Бүгін Қызылорда қаласының «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Заң және Тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында форум өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алқалы жиынға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Абзал Құспан, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Форумда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақыт еншісіндегі бірлескен маңызды міндеттерді атап көрсетті.
«Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Соған орай өңірімізде «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлымен бірлесіп кешенді шараларды қолға алып, жаңа бастамаларға үздіксіз қолдау көрсетіп келеміз. Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілген осындай кешенді шаралардың нәтижесінде өңірімізде ахуал тұрақты. Статистикалық ақпараттарды салыстырмалы түрде қарасақ, аймақта 2015 жылы 6 мыңға жуық қылмыс тіркелген болса, нақты жұмыс нәтижесінде бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайды. Соңғы үш жылда құқық бұзушылық көрсеткіші едәуір қысқарды. Бүгінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны бойынша Қызылорда облысы республикадағы ең төменгі позицияға тұрақтап, 20 өңірдің ішінде 19-орындамыз. Біздің міндет – тек көрсеткішті ғана емес, құқық бұзушылық фактілерін тұрақты түрде төмендету. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларын азайтуда жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Сәт сайын түрлі гаджеттер мен смартфондағы бағдарламалар көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуыл схемалары өзгеріп жаңаруда. Соның ішінде қаржы пирамидалары, лудомания, интернет буллинг азаматтарды қиын жағдайда қалдыруда. Мүдделі құқық қорғау органдары қолда бар ресурстармен шектелмей, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоятын жаңа тетіктерді дамытуы тиіс. Осы бағыттағы қылмыстарды анықтауда жасанды интеллектті пайдалану – орнықты шешімнің бірі. Бүгінгі форум – біздің алдағы жұмыстарымызды жаңа формацияда жүргізуге өз септігін тигізеді деп сенемін», – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Алқалы жиында облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Абзал Құспан сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуда ерекше белсенділік танытып, киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жолын кесуге үлес қосқан мамандарға облыс әкімінің сыйлық сертификаттары мен облыс прокурорының Алғыс хаты табысталды.
Жалпы соңғы үш жылда Сыр өңірінде полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Биыл да бұл мақсатқа 2 млрд 800 млн теңге қаралып, заманауи құрылғылармен, жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр.
Республикада алғашқы болып облыстың барлық ауданында полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары ашылды. Қауіпсіздікті күшейту, жедел әрекет ету мақсатында бейнебақылау камераларының желісі көбейтілді.
Барлық ауданға құны 2 млрд 200 млн теңге болатын 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшейтін камера орнатылды. Соңғы жылдары полиция қызметкерлеріне заманауи құрылғылармен жабдықталған 128 жаңа автокөлік табысталды.
Биыл тағы 31 қызметтік автокөлік тапсырылып, арнайы құрал-жабдықтар алу көзделіп отыр. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұған қоса ашықтық қағидатына сәйкес қала, аудандарда құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге қоғамдық қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттырып, әділетті қоғам құруға тың серпін беретін болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.