Соған орай Сыр өңірінде жас ақын-жазушылардың кезекті шығармашылық додасына құжат қабылдау басталды. Бұл жайында партияның Қызылорда облыстық филиалының мәжіліс залында өткен брифингте партияның аймақтық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов мәлімдеді.
Негізінен «AMANAT» партиясы мәдениет пен өнерге әрдайым қолдау көрсетіп, жас таланттардың шығармашылығын шыңдауға мол мүмкіндік жасап келеді. Атап айтқанда, партияның тікелей қолдауымен жыл сайын ақындар айтысы ұйымдастырылып, жыр мүшәйраларын өткізу дәстүрге айналды. Сонымен қатар БАҚ өкілдері арасында «AMANAT медиа» сыйлығын табыстау да жолға қойылған. Соның ішінде «Ұлы дала» шығармашылық байқауын өткізу бастамасы назардан тыс қалған емес.
«Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылы өткен «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында мұндай доданы өңірлік деңгейде өткізуді тұрақты түрде жолға қойып, жергілікті қаламгерлердің қатыстырылуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Соған сәйкес шығармашылық дода өткен жылы Сыр өңірінде алғаш рет аймақтық деңгейде ұйымдастырылғаны белгілі. Нәтижесінде жеңімпаздар республикалық кезеңде бақ сынады. Бұл жергілікті жас ақындар мен жазушыларымызға шабыт сыйлады. Соның негізінде биыл сындарлы сайыс аймақтық кезеңде екінші рет ұйымдастырылғалы отыр»,- деді брифингте Алмасбек Әбілқасымұлы.
Жалпы, шығармашылық байқауға 18-ден 45 жасқа дейінгі қаламгерге қатысуға мүмкіндік бар. Қатысушылар арнайы бекітілген ереже бойынша іріктеледі. Атап айтқанда, байқауға қазақ тілінде жазылған шығармалар қабылданады. Автор жұмысы бұған дейін ешбір жерде жарияланбаған болуы тиіс. Сондай-ақ іріктеу нәтижесімен бір автор тек бір номинацияға қатысуға мүмкіндік алады. Осы орайда ұсынылған жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылмайтынын да айта кеткен абзал.
«Биылғы жергілікті қаламгерлердің «Ұлы дала» аймақтық шығармашылық байқауы «Проза», «Поэзия» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша өткізіледі. Құжаттар ереже бойынша 16 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Аймақтық ұйымдастыру комитетімен әрбір номинацияға үш орыннан қарастырылып отыр. Жеңімпаздар қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады»,- деп түсіндірді өз кезегінде партияның облыстық филиалының төрағасы.
Алмасбек Әбілқасымұлының айтуынша, байқауға келіп түскен әрбір жұмыс байқау комиссиясымен 10-20 тамыз аралығында қаралады. Үміткерлер өз жүмыстарын арнайы ережеге сәйкес өткізе алады. Атап айтқанда, «Проза» номинациясына 25, «Поэзия» бойынша 15, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 15 беттен аспайтын жұмыстар қабылданады. Автор шығармалары А4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14 мөлшерде, 1,0 аралықта теріліп, материалдар бүркеншік атпен партияның аймақтық филиалының kyzylorda@amanatpartiasy.kz электронды мекенжайына жолданады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 тамызға дейін өткізілмек және әр номинация бойынша жеңімпаздар «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына қатысуға тікелей жолдама алады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы