«Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген стратегиялық бағдар еліміздің мемлекеттік саясатының өзегіне айналып, қоғам дамуының басты бағыты.
Бас прокурор: Құқықтық жауапкершілік – әділеттіліктің тірегі
Фото: ашық ақпарат көзінен алынды
386
оқылды

Аталған тұжырымдаманы жүзеге асырудағы қадамдар, прокуратураның рөлі және құқықтық мәдениеттің маңызы туралы Бас прокурор Берік Асылов кеңінен айтып берді.

«Заң мен тәртіп» – Әділетті Қазақстан­ның идеологиялық тұғырна­масы. Бұл – Ата Заңымыздың мәнін ашатын тұжырым. Конституциямызда ең жоғарғы құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық – ізгілік пен әділеттілік өнері» деген сөздің терең мағынасына мән беріп, «Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет екенін» ерекше атап өтті. Меніңше, бұл идеологиялық тұжырым – қоғамдық асыл мұраттарды, әсіресе мәдени, адамгершілік, отбасылық, рухани және діни құндылықтарды, сондай-ақ еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу, меншік пен кәсіпкерлік бостандығы сияқты конституциялық кепілдіктерді сақтау қажеттілігін білдіреді. Сонымен қатар табиғатқа және қоршаған ортаға деген қамқорлық та осы қатарда тұруға тиіс. Сондықтан «Заң мен тәртіп» – жай ғана құқықтық ұғымдар емес, қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, елдің гүлденуіне бастайтын өмірлік бағдарлар», – деді Берік Асылов.

Аталған қағидаларды ілгерілету мақсатында Үкімет осы жылы алдағы 5 жылға арналған арнайы тұжы­рымдаманы бекітті. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, олардың құқықтық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуы, заңбұзушылықтарға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру. «Прокуратура – осы жұмыстың негізгі қатысушысы және үйлестірушісі. Біз заңдылық пен тәртіп қағидаларын кешенді түрде жүзеге асырып келеміз. Бұл бағытта мүдделі органдар мен ұйымдармен бірлесіп Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен нақты шаралар қабылданып жатыр. Барлық атқарылған іс-шаралар заң үстемдігін нығайтуға, мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыруға бағытталған. Ең бастысы – азаматтардың конституциялық құқықтарын, адал кәсіпкерлік пен мемлекеттің мүдделерін қорғау», – деді Бас прокурор.

Азаматтардың, әсіресе балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру­дің жақсы мысалдары бар. Биылдың өзінде біздің актілерімізбен 28 мың баланың пайдасына тек алимент бойынша 22 млрд теңге өтелді. Балалар үйінің 366 түлегі мен әлеуметтік осал санаттағы 108 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2,3 мың қызметкерге 2,2 млрд теңге жалақы берешегі өндірілді.

Бас прокурордың сөзінше, бұған қоса 1 300-ден аса шетелдік инвесторға көмек көрсетілді. Олардың ел экономикасына қосқан үлесі – 17 трлн теңге. Қазіргі таңда прокурорлардың бақылауында мыңнан аса инвестициялық жоба бар. Бұл орайда басымдық – отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Кәсіпкерлерге дер кезінде көмектесу жаңа өндірістерді қосып, 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу және 4,5 мың жұмыс орнын сақтау мүмкіндігі туды.

Берік Асыловтың айтуынша, бүгінде елімізде саналы, жауапты, адал, білікті азамат бейнесін қалыптастыруға бағытталған моральдық-адамгершілік негіз жасалып жатыр. Бұл – «Адал азамат» тұжырымдамасының басты мұраты. Мұндай негіздің сонау балалық шақта іргетасы қаланып, отбасында, мектепте қалыптасып, адамның бүкіл саналы ғұмырында тамыр жая түсетінін бәріміз білеміз. Ең бастысы заң мен тәртіпті ұстанатын жастардың жаңа тұлғасын ерте бастан қалыптастырудың негізін қалаған дұрыс. Осыны ескеріп, прокуратура оқушылар мен студенттердің құқықтық санасын арттыруға ерекше назар аударып отыр.

«Мысалы, «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы аясында өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті тәрбиелеу және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында барлық өңірде жүздеген іс-шара өткіздік. Мемлекет басшысы отставкадағы судьялар мен құқық қорғау органдары зейнеткерлерінің қатысуымен мектептерде «құқықтық сағат» өткізу туралы бастамамызды қолдады. Мәселен, Талғар ауданында үш колледж және 20 мектепте 7-10-сыныптарда жалпыға бірдей құқықтық оқыту жобасы іске қосылды. Бұл тәжірибені ел аумағында кеңінен тарату жоспарда бар. Балалар үлгілі мінез-құлықтың артықшылықтарын түсіну үшін әртүрлі әдістер қолданудамыз: тақырыптық дәрістер, үйірмелер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Мәселен, Астанада 100 мектеп оқушысы арасында «Заң және балалар: қатесіз болашақ» атты қойылымдар байқауы өткізілді. Оларда балалар құқық, жауапкершілік, таңдау секілді маңызды ұғымдарды сахнада жеткізді. Алматы облысының 170 мектебінде «Прокурордың жас көмекшісі» клубтары ашылды» деді Берік Асылов.

Сонымен қатар  үйлестіру шаралары қылмыстың алдын алуды тұрақтандыру мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік береді.

«Әсіресе зорлық-зомбылық қылмыстары айтарлықтай қысқарды, яғни елімізде өмір сүру қауіпсіздігі артты. Бұл – барлық мемлекеттік органдардың, азаматтар мен ұйымдардың жүйелі әрі кешенді еңбегінің нәтижесі. Шетелдік сарапшылар да бұған оң баға беріп отыр. 2024 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Еуразия аймағындағы ең бейбіт ел ретінде танылды. Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екенін білдіреді. Алайда бүгінгі таңда бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан киберқылмыстың жаһандық өсуімен бетпе-бет келіп отыр», – деді Бас прокурор.

– Расында да, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, қылмыстық құқықбұзушылықтарды, оның ішінде жасырын түрлерін анықтау және жолын кесу, жаңа қылмыстық қауіптерге жедел ден қою үшін жаңашыл шешімдер іздеп жатырмыз. Бізде бірегей ақпараттық-талдау жүйелері бар. БҚАРК ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл іздестіруде жүрген адамдарды анықтап, ұстауға көмектеседі. Жүйе мемлекеттік органдар мен бейнебақылау камераларының дерекқорлары арқылы адамдардың «цифрлық іздерін» табады. Іздестіруде жүрген адам камераға түскен немесе мемлекеттік қызметке жүгінген сәтте ұсталады. Жыл басынан бері іздеуде жүргендердің саны 2,5 мыңға азайды.

«Заң мен тәртіп» тұжырымда­ма­сында мемлекеттің күші үкімдердің санымен емес, халықтың сенімімен өлшенетін болашаққа апаратын жол екенін баса айтқым келеді. Ал қоғамдық сана қолдамаса, ешбір заң тиімді жұмыс істемейді. Сондықтан бірінен бірін ажыратып қарауға болмайды.

«Заңды сақтау – жазадан қорқу емес, әр адамның ішкі сенімі. Заңды барлығы құрметтесе, қоғамда әділдік пен қауіпсіздік сезімі пайда болады. Әркім кез келген заңбұзушылыққа лайықты жауап беруі, мүлдем төзбеушілік танытуға тиіс. Себебі азамат болу – тек құқық емес, міндет екенін тағы бір мәрте айта кеткім келеді», – деді Берік Асылов.

Заң барлығына ортақ, ал құқықтық сана әр адамның табиғи қасиеті болуы қажет деген  Бас прокурор Конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын нығайтқанын айтты.  Жалпы алғанда, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға әрбір азамат, әр ұйым және барлық мемлекеттік орган тартылуға тиіс. Бұл жұмыстар табанды әрі жүйелі түрде жалғасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.