Құрамында не бар?
Энергетикалық сусындарда, ең алдымен, кофеин мен таурин деген екі негізгі зат бар. Кофеин – жүйке жүйесін қоздыратын стимулятор, жүрек соғуын жиілетіп, қан қысымын көтереді. Таурин – жүрек пен жүйке жасушаларына әсер ететін аминқышқыл. Бірақ бұл заттардың концентрациясы энергетиктерде шамадан тыс.
– Кофеин – күшті стимулятор. Ол жүрек соғуын жиілетіп, қан қысымын жоғарылатады, жүйке жүйесінің қозғыштығын арттырады. Таурин – жүрек пен жүйке жасушаларына әсер етеді. Бірақ ол табиғи тағамда аз мөлшерде кездессе, энергетикте бірнеше есе көп. Бұл жүрекке үлкен жүк түсіреді. Әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесі әлсіз адамдарға, жасөспірімдерге, жүйке жүйесі тұрақсыз адамдарға өте зиян. Тәжірибемде 16-20 жас аралығындағы балалар энергетик ішіп, жүрек қағысы жиілеп, қысымы көтеріліп, жедел жәрдеммен келген жағдайлар аз емес. Тахикардия, экстрасистолия, бас айналу, жүрек тұсындағы ауырсыну – бұның бәрі энергетикпен байланысты. Кейбір науқастарда энергетик ішуді тоқтатқан соң жағдай жақсарады, бірақ кейбіреулер ұзақ уақыт дәрі ішіп, жүрек ырғағын қалпына келтіруге мәжбүр болады», – дейді кардиолог Сәуле Асқарова.
Маманның айтуынша, жастар энергияны бөтелкеден емес, өмір салтынан іздеуі керек. «Жақсы ұйқы, таза ауада серуен, көк шай, қара шоколад, дұрыс тамақтану – міне, табиғи энергия көздері. Энергетикке үйреніп қалған адамда тәуелділік қалыптасады – ағза энергияны өз бетінше өндірмей, сырттан күтеді. Бұл – өте қауіпті құбылыс».
Ішкі ағзаға да қауіп төндіретін сусын
Диетолог Айнұр Дастанқызының сөзінше қуатты сусындар ағзамыздағы қант мөлшерін, түрлі қышқылдарды шамадан тыс жоғарылатады.
– Энергетикалық сусындардың құрамындағы қант мөлшері өте жоғары, кейбір өнімдерде 6-8 шай қасық қант бар. Бұл инсулин деңгейін күрт өзгертіп, жасөспірім ағзасында метаболизмдік бұзылыстар туғызуы мүмкін. Ұзақ мерзімде семіздік пен 2-типті қант диабетінің даму қаупі артады. Сонымен қатар, бұл сусындар аш қарынға ішілетін болса, қышқыл орта күшейіп, гастрит пен асқазан жарасының пайда болуына ықпал етеді. Тіпті ішек микрофлорасы бұзылып, иммундық жүйеге әсер етеді. Энергетик – тек жүрекке емес, жалпы ішкі ағзаларға да қысым түсіретін сусын, – дейді маман.
Қазақстанда энергетикалық сусындардың сатылымы соңғы жылдары күрт артқан. 2017 жылдан 2022 жылға дейін олардың көлемі 61,7 мың тоннадан 184 мың тоннаға дейін өсті. Бұл – шамамен үш есеге жуық артқан көрсеткіш. Өкінішке орай, бағасына қарамай сіміріп ішкендердің арасында жастардың қарасы көп. Осы орайда диетолог Айнұр Дастанқызы жастарымыздың болашағы жарқын болсын десек, табиғи өнімдерді, ешқандай химиялық қоспасыз сусындарды ішпеуге кеңес береді.
«Жастар өз энергиясын тәтті сусындардан емес, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, белсенді қозғалыс, дәрумендерге бай тағамдар арқылы толықтырғаны жөн. Ағзаның тепе-теңдігі бұзылған сайын, оның табиғи серпінділігі де әлсірейді», – дейді диетолог.
Баламасы бар ма?
Дәрігерлер мен нутрициологтар энергетиктің баламасы бар екенін көптеген жылдар бойы айтып келеді. Олардың зерттеуінде жақсы ұйқы, көп су ішу, дұрыс тамақтану, спорт, контрастты душ секілді дүниелер адам өмірін едәуір жандандырады. Әрі бұл істер сырттан қосымша энергияны талап етпейді.
– Энергияны сырттан емес, іштен іздеңдер. Күніңізді дұрыс режиммен бастаңыз: жылы су ішіңіз, жеңіл таңғы ас ішіңіз, таза ауада серуендеңіз. Тағамдарыңызда В тобының дәрумендері, магний мен ақуыз жеткілікті болсын – бұл табиғи сергіткіш. Энергетиксіз-ақ қуатты өмір сүруге болады, тек дұрыс дағды мен тәртіп қажет, – дейді диетолог.
Энергетикалық сусын – жай ғана сусын емес. Ол – жүрекке, жүйке жүйесіне және қоғамға әсер ететін стимулятор. Дәрігерлердің дабылы, халықаралық тәжірибе және отандық зерттеулер энергетиктерге шектеу қоюдың дер кезінде қабылданған шешім екенін дәлелдейді.
Жастарға денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастырып, табиғи өмір салтын насихаттау – бүгінгі ата-ана мен қоғамның міндеті. Энергияны сырттан емес, ішкі тәртіп пен дұрыс дағдылардан іздеу – ең қауіпсіз жол.
Гаухар Асанқызы