– Президент Радевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл – біздің ортақ өркендеу жолындағы ықпалдастығымызға қозғау салады. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Болгария арасында берік әрі өзара құрметке негізделген саяси және дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстан Болгарияны достас ел әрі өте маңызды стратегиялық серіктес санайды. Дегенмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықта пайдаланылмаған әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы байланысты жандандыруда Қазақстан-Болгария экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы маңызды алаңға айналады деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміз экономикалық ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға дайын екенін жеткізіп, басым бағыттарды атап өтті.
– Бірінші – көлік қатынасы. Қазақстан мен Болгария географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан. Еуразияның қақ ортасында тұрған біздің еліміз құрлықаралық байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Орта дәліз инфрақұрылымын дамытудың арқасында, яғни, заманауи теміржолдар, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтар сала отырып, Шығыс пен Батыс арасын бұрынғыдан әлдеқайда тиімді жалғаймыз. Былтыр аталған дәліздің бойымен тасымалданған жүктің көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Бұдан осы бағыттың маңызы арта түскенін аңғаруға болады. 2028 жылға қарай жолдың жүк өткізу мүмкіндігі 10 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемін арттыруға ниеттіміз және Қара теңіздегі негізгі логистикалық орталық – Бургас портының Орта дәлізге қосылуын құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент орнықты энергетиканы перспективті бағыттың бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның жаңартылатын энергия саласы айтарлықтай ілгеріледі. Бұдан бөлек, отандық агробизнестің әлеуетін арттыруға баса назар аударылды.
– Біздің ауылшаруашылық өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Жыл сайын нарыққа 8 миллион тоннадан астам бидай мен екі миллион тонна ұн шығаратын Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Болгариялық серіктестерімізбен ет пен сүт өнімдерін, бал, өсімдік майын өндіруде ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Шымкент қаласында ет өңдеу ісіне инвестиция құюды көздеп отырған Lekkerbek компаниясының ниетін қолдаймыз. Бұл жоба заманауи технологиялар енгізіп, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев болгариялық серіктестермен фармацевтика секторында ықпалдастық орнатудың әлеуеті зор деп санайды. Президент өз сөзінде цифрлық трансформацияға баса назар аударды. Сонымен қатар Қазақстанда мемлекет те, жеке сектор да өз істеріне озық цифрлық шешімдерді кеңінен енгізіп жатқанын айтты.
– Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын әзірлеуді қолға алдық. Осылайша, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан алғашқы елге айналдық. Озық ІТ инфрақұрылым жасақтау, соның ішінде суперкомпьютерлер мен мәліметтерді өңдеу орталығын құру Қазақстанның келешектегі дамуының өзегі болмақ. Қазақстанда Crypto-
City пилоттық аймағы дайындалу үстінде. Мұнда криптовалютаны күнделікті сауда жасауға, қызметтердің ақысын төлеуге және экономикада кеңінен пайдалануға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Болгария компанияларын Астана халықаралық қаржы орталығы ұсынатын мүмкіндіктерді зерделеп, қарқынды дамып келе жатқан АХҚО экожүйесіне қосылуға шақырды. Сөз соңында Президент Қазақстанның Болгариямен барлық бағыт бойынша серіктестікті тереңдетуге дайын екенін растады.
Ә.МҰХАНБЕТ