Билік өкіліне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицей өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерге қауіп төндірген жүргізушіні тоқтатты
Фото: polisia.kz
2,205
оқылды

Шымкентте полицей өз өмірін қатерге тігіп, жолда өзгелерге қауіп төндірген жүргізушіні тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Polisia.kz мәліметінше, 12 маусым күні Шымкентте полиция қызметкерлері агрессивті ер адамның басқаруындағы Daewoo Nexia көлігін анықтады. Құқықбұзушылық жолдағы қауіпті әрекетті анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиясына негізделген цифрлық жүйенің көмегімен анықталды.

Жүргізуші тоқтау туралы заңды талапты елемеген. Кейін тоқтағандай кейіп танытып, полицейлер тексеруге жақындаған сәтте, кенеттен көлікті қайта жүргізіп кеткен.

Құқық бұзушыны тоқтатпақ болған полицейлердің бірі көліктің капотына шығып кеткен. Бұған қарамастан, жүргізуші полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіріп, жоғары жылдамдықпен жүрді. Тек осыдан кейін ғана тәртіп сақшылары көлік құралын тоқтатып, күдіктіні ұстады.

Билік өкіліне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қамтамасыз етіледі. Мұндай әрекеттер қауіпті қылмыстарға жатады және тиісті құқықтық баға алатын болады", - деп мәлімдеді полиция өкілдері.