«Араағайын» болу абақтыға апарады
Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын қарауға алды. Оның Мәжілісте талқыланған кездегі бастапқы атауы – «Кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» болған еді.
Төменгі палата заңжобаны 28 мамырдағы отырысында екінші оқылымда қабылдады. Сенаторлар құптаған соң ол Президенттің қол қоюына жолданады. Мемлекет басшысы қолтаңбасымен бекітсе, заң бірінші ресми жарияланған күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткенде күшіне енеді.
Жаңа заң жобасы ел тарихында алғаш рет «дропперлік», яғни адамдардың «банк карталары мен шоттарын өзгеге заңсыз бергені үшін» қылмыстық жаза енгізбек. Бастамашыл депутаттардың сендіруінше, бұл ұрлау не алдау жолымен табылған қаражатты жылыстату және заңдастыру схемаларында дропперді пайдалануға қарсы жаңа тетікке айналады.
Сарапшылардың түсіндіруінше, дроппер дегеніміз – заңсыз алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар пайдаланатын адам. Кейбірі заңсыз екенін біле тұра, белгілі бір ақыға өз картасына не банк шотына алаяқтардың қаржы аударуына рұқсат етеді, содан соң ол қаржыны банкоматтан, кассадан шешіп алып, қаскөйлерге табыстайды.
Осы сорақылықтың бәрі үшін ешқандай жаза қарастырылмады. Өйткені сала заңнамалық реттеуден тыс қалған, ұлттық заңнамада тіпті «дроппер» ұғымы болмады. Тиісінше, құқық қорғау органдарының түсіндіруінше, дропперді – өз атындағы банк карталары мен шоттарын өзгелерге беретіндерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіз болмады.
Салдарынан әлі күнге дропперлер куәгер ретінде өтеді. Оның сол қызметі үшін ақы алғаны дәлелденсе ғана алаяқтыққа көмектесуші ретінде жеңіл жаза тартады. Сондай-ақ азаматтық талап қою арқылы 800-дей құрбанның өзінен ұрланған жалпы сомасы миллиард теңгедей ақшаны дропперлерден өндіріп алуының деректері тіркелді.
Жоғарыда аталған жаңа заң жобасымен Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бабы енгізіледі. Оған сәйкес, Қазақстанда «банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру» үшін қылмыстық қудалау қолданысқа енгізілмек.
Заңнамалық түзетулер дропперді шынайы мерзімге соттауды қарастырады. Атап айтқанда, алаяқтарға өзінің банк шотына қолжетімділікті заңсыз ұсынған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Төл банктік шотын пайдалану арқылы үшінші тұлғаларға заңсыз ақша аудару және төлем жасау үшін 5 жылға дейін темір торға қамау белгіленбек.
Ел арасында «дропповодтар» деп аталатындарды, яғни дропперлердің қызметін ұйымдастырып, пайдаланатын адамдарды өзгенің банктік шотын басқаруға заңсыз қол жеткізгені үшін 7 жылға дейін түрмеге отырғызу көзделеді.
Сонымен қатар жаза басып, өз айыбын мойындағанға жеңілдік болады: жаңа бапта көрсетілгендей, аталған құқықбұзушылықты бірінші рет жасаған, ол туралы полицияға ерікті түрде мәлімдеген, сондай-ақ қылмысты ашуға немесе оның алдын алуға көмектескен адам, егер ол басқа қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы болмаса, онда қылмыстық жазадан босатылады.
Банк қызметкері дропперді демей ме?
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов алаяқтарға, дропперлерге кейбір пайдакүнем банк қызметкерлері көмектесетініне назар аудартты. Сондықтан да бұл саланы заңнамалық реттеу маңызды.
– Мұның қарапайым азаматтарға қатысы бар. Халықпен кездескенде ең көп айтылатыны да – банктік алаяқтық. Бүгінде барлық алаяқтық қашықтан, электронды жасалады. Халыққа қорған бола алмай отырмыз. Елді аралағанда жұртшылық: «Астанада отырып сіздер көп нәрсені білмейсіздер!» деп ренжиді. Қабылдауыма Қостанайдан бір азамат келді. Ақпанда банкке барғанда оған несие беруден бас тартылады. 3 ай өткенде, небәрі бір күнде оның атына 4 банк алаяқтарға несие берген! Оның табысын да ешкім тексермеген. Ол ақша бірден басқа адамдар атына аударылып, дропперлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Банктер бізді әдемі сөздермен алдарқатады, бірақ мәселені шешуге асықпайды, – деді М.Әбенов.
Банк қызметкерлерінің дропперлерге дем беретінін бұған дейін «аманаттық» депутат Ринат Зайыт та мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, жаңа заман мен технологияларға жылдам бейімделген жылпостар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген адамдарды зарлатады.
– Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Сорақысы, көптеген алаяқтық жасау фактісі не банктің, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағандының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнеткерліктегі жалпы жиыны 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған. Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің алаяқтарға азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені анықталған, – деді депутат.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында кибералаяқтыққа ықпал еткені үшін банк қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 250-бабы бойынша – 15 іс, 254-бабы бойынша 17 іс қозғалды. Қалаулылар заңда банктердің киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндеттелмегенін, оларға ешқандай жауапкершілік жүктелмегенін айтады.
«Осы әділетті ме? Жоқ. Алаяққа жем болып, банкте сақтаған жинағынан айырылып, мойнына жоқ жерден несие жүктелген жандарға банктер жұдырық жұмсап, шоттарын бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат! Сәл қиналса, мемлекеттен миллиардтаған ел қаржысын қайтарымсыз алатын, несиеден ойына келген сыйақысын жинайтын қайрымсыз банктер өз қателіктеріне жауап беруден жалтарып, қашанға дейін тайраңдамақ?! Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді ғой. Ата Заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы банк емес, халық!» – деді Р.Зайыт.
Миллиардтаған қарыз «кешірілді»
Мәжіліс депутаттары шоттағы қаржының сақталуына банк жауапты болғандықтан, алаяқтықтан келген зардап пен барлық шығынды банктерге өзі өтеуге міндеттеуді ұсынды.
Жалпы, алаяқтықпен, соның ішінде дропперлікпен күрес мәселелерін жауапты мемлекеттік органдар бірнеше рет Президент Әкімшілігінің және Бас прокуратураның алаңдарында талқылады. Бірлескен жоспарлар аясында қаржылық алаяқтыққа қарсы тұру және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бойынша нормативтік және практикалық сипаттағы бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр.
2024 жылғы 19 маусымда Президент «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Бұл заң клиенттің қатысуынсыз алаяқтар рәсімдеген несиелерді банктердің құрбаннан өндіріп алуына және осыны талап етіп, олардың үстінен сотқа шағымдануына тыйым салады. Ондай несиені енді банктің өзі есептен шығаруға және осындай банк қарызы бойынша бұрын ұсталған, төленген сомаларды клиентке қайтаруға міндетті.
Бас прокурор Берік Асыловтың мәліметінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерді орындау аясында тергеу кезеңінде 1 мыңнан астам жәбірленушінің 1,5 миллиард теңгеден астам сомадағы кредитінің қарызын өндіріп алу тоқтатылды. Сондай-ақ банктер жәбірленушілердің 1,6 миллиард теңгеден аса қарызын есептен шығарды.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жәбірленушілерге «дропперден» келтірілген залалды азаматтық сот ісін жүргізу арқылы (ҚР АК 953-бабы) өз бетінше өндіріп алудың тәртібі түсіндіріледі. Сол арқылы 2024 жылы 800 жәбірленушінің талап арызы бойынша 1 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді. Қаржылық алаяқтыққа қарсы қосымша тетіктерді іске асыру үшін Үкімет жаңа Жол картасын бекітті. Ол 35 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде банктер мен МҚҰ жауапкершілігін реттеу, жәбірленушілердің ақшасын өтеу, сондай-ақ кредит беру кезінде «ойлану кезеңін» енгізу, сөйтіп, ақша аудару мерзімін кідір-ту мәселелері қарастырылған, – деді Б.Асылов.
Банктегілердің алаяқтарға көмектесу деректері әшкереленді. Бас прокурордың ақпаратынша, соңғы екі айда қаржы ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану (ҚК-нің 250-бабы) және өз міндеттеріне адал қарамау (ҚК-нің 254-бабы) фактілері бойынша 67 қылмыстық іс тіркелді.
Қорыта айтқанда, бұл бағытта біраз шара қабылданып жатыр. Осы санаттағы қылмыстарға қарсы іс-қимылға бағытталған бірқатар шара әзірленіп, оны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар айқындалды. Енді көп нәрсе жоспарланған жұмыстардың орындалуына, заңмен бекітілген жаңа тетіктердің тиімді қолданылуына байланысты болады.
Елдос СЕНБАЙ