«Жолақысын төлеуді талап еткенім үшін таяқ жедім». 34 жастағы Мақсат Жолаев осылай деп отыр. № 52 бағытта жолаушы таситын жүргізуші бір адамның ақы төлемегенін айтып, ескерту жасаған. Алайда азамат бұл сөзге ашуланып, тізгіншіні балағаттап, автобустан сыртқа шығуын талап еткен. Мақсат Жолаев көліктен түскен бетте, оған үш адам жабыла кетіпті.

«Басымнан балғамен ұрды. Біреуі қолындағы кастетпен жағымнан ұрады. Жағым жыртылып кетіп, талып қалдым. Не болғанын білмеймін. Олар мені рөлде отырғанымда ұрмақшы болған. Үшеуі жазалансын», – деді жәбірленуші Мақсат Жолаев

Ауыр соққыдан есінен танып қалған жүргізушіге аялдамада тұрған адамдар көмектесіп, жедел жәрдем шақырған. Науқастың жағдайы қиын болғаны сонша, дәрігерлер оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған.

«Түскен кезде бас жарақаты болған. Дәрігер қабылдау бөлімінде алғашқы көмек көрсетіп, кейін жедел түрде стационарлық көмек қажет болғандықтан, нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Қазір ем алуда. Жағдайы орташа дәрежелі ауырлықта», – деді бас дәрігердің орынбасары Ерлан Құрбанходжаев.

Бүгінде бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде 17 жастағы бала ғана қамауға алынған. Ал төбелеске қатысы бар өзге азаматтар оқиға орнынан қашып кеткен көрінеді.