Қытай мұрағаттарында қазаққа қатысты мәліметтер бар екені мәлім. Ол жерге кіру қиынның қиыны болса да, Қойшығара Салғараұлының жолы болып, қажетті деректерін алған екен.
Бұл жайлы жазушының өзі жас журналистермен кездесу кезінде айтып берді.
Тарих атасы Сыма Цяньның еңбектері мені жарық дүниеге қайта алып шықты. Қытайда жүріп тарихты зерттеп, роман жазып бастадым. Ол кезде біздің не бір тарихшымыз, не бір жазушымыз Қытайдың мемлекеттік мұрағатына кіріп көрмепті. Ал кімнен сұрасаң да «біздің тарих – Қытайда» дейді.
Мен мемлекеттің қолдауымен Қытайдың мұрағатына кіріп, халқымыздың тарихын түгендедім. Бірақ Қытай жоқтан құпия жасайтын ел. Сондықтан мен ол жаққа өзімді жазушымын деп таныстырдым. Мен архивтің директорын үйге шақырып: «Қазақта егер жол түсіп шетелге бара қалсаң, алғашқы кездескен адамың сенің туысың болады» деген мақал бар деп айттым. «Қазақстанға келсең сенің туысың мен, Қытайға келсең менің туысым сен. Қытай мен қазақ бүгін араласып жатқан жоқ. Көптеген ғасырда айтыс та, тартыс та, шабыс та болды. Мен осы халықтың тереңге сүңгіген достығын жазайын деп келдім. Басқасында шаруам жоқ» дедім.
Содан кейін олар мен іздеген кітаптарды лезде тауып отырды. Олардың мұрағаты бір қаладай. Әр кітаптың үш түрлі нұсқасын береді. Біреуі қазақша, біреуі мандюрша, біреуі қытайша. Осылай мен біраз пайдалы мағлұмат алдым. Міне, бұл жақсы адамдардың көп кездескенінен.
Сұхбатты мына сілтемеден толық оқи аласыз.