Машинист шұғыл тежеуді дер кезінде қолданып, соқтығысудың алдын алды. Бұл туралы ҚТЖ АҚ хабарлады.
«2025 жылғы 7 маусымда Тараз-Шу учаскесінің күзетілмеген өткелінде (Жамбыл бөлімшесі) жолаушылар пойызының локомотив бригадасы трактордан ағытылған және жолда қалған тиелген тіркемелермен соқтығысудың алдын алды. Машинист шұғыл тежеуді дер кезінде қолданды. Пойыз тіркемелерден екі метр қашықтықта тоқтады", – делінген хабарламада.
Осылайша локомотив бригадасының кәсібилігі мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында жолаушылар пойызы апаттан аман қалған.
"Тіркемелер теміржолдан тез алынып тасталды, содан кейін пойыз жүрісін жалғастырды. Ақпарат құқық қорғау органдарына берілді. ҚТЖ теміржол өткелдерін кесіп өту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Теміржол – қауіпті аймақ, сондықтан талаптарды орындамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін", – деп ескертті ҚТЖ баспасөз қызметі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.