Латиф Абдулхайұлы Хамиди бүкіл шығармашылық ғұмырын қазақ музыкасының дамуына арнаған бірегей тұлға. Ол қазақ кәсіби музыкасының іргетасын қалаушылардың бірі, дәстүрлі ұлттық саз бен кәсіби музыканың тоғысында тұрып, қазақ мәдениетінің рухани биігін көтере алған дара композитор. Ұлты татар болғанымен, қазақ дәстүрлі музыкасының білген, үйренген, меңгерген аздың бірі еді. Оның «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндері мен «Абай» операсы – халқымыздың музыка тарихында алтын әріппен жазылған туындылар.
Латиф Хамиди 1906 жылы 17 шілдеде бұрынғы Қазан губерниясының Зөя уезінде (қазіргі орысша атауы – Свияж) дүниеге келген. Әкесі шахта мен зауытта жұмыс істеп, отбасын асырау үшін Ресейдің әр түкпірін аралап жүрді. 1913 жылы Хамиди отбасы Өзбекстандағы Каттақорған қаласына қоныс аударады. Сол жерде Латиф алғаш рет мектепке барып, музыкамен таныса бастайды. Мектепте ән-күй, сурет, әдебиет сабақтарына ерекше қызығушылық танытып, ұстазы Гимат Темірболатовтың көмегімен мандолинаны тез меңгеріп, концерттерде өнер көрсетеді. Музыкалық қабілетімен қатар, әдебиетке де әуестігі байқалып, жас кезінде өлең, әңгіме, мақалалар жазған. Оның алғашқы туындылары балалар журналына жарияланған.
Араға біраз уақыт салып Ташкентке көшіп барады. Бұл 1920 жыл болатын. Ол қала сол кезеңде Түркістан өлкесінің мәдени және білім ордасына айналған еді. Мысалы, аса көрнекті ғалым Нұрғиян Кетегенова сол кездері жайлы келесідей жазады.
“Қалада тек өзбектер ғана емес, сонымен қатар қазақтар, татарлар, ұйғырлар және басқа да ұлт өкілдері тұрды. Бұл халықтардың әрқайсысының өз Оқу-ағарту институты болды. Ол жерде көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істейтін. Студенттер өзара араласып, концерттерге барып, басқа халықтардың мәдениетімен танысып жүрді. Латиф Хамиди дәл осы жерде алғаш рет қазақтың халық әндері мен күйлерін естіді. Әсіресе, оған Құрманбек Жандарбековтің орындауындағы қазақ әндері мен өзі құрған және қыз-жігіттер хоры ерекше әсер қалдырды”.
Кейін композиторлық өнерді меңгеремін деп, алыстағы ел ордасына аттанады. Мәскеудегі музыкалық техникумда оқып, кәсіби білім алады. Мұнда ол өзіне қызықты пәндерді құлшына оқып, бірқатар шығарма жазады. Сонымен қатар сол уақытта татардың атақты ақыны Мұса Жәлилмен жақын дос болып, балаларға арналған әндер жазуда тығыз шығармашылық байланыс орнатады.
“Дәл осы Мәскеуде Л.Хамиди сол кезде қазақ драма театрының бас режиссёрі болған Жұмат Шанинмен және кеңес әндерін қазақ тіліне алғаш аударған ақын Асқар Тоқмағамбетовпен танысады” деп жазады Н.Кетегенова. Осы кездесу кейін композиторды Алматыдағы қызметке шақыртуға себеп болады.
1933 жылы Латиф Хамиди Қазақ драма театрына шақырылып, музыкалық бөлімді басқаруға кіріседі. Бұл кезең қазақ мәдениеті үшін бетбұрысты уақыт еді. Л.Хамиди театр сахнасына арналған алғашқы шығармаларын – А.Тазетдиновтің «Документ» пьесасына және М.Әуезовтің «Түнгі сарын» драмасына (С.Шабельскиймен бірге) музыка жазады. Бұл туындылардың сәтті шығуы оның кәсіби беделін арттырып, ұлттық музыкалық театрдың құрылуына жол ашады.
1934 жылы Қазақстанда алғаш рет халық таланттарының үлкен слеті өтеді. Хамиди осы шарада халық арасынан шыққан әншілер мен күйшілердің өнерін жазып алып, ұлттық мұраны жүйелеуге өлшеусіз үлес қосады. Сонымен қатар композитор бір жылға Семейге іссапарға аттанып, сол жақтың театрының іргетасын қалауға атсалысады. Бос уақытында Семей маңын аралап, ән мен күйлерді жазып жүрсе керек. Сол кездесулердің бірінде Абайдың жақын туысы Әрхам Кәкітайұлымен жолығып, ақынның бірқатар әнін жазып алады. Бұл материал кейін «Абайдың музыкалық мұрасы» жинағына енгізілді. Әрі “Абай” операсы жазылғанда пайданылды.
Музыка зерттеушілердің бірауыздан келісетіні Латиф Хамидидің шығармашылығының ең биік тұсы - Ахмет Жұбановпен бірге жазған «Абай» операсы. Бұл туынды 1944 жылы сахналанып, ұлттық опера өнерінің тұңғыш әрі жарқын үлгісіне айналды. Композитордың халық музыкасына деген терең сүйіспеншілігі мен классикалық музыканы меңгеруі осы операда толық үйлесім тапты.
"Операда айқын көрсетілген ұлттық стиль, жоғары кәсіби деңгейі арқылы өзінің тыңдаушысын тапты. Опера ұлы Абайдың 100 жылдығына арналған. Премьерасы 1944 жылы желтоқсан айының 24 жұлдызында өтті. Сол кезден бастап опера сахнадан түсіп көрген жоқ. Операның алғашқы қойылымынан кейін, театр ұжымының деңгейі көтерілгеніне және шығармашылық кемеліне толып жетілгеніне байланысты, театрға Абай есімі берілді. Содан бері театрдың әрбір жаңа маусымы осы операның қойылымынан басталады", - деп жазады өнертану ғылымдарының докторы Ү.Жұмақова.
Кейін Л.Хамиди «Жамбыл мен Айкүміс», «Төлеген Тоқтаров» секілді опералар, кинофильмдерге музыка, хорға арналған шығармалар жазады. Оның «Қазақ вальсі» және «Бұлбұл» әндері бүгінгі күнге дейін халық арасында кең таралған.
«Қазақ вальсі» ұлттық қазақ музыкасы тарихында тұңғыш вальс ретінде енді. Бастапқыда қазақтар үшін бұл шығарманың полиритмиялық құрылымы тосын, тіпті оғаш көрінген. Алайда батыл бастамалар вальс жанрына жаңа леп алып келді. Нәтижесінде,бұл вальс халық тарапынан жылы қабылданды. Жарқын, қанатты, көңілді, иілгіш әрі табиғи, нәзік те әсем әуездермен байытылған «Қазақ вальсі» кейінгі барлық қазақ вальстерінің бастамасына айналды, - деп жазады Н.Кетегенова.
Латиф Хамиди хор музыкасын дамытуға ерекше мән берген. 1958 жылы оның өңдеуіндегі халық әндерінен құралған хор жинағы жарық көріп, студенттер мен кәсіби ұжымдар арасында кеңінен қолданылды. Оның шығармаларында қазақ әнінің бір дауыстылығы бұзылмай, полифониялық өңдеулер арқылы көркемдік биікке көтерілді.
Ол 25 жылдан аса Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық қызмет атқарып, болашақ музыканттарға оркестровка, партитура оқу, домбыра мектебі секілді пәндерден сабақ берді. «Домбыра мектебі» (Б.Ғизатовпен бірге), «Домбыраға арналған этюдтер», «Өңдеуге арналған тапсырмалар жинағы» атты еңбектері – бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған құнды оқу құралдары.
Л.Хамиди – Қазақстан Композиторлар одағының белсенді мүшесі, түрлі музыкалық конкурстар мен фестивальдердің әділқазы алқасының тұрақты төрағасы болды. Ол шығармашылықпен қатар, публицистикамен де айналысып, замандастары – Мұса Жәлил, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Жұмат Шанин туралы естеліктер, мақалалар жариялап отырды.
1976 жылы Латиф Хамидидің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтіп, оның қазақ музыкасына сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Ол үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Қазақстанның халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атақтары берілді.
Латиф Хамиди Қазақстанда тумағанымен, өнерін танып, түсініп, қазақ халқының мұң-шерін, қуанышын, арманы мен болмысын музыка арқылы бейнелей білген ұлы композитор. Оның есімі қазақ халқының мәдени тарихында алтын әріппен жазылды.