Иран мен Израиль арасында қайта өршіген қақтығыстан кейін Араб түбегі мен Орталық Азия және Әзербайжан арасында әуеқатынасы тоқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанға бағыт алуы тиіс болған бірнеше рейс кейінге шегерілді. Бір ғана Абу-Дабиде бүгін таңда Алматы мен Түркістанға оралуды көздеген 150-ге тарта отандасымыз әуежай іші мен қонақүй жағалауға мәжбүр. Олардың ішінде қарттар мен балалар да бар. Тасымалдаушы компания өкілдері келтірілген қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды өтінген. Айтуларынша, билет құнын кері қайтару мүмкін емес. «Сондықтан күтуден басқа амал жоқ», – дейді.
Арадағы әуекеңістігінің жабылуына парсы мемлекетіндегі әскери іс-қимыл әрекеттері себеп. Ал ұшақтардың Иран аумағынан басқа бағыттарды айналып өтуі қиынға соғады.
Рейстердің енді қай уақытта орындалатыны нақты айтылмады. «Тек арада 1 тәулік өткен соң жағдай қалпына келеді», – деген болжам бар.
– Билеттеріміз ауысты. Не істерімізді білмей тұрмыз. Мыңдаған адам, бала-шағасымен. Өздері не шешіп жатқанын білмейміз. Енді қайда кетерімізді өзіміз де білмей жатырмыз, – дейді Алматы тұрғыны Мәулен Жетпісов.