Қазақ өнерінің корифейі, төл өнеріміздің төлқұжаты – Асанәлі Әшімов. Тарих бетінде таспаланған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» және тағы басқа фильмдегі рөлдері – Асанәлі Әшімовтің актерлік қуатын танытқан шығармашылық белес. Таяуда туған күніне орай атамызды жұмыс кеңсесіне іздеп барып, аңыз адаммен бір сағаттан аса әңгімелестік. Өткенін сағынышпен еске алды, күлді, көңілі жабырқады...
Асанәлі Әшімов, КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: Өнер – мен үшін тағдыр
7,189
оқылды

– Асанәлі ата, бүгінде сексеннің сеңгірінен астыңыз. Ғасырға жуық­таған ғұмырыңызға, өткерген белес­теріңізге нендей баға берер едіңіз?

– Біз соғыс жылдарының бала­ларымыз. Алысқа көз тастап қара­сам, балалық шағым сондай ұзақ өткендей көрінеді. Сондықтан мен бір ғасыр жасаған сияқтымын. Өмір­ге ешқандай өкпем жоқ. Кей­де жақсылығын, тіпті кейде жа­ман­дығын да көресің. Өмірдің өзі түрлі кезеңнен тұрады. Барлығы әркез жақсы бола бермейді. Осы уақытқа дейін өмірдің қызығын да, шыжығын да көрдік. Сахнаның өз жақсылығы, сомдаған рөлдер­ім­нің өз рақаты болды. Осының бар­лығы түптеп келгенде өмірімді ұзартады. Мен ылғи актердің екі өмірі бар екенін айтамын: бірі сах­на, экран болса, екіншісі қарапай­ым, яғни сыртқы әлемдегі күнде­лік­ті тіршілігі. Екеуі де өмірде бір-­біріне көмектеседі. Сахнаға ак­тер ретінде түрлі рөлді алып шығасың, ал әрбір рөліңнің тари­хы саған біраз дүниені ұғындырады. Осының бәрі адамның ми талшық­тарын дамытады. Өмірде көп нәр­се білімге байланысты. Егер білі­мің көп болса, сахнадағы ғұмырың ұзақ әрі халыққа берерің мол бол­а­ды. Менің сахнада бір күнде ойнап шыққан қойылымым бір жылға жететіндей нәр береді. Қа­зақта «Отызда орда бұзбаған, қыр­ық­та қамал ала алмайды» деген сөз бар. Расында, әр жастың өзіне бер­іл­ген міндеті бар. Отыз бен қы­рықтың арасы –  актер бар мүмкін­дігін көрсететін, шеберлігі мен тә­жірибесі ұштасатын шақ. Мен отыз­дан асқан шағымда «Қыз Жі­бек», «Атаманның ақыры» сияқты фильмдерде үлкен рөлдерді сом­дап, қырық жасыма дейін сахна мен экранға біршама рөлді алып шығыппын. Осынау он жылға созылған уақыттың ішінде көрер­мен тарапынан үлкен баға алдым. 

– Өзіңізді қалың жұртшылық қазақ өнерінің классикасына айнал­ған әйгілі «Қыз Жібектегі» Бекежан рөлі арқылы жақсы біледі. Кино өн­ер­ін­дегі ұлы бейне сіздің актерлік тағдырыңызға қалай әсер етті?

– Алғаш рет экранға үлкен кей­іпк­ердің рөлін алып шығу, әрине актерге жақсы әсер етеді. Мұндай сәтте көрерменнің ыстық қоше­ме­ті­не, бағасына ие боласың. Халық арасында танымалдылығың арта түседі, рөлің арқылы өсесің. Деген­мен онымен тоқтап қалмай, әрі қарай жоғарыға талпыну қажет. 

Қазақта «Жақсы ит өлігін көр­сетпейді» дейді. Сахнаға шығып, алайда ештеңе тындырмай жүрсең, ол да актер үшін ыңғайсыз болуы мүмкін. Сондықтан көрермен ак­тер­ден үлкен рөлдерді көргеннен кейін олардың ой-пікірі сол қал­пын­да қалуы қажет деп ойлаймын.

Шәкен – өте сирек кездесетін тип

– Сіз кітабыңызда өзіңіз пір тұт­қан үш адамның есімін ерекше атап өтесіз. Шәкен Айманов, Сә­бира Майқанова және бабаңыз Ыс­қақ пірәдар. Осы тұста табиғи дар­ы­ны бөлек Шәкен Айманов тура­лы бірер ауыз сөз қозғасақ. Ол кісі­ден өнер­ден гөрі өмірде көп нәр­се үйрен­геніңізді айтып қалдыңыз. «Мен Шә­кендей адамды кездестір­ген жоқ­­пын, кездестірмеспін» дей­сіз. Режиссердің өмірлік принцип­тері сіздің шығармашылық ұстан­ым­ыңызға қалай ықпал етті?

– Ұстазым әрі серіктесім Шә­кеннің өмірдегі адамшылдық қа­сиеті, дұрыс өмір сүру салтына өзін­-өзі бағыттағаны, жанындағы адамдарға деген көңіл күйі, өмірге деген көзқарасы аса жоғары. Егер ол физика, химия немесе басқа да ғылым саласына бет бұрса, Шә­кен­нен академик шығар еді. Се­бебі қай салаға салсаң да, оның істі соңына дейін алып шығатын таби­ғи таланты бар. Ал бойында табиғи таланты бар адам қай салада бол­масын жарып шығады. Алайда біздің бақытымызға орай Шәкен Айманов өнерге келді, өнерді көр­кейтті. Мен тіпті Шәкенді Қаныш Сәтбаевтан кем емес деп айтар едім. Өйткені адамгершілік, таби­ғи­ дарын тұрғысынан олардың дең­гейі бір. Шәкеннің өмірдегі жүріс-тұрысы, іс-әрекеті маған сабақ болып қалды. Оның аузынан шыққан сөзі, музыкада ойнай білуі, өлең айтуы, жан-жақты да­ры­ны өте сирек кездесетін тип. Осы уақытқа дейін мен мұндай жанды әлі кездестірген емеспін. Барынша Шәкенге ұқсауға тырыс­тым. Кейде мәселенің түйінін тар­қата алмаған кезде «Бұл жағ­дай­ды Шәкен қалай шешер еді?» деп өзіме сұрақ қоямын. Кейде сұра­ғыма жауабымды аламын. Оның актерлік мәнері мен ойын зерделей отырып, өзіме қажетті дү­ние­ге қанықтым. Осының бар­лы­ғы мәселені шешуіме, өз бағ­дар­ым­ды анықтауға көмектеседі. Шәкен өзгеге жамандығы жоқ мейі­рімді адам еді. Кезінде оған қарсы келіп, ісіне басқаша көз­қарас танытқан, теріс пікірі қыз­ған­ыштан туған адамдар да болға­ны рас. Бұл – талантты тұлғалар­дың өмірінде болатын  заңды құбылыс. 

Жағымды рөлді ойнау үшін де жағымды адам болу қажет

– Қазақ сахнасы мен кино өнер­інде сіздің есіміңізбен қатар ата­латын замандастарыңыз өмір жол­ың­ызда қандай із қалдырды? 

– Менің замандастарым Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаң­баев, Фарида Шәріпова, Сәбира Май­қанова сияқты театр сахна­сын­дағы серіктестерім еді. Олар актерлік өнерде мені өсірді. Мен де қолымнан келгенше оларды өсірдім. Сахнадағы серіктестер үнемі бірін-бірі сүйрейді. Осының нәтижесінде ғана театр өнері да­ми­ды. Сәтті құрылған ансамбль – үлкен театр. Менің бақытыма орай, айналамдағы сахналық сер­ік­тестерім мықты болды. Режис­серіміз Әзірбайжан Мәмбетов біз­ді алға сүйреді, біз де оны биік­тетіп жүрдік. Бұл – шығармашылық ұжымның нағыз үйлесімі. Бүтін бір ұжым болып қызмет еткендіктен, барлығы өз саласында өседі. 

Сахнада актер бірде жағымды, кейде жағымсыз рөлді сомдайды. Оның барлығы – актердің күн­де­лікті жұмысы. Егер көрермен жа­ғым­сыз кейіпкерді жек көріп кет­се, демек актердің өз рөлін сәт­ті алып шыққаны. Жағымды рөл­ді ойнау үшін де жағымды адам болу қажет. Ақылсыз адамды сом­дау үшін де ақыл керек. 

– Замандастар демекші, өзіңіз «Әйелдердің Қаллекиі» деп атап кет­кен әкемтеатрдың анасы Сәбира Майқанова туралы әңгіме өрбітсек. Өнерді тұтас өміріне айналдырған, ел жадынан өшпейтін мәңгілік өнер ту­дыра білген театр тарланы бүгін­гінің жастарына несімен үлгі?

– Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова – ха­л­ық арасынан шыққан дарын­дар. Сонау 1930-1950 жылдары теа­трда патриархат кезеңі болған. Араға жылдар салып Сәбира Май­қанова бастаған Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова, Зәмзәгүл Шәріпова­лар­дың келуі­мен матриархат кезеңі басталды. Соның ішінде алғашқы лидер әрі табиғи дарыны бөлек актриса  Сәбира Майқанова еді. Ол театры­мыз­дың бақыты, өнер ордасының өсіп-өнуіне үлес қос­қан жан. Өкінішке қарай, бізде адамдар бір-бірін көзі тірісінде сый­ламайды. Осының нәтижесін­де көптеген құнды дүниені жоғал­тып алдық,  бүгінге дейін сақтап қала алмадық. Олар жайлы жазыл­ып та үлгермеді. Жарқын тұлғалар туралы ауызша деректер айтыл­ғаны­мен, уақыт өте келе ұмытыла бастайды. Олар – тарих. Өмірде де, сахнада да өтірік айтуды біл­мейді. Тіпті, әрқайсысы­на жүзден бір, мыңнан бір шық­қан­дар деп баға беруге болады. Өзге­лерге өтірік айтпай, өмірде шын­шыл әрі адал болған адамды халық жақсы көр­еді. Олардың өнерге адалдығы, өсек-өтіріктен аулақ­тығы, шын­шыл­дығы – шындық мектебі. Қа­зір сол шындық мектебі жоғал­ып бара жатқан сыңайлы. Қазіргі актерлердің кейбірі сахнада дайын сценарийде жазылған сөзін айтып бергенімен, оның астарында қан­дай мән жатқанын тереңінен ұғына бермейді. 

Кезінде актерлер әрбір айтар сөзінің астарына үңіліп, бойына сіңіру арқылы рөлін сахнаға шы­ғарды. Сонда ғана барлық шындық көрерменге көрінеді. Қазір заман өзгерді. Өкінішке қарай, жоғары­дан бастап төменге дейін өтірік көп. Халықтың әл-ауқатын ойла­ма­ғандар көбейді. Олар жай ғана қалтасын толтырған паразиттер. Ал паразиттен жақсы адам шық­пайды. Халықтың тұрмысы наш­ар­лады, рухани аштыққа ұрынды. Мәдениет, әдебиет, ғылым болма­ған жерде өмір – өмір емес. Мен сізге мына нәрсені айтайын, та­биғат пен адам бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі табиғи құ­бы­л­ыстардың өзгеруі, сан түрлі ауру-сырқаудың келуі – адамның ние­тін­е байланысты туады. 

– Сәбира апамыз Бішкектегі сапарында көрерменмен қауышар сәтті күтіп жүрген уақытта күтпе­ген жерден рөлінен алынып тас­тал­ғ­ан екен. Тосын жағдайдан кей­ін актриса жүгін жинап, Алма­ты­ға қайтып кетеді. Осы оқиғадан соң жаны жараланған актриса көпке дейін бұл күйден айыға ал­майды. Тіпті, аурудан оңала алмай қайтыс болды деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас? Сол оқиға есіңізде ме?

– Иә, бұл – Шыңғыс Айт­ма­тов­т­ың  «Ана – Жер-ана» қойыл­ы­мы­мен Бішкек қаласына гас­трольдік сапармен барған уақытта болған оқиға. Сәбира Майқанова, шын мәнінде, Толғанайдың өзі. Ол сахнада кейіпкерінің кейпіне ене біледі. Сол жылдары сахнаға шы­ғар алдында Шыңғыстың айтуы бойынша ма, әлде біреулер араға түсті ме, Сәбираның ренжіп, Ал­маты­ға қайтып келген кезі болған. Осы жағдайдан кейін көпке дейін тұра алмай, ауырып қалғаны да рас. Бірақ бұл оқиға оның өліміне себеп болды деген ақпарат шын­дық­қа сәйкес келмейді. 

– «Өнерде өз жолыңды бірден төр­ден бастайтын жағдайлар да бола­ды. Одан кейін секіре алмай қа­ла­сың» дейсіз. Өнердегі жолын биіктен бастағандар үшін бұл актер­ді күйзе­ліс­ке, құлдырауға ұшырат­пай ма?

– Қыз Жібек пен Төлеген – бас­ты рөлдерді сомдаған актерлер­дің фильмдегі алғашқы рөлі.  Екеуі де халықтың аузында, сомдаған рөлі көрерменнің жүрегіне жетті. Олар өнер­дегі мансабын жоғары­дан бас­та­ды. Осы тұста актер әрі қарай қан­дай рөлмен биіктейді деген сұрақ пайда болады. Әсіресе, бұл кинода жиі болатын жағдай. Актер ең ал­ғаш­қы жолын үлкен рөл­ді сомдаудан бастайды, елдің көңілінен шығады, бірақ әрі қарай қандай рөлдерді ойнайды? Сон­дықтан актерге одан да биігірек рөл қажет болады. Деген­мен бұл актерді құлдырауға әкелмей­ді. Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтек­ешева қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегі болып тарихта қалды. 

Біз актерлік өнердегі мансап жолымызды көпшілік сахнадан бас­тадық. Алғаш кино әлемінде кіші­гірім эпизодтарға қатыстық. Әрине, бұл жақсы. Себебі сен өзіңмен жұ­мыс істеп, мансапта әрі қарай өсе түсесің.

– Шығармашылық адамының өміріндегі атақ пен танымал­дылық­тың рөлі қандай? Ол шынайы өнер мен үздіксіз ізденіске кедергі келтіруі мүмкін бе?

– Жоқ. Атақ-абырой, мемлекет тарапынан келіп жатқан орден – осы күнге дейінгі еңбегіңнің қоры­тындысы, ізденісіңе берілген баға. Бірақ актер бұл бағаға жауап бере білуі қажет. Өзіңе берілген бағадан әрі қарай биіктеуге талпынуың  тиіс. Өнердің ешқашан шыңы бол­маған. Осы уақытқа дейін болдым, толдым, өнердің нағыз шыңына жеттім деген адамды естімедім. Қазір театрдағы балаларды сахнаға тәрбиелеу үшін көркемдік жетекші қызметіне көш­тім. Онымен қоса, өнер акаде­мия­сында сабақ бере­мін. «Жаңа ғасыр» атты жастар театрын аштым.

Өнердегі шекара – адамның жасы

– Ата, «өнер адамы үшін бел­гіленген шекара болмайды» дейді. Сіздің өміріңізде кей кездері сол шекараны бұзған сәттер болды  ма?

– Шекара – адамның жасы ғой. Менің сексен екі жасқа кел­ген­де неміс драматургі Герхард Гауптманның «Ымырттағы махаб­бат» пьеасына қойылған спек­такль­­де рөл сомдадым. Расында, сомдаған кейіпкерім менің өміріме жақын еді. Бұл рөл – халық тұрып қол соғатындай соңғы рөлдерімнің бірі болды. Осы рөлден кейін мен сахнадағы актерлік жолымды жақ­сы әсермен аяқтайын дедім.   

Бір ит оқуға түсіп келдім дедім...

– Сіз үшін өнер – тағдыр ма, әлде таңдау ма?

­– Өнер – мен үшін тағдыр. Мен мектепте суретші болуды арманда­дым. Бірақ онымен қайда баратын­ым­ды білмедім. Бала кез­ім­де актер боламын деп өмірі ар­мандаған емеспін. Тағдыр мені аяқ астынан актерлік жолға қарай ба­ғыт­тады. Кезінде Мәскеуде оқуын тәмамдап келген режиссер Асқар Тоқпанов актерлік бөлім ашып, студенттер қабылдамақшы болды.  Сол уақытта менің қасым­да сыныптас досым Райымбек (актер Райымбек Сейіт­метов – ред) деген жігіт болған. Екеуіз қай оқуға тапсыратынымызды шешпе­сек те, бір мәнісі болар деп Алма­ты­ға қарай жол тарттық. Сол уа­қытта «Казахстанская правда» газетіне консерватория жанынан театр және кино актерлерін даяр­лайтын актерлік бөлім ашылатыны туралы хабарландыру жарияланды. Райымбек хабарландыруды көрген соң қабылдауға алып-ұшып барды. Асқар Тоқпанов Райымбекті бір­ден қабылдапты, тіпті топтың старос­тасы етіп сайлап қойыпты. Соны­мен, Асқар Тоқпанов оқуға жаңа қабылданған жігітке: «Оқуға түспей жатып бастық болдың. Жу­майсың ба?» дейді. Бір күні Рай­ым­бек Асқар Тоқпановты үйге ертіп келген шақта оның көзі маған түседі. Сол сәтте ол маған «Бала, сен қайда оқып жүр­сің?» деп сұрақ қойды. Мен «Сел­хозда» деп жауап қаттым. Біраздан кейін ол «Әй, Райымбек, мына баланы дайындап, ертең емтиханға алып кел» деді. Менің талантым жоқ, домбыра тартып, ән айта ал­май­­мын. Енді әртістер солай болуы қажет деп ойлап жүрмін ғой. Асқар қолын бір-ақ сілтеді. «Азар болса қазақта бір агроном кем болар» деді. Сонда көрген көз жүріс-тұры­сы­мнан, сөзімнен бір нәрсені көрген болуы қажет. Содан кейін Райымбек маған режиссер болып, «Жас гвар­дия» деген романнан Олег Кошев­ойдың монологын түні­мен жаттат­қызды. Ертеңіне консерваторияға бардық. Емтихан уақытында монологты дұрыс айта алмадым. Әйтеуір, бар дайындығы­мыз­дан шыққан өнерді көрсеттік. Комис­сияда отырған төрт адам онша болмаған соң ұната қоймады. Бірақ олардың арасында отырған бір адам «Бала жас қой, әлі үйрене­ді» деді. Ол – Ахмет Жұбанов еді. Ахаңның сол бір сөзімен актерлік факультетке түсіп кеттім.  

Анам соғыс жылдары Кентауда жұмыс істеген уақытта қызмет­шілерге жалақы берілмей­тін. Қыз­меткерлердің бар жинаған азық-түлігі  ұн ғана еді. Күніне жар­ты келі, бір келі ұн жинай бер­ген екен. Досым Райымбек екеуміз бір қап толы ұнды базарға шығып саттық. Сол бір қап ұнның ақша­сына Алматыға оқуға келдік. Анам: «Балам, Алматыға бар, ит оқу болса да түс» деді. Кейіннен актерлік өнерге оқуға түскен уақытта бүкіл туысқан «тұқымы­мыз­да актер шыққан жоқ, бұл оқу­ға түсудің қа­жеті жоқ» деп қарсылық танытты. Анама: «Бір ит оқ­у болса да түс деп едің ғой, бір ит оқуға түсіп келдім» дедім (күл­ді). Бірақ анам қай мамандық бол­масын, ең бастысы, білім алу­ымды қолдады.   

Кейінгі жарты ғасырда ұлы кейіпкер жасалған жоқ

– Өнер мен қоғам – бір-бірін толықтырып тұратын қос ұғым. Бүгінгі қоғамның беталысы өнердің дамуына қалай әсер етіп жатыр? Жаңа өзгерістерге өнер адамы ретін­де көзқарасыңыз қандай?

– Ашығын айтқанда, қазір жо­ғары тараптан өнерге деген көз­қарастың төмен екені байқалады. Жылдар бойы жүздеген маман еңбек еткен киностудияда бүгінде санаулы ғана кадр қалған. Бұрын мем­­ле­кеттен бөлінетін 100 пайыз­дық қаржыландырудың орнына қазір 30 пайыз шамасында қаражат беріледі. «Қыз Жібек» сияқты ха­лық­­­т­ың жүрегіне жол тапқан фильм­­дерден кейін көрерменді дүр сілкін­діретін бірде-бір сапалы туын­ды шыққан жоқ. Нағыз өнер тума­ған­нан кейін көрермен де қа­был­дамай­тыны анық. Кейінгі жар­ты ғасырда ел есінде қаларлық, ұлт­тың жүрегіне жол таба алған ұлы кейіпкер жасал­ған жоқ. Кино өнер­індегі 1970-1980 жылдар – «Қазақ­фильм­нің» алтын ғасыры еді. Се­бе­бі әрбір түсірілім алаңын­да Шәкен бастаған шығарма­шы­лық қайрат­керлері жиналды. Осы­ның арқа­сын­да «Мос­фильм­нен» кейін «Қазақ­фильм» қатарда көш бастап тұратын. 

Киноның тағдыры режиссерге байланысты. Киноны көркем ойды экран арқылы жеткізе ала­тын, ұжымды бір бағытқа ұйыс­тыра білетін режиссерлер жасайды. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожы­қов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қар­сақбаев. Міне, осы төртеуі кино­студияның өркендеуіне жол ашты. Мәселен, «Атаманның ақы­ры» фильмінде ірі планда түсіріл­ген кадр көп. Осындай кадрлар түсіріліп жатқан тұста Шәкен ак­тер­ге тік қарап тұрады. Шәкен тұрғанда өтірік ойнай алмайсың. 

Бағдат – Майраның көшірмесі

– Сіздің өміріңіз өнермен өріліп  қана қоймай, сонымен бірге тағдыр­дың түрлі сынағын өткерді. Қайғы мен қуаныштың тепе-теңдігін қалай сақтай алдыңыз?

– Адам болған соң жан бөлек екен. Майра көз жұмды, екі ұлым кетті, артынан анам алыс сапарға аттанды... Біршама уақыттан кейін өмірді қайта бастадым. Рас, елуден асқан шағымда жақын адамдарым­нан айырылу оңайға соқпады. Май­ра өте сирек кездесетін, жазы­л­уы қиын склеродермиямен ауыр­ды. Бұл уақытта науқастың терісі қарая бастайды. Ауру бүкіл ішкі ағзаның жұмысына кері әсер етеді екен. Еміне шипа іздеп сонау Ресейге, Германияға бардым. Бір­ақ әрекетімізден нәтиже болмады. Майра Германияға барған бойда ес-түссіз күйге түсті. Апам Майра­ны жанындай жақсы көруші еді. Тіпті, өз қызындай тәрбиеледі. Май­ра қайтыс болған кезде апам­ның «Періште болып келіп еді өмір­ге, періште болып кетті-ау» деп жылағаны әлі есімде. Бағдат – Майраның көшірмесі. Ол қар­тай­ған шағымда кездескен жақсы адам болды. Бағдат – адамшыл­дығы мол жан. Өмірде айтқан сөзінен қайтпайтын, өмірі өтірік айтпайтын адам. Бағдат келгелі өмірімнің бәрі қайта басталғандай. 

– «Майраның әні» кітабы – бір жанның тағдыры ғана емес, сіздің тұтас өмірлік тарихыңыздың да айна­сы. Сол кітапта көрініс тапқан естеліктерді қайта еске алып, Май­ра апамыздың сіздің өнер адамы ретінде қалыптасуыңызға тигізген әсерін айтып берсеңіз…

– Майрамен кездесу – өмірім­де болған бүтін бір тарих дер едім. Ол да үлкен тағдыр. Студенттік жылдары екеуміз консерваторияда бірге оқыдық. Ол қаланың қызы бол­са, ал мен ауылдың баласымын. Ауыл­дағы үлкендердің айтуы бо­йынша, қаланың қыздары үйдің тіршілігіне икемі болмайды деп ести­тінбіз. Сондықтан мен бастап­қыда Майраға аса мән бере қойма­дым. Бірге дәлізде бір-бірімізді көріп қалатынбыз. Бірде жаңа жыл­­дың балында Майраны биге шақырып, барлығы сол биден бас­талып кетті. Майрамен шаңырақ көтерген соң ол маған басынан-ақ: «Тек өз жұмысыңды біл, үйдің тіршілігіне араласпай-ақ қой» деп ашып айтты. Содан бері үй тір­шілігіне де, бала тәрбиесіне де аса араласпадым. Таңнан кешке дейін театрда жұмыс  істеп, сомдайтын рөлдеріме көбірек көңіл бөлдім.

 Майра о дүниеге аттанған уақытта «Майраның әні» атты кі­тапты жазамын деп ойлаған жоқ­пын. Бұл көңілімді жұбату үшін Майрамен әңгімелесейін деп жазыл­ған кітап. Жаза бердім, жаза бердім. Бір күні Ақселеу досым жазбаларымды оқып отырып: «Бұл кітап қой, мұны баспадан басып шы­ғару қажет» деп ұсынысын білдірді. Кейіннен Мұхтар Құл-Мұхаммед кітапты басып шығарды. 

– Өткен өміріңізге «ризамын» деп айта аласыз ба?

– Өміріме өкпе арта алмаймын. Балалық шағым сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де,  анамның қамқорлығының арқа­сын­да жетімдіктің тауқыметін сезі­не қоймадым. Балалық кезеңде де, одан кейінгі өмірімде де ауыр трагедияларды бастан өткердім.  Дегенмен өмір деген солай ғой. Өмірдің жақсылығын да, жаман­дығын да көрдім. Шаңырағым шайқалмады. Жақсы өмір сүрдім деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет, ата! Ғұмырлы болыңыз!

Сұхбаттасқан Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ