Астанада сот 40 жастағы ер адамды WhatsApp-қа радикалды сөздерді жібергені үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соттың мұндай шешім шығаруына азаматтың WhatsApp-қа мас күйінде екі аудио хабарлама жіберуі негіз болған.
Оқиға өткен жылдың қыркүйегінде болған. Ер азамат жатақханадағы өз бөлмесінде жатып, сыра ішіп, ұялы телефондағы жүк көлігі жүргізушілердің чатына кіріп отырады. Сол чатта елордада жүк көліктерін өлшеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге байланысты мәселе қызу талқыға түседі. Жүргізушілер арасында наразылық туындап, кейбірі жұмысты тоқтатуды, енді бірі тарифтерді көтеруді ұсынды. Соның ішінде айыпталушы ең ерсі идеяны ұсынады. Ол жүк көліктерін тізбектеп жинап, үкімет үйіне барып, жолды жабу керегін айтқан. Сонымен қатар аудио хабарламалардың бірінде ол өзімен бірге қару алып шығуға шақырған.
15-20 минуттан кейін айыпталушы өзінің артық кеткенін түсініп, дыбыстық хабарламаны өшіріп, ұйықтап қалады. Бірақ оның бұл әрекетінің еш пайдасы тимеді. Өйткені сол чатқа қосылғандардың арасында хат-хабарларды бақылайтын құқық қорғау органдарының қызметкері болған. Ол халықты наразылыққа шақырған аудио хабарламаны ести салып, сақтап қойған.
Кейіннен полицейлер жатақханаға келіп, айыпталушыны бөлімшеге алып кеткен. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, 15 тәулік қамауға алынды. Осыдан кейін бұл іске қатысты толық қылмыстық тергеу басталды.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініп, мастықтың кесірінен әшейін айта салған. Жұртты тәртіпсіздікке немесе билікке қарсы зорлық-зомбылық қолдануға шақыруға ниеті болмағанын айтты.
Әйтсе де, сараптама аудиожазбалардың бірінде адамдарды қарулануға шақырды деп тапты. Міне, сол сөздері істің негізгі дәлелі болды.
Сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 3-бөлігі бойынша жаппай тәртіпсіздікке, билікке бағынбауға және азаматтарға зорлық-зомбылыққа шақырғаны үшін кінәлі деп тапты.
Сөйтіп, сотталушының шын жүректен өкінуі және қайтыс болған ағасының кәмелетке толмаған екі баласын тәрбиелеп отырғанын ескеріп, сот оны екі жарым жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.