Ұлт жадында сақталған экологиялық танымды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы қайта жаңғыртып, жаңа сипат берген жайы бар. Осылайша, Президент ауасы саумал, құрағы кілем жазира даланы, ақбас таулар мен сулы-нулы өлкені болашақ ұрпаққа саф күйінде қалдырудың заманауи миссиясын бастады. Ал осынау бастамаға үн қосу, қолдау, қоршаған ортаны қорғау бүгінгі ұрпақтың туған жер алдындағы перзенттік парызы болса керек.
«Таза Қазақстан» ел беделін арттырады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл бастама – кейбір жан үстірт түсініп, тіпті солай өзгеге ұғындырып жүргендей жай ғана экологиялық акция емес. Шынында, бұл – Қазақстанымыздың көркем келбетін жаңартатын, азаматтардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеретін, тіпті халқымыздың өмір салтын оңға өзгертетін, мінез-құлқы мен ой-өрісіне игі ықпал ететін жүйелі өзгеріс.
Сондықтан түпкі мәні – тазалық пен тәртіпті нығайтуға, табиғатты аялап сақтауға, мәдениетсіздікке, вандализмге және қоғамдық тәртіпті бұзуға төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған бұл қайырымды идеология Президенттің өзі ұсынған «Адал адам» тұжырымдамасының бір тұғырына айналды. Өз кезегінде «Таза Қазақстанды» ұстын еткен, балалар арасында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге бағдарланған жаңа «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы балабақшалар мен мектептерде енгізіліп, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысында басшылыққа алынып жатыр.
«Таза Қазақстан» қазақ елінің әлемдегі халықаралық беделін арттыруға да оң әсер етеді. Ол жер-жаһанға Қазақстан халқының табиғатқа жанашырлығын, жақсылыққа бейім-бейіл тұратынын, жүрегі кең, пейілі ақ, ниеті таза екенін паш етеді. Тіпті, бір қарағанда ұсақ-түйек көрінер жайт: әлемнің түрлі еліндегі әр алуан спорт сайысынан соң қазақ жанкүйерлерінің стадионның, спорт кешенінің өзі отырған бөлігін тазалап, қоқысты жинап алып кететіні бірнеше рет шетелдік әлеуметтік желілерде резонанс тудырып, өзгені тәнті еткені бар.
Мұндай жайттар мейірімділік, қамқорлық, тазалық пен ізгілікке тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз екенін көрсетеді. Осы игілікті құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына берік сіңіруде ел Президентінің 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы үлкен рөл атқарады. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 21 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліндегі сөзінде ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екенін нықтады.
– Тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатырмын. Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – біркүндік акция емес, ендігі өміріміздің салты! «Жас келсе – іске» деген. Бүгінгі жасты табиғат қорғау идеясы біріктіріп отыр, – деді Президент.
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» елімізде волонтерлікке тың серпін берді. Ал ерікті болу, ең алдымен, нағыз отаншыл азамат, патриот болу деген сөз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы бастама аясында кәсіпорындар мен кәсіпкерлер экологияны жақсартуға зор үлес қосып жатқанын жақсыға жорыды. Президент «Таза Қазақстан» аясында өте ауқымды жұмыс атқарылғанын, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, су көздері тазартылғанын тілге тиек етті.
«Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» акциясы жақсы дәстүрге айналғанын жеткізді. Осы шара шеңберінде елде небәрі үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егіліп, орман алқабын толтырды. Айналаны жинау, ағаш отырғызу арқылы біз жайлы да таза қоршаған орта қалыптастырамыз. Ал тазалық пен тәртіп – дұрыс өмір салтын ұстанудың басты көрінісі.
Мұның сыртында, бастама аясында экологиялық ағарту ісіне айрықша көңіл бөлінеді. Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу сияқты аса маңызды мәселелерге мән беріледі, бұл қоғамның қалыпты қағидатына айналады. Мемлекет басшысы мұны да «Таза Қазақстанның» негізгі бағыттарының бірі деп атады.
Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Бұл, әрине қуантпай қоймайды. Кезінде «Азия жолбарыстары» атанған Сингапур, Оңтүстік Корея, Индонезия және басқа да ел өркениет өрісінде өркендеуді экологиялық тазалықпен үйлесімде өрбіткені айқын. Яғни, Табиғат-Анамызға жанашырлық танытсақ, оның да алпыс екі тамыры иіп, баласына – қазақ еліне жол ашады, өрлеу бағытына шуақты нұрын төгеді.
Жасампаз бастама жалғаса береді
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әртүрлі маңызды іс-шараның биік мінберін пайдаланып, жұртшылыққа «Таза Қазақстан» бастамасының түпкі мән-мағынасын түсіндіруге тырысады. Мысалы, жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында да елдегі барша этносқа қатысы бар осынау идеологиялық маңызды іске әрбір қала, ауыл, көше мен ауланың тұрғындарын жұмылдыру керегін қадап айтты.
–Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді. Мұның бәрі Қазақстанды жайлы әрі өмір сүруге қауіпсіз аумаққа айналдыруға бағытталған күш-жігер нәтижесі. Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз! Менің бастамаммен былтырдан «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. «Таза Қазақстан» – бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді! Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Тазалық – қазақ үшін киелі сөз. Ар-ұжданы таза адам ардың ала жібін аттамайды, отбасына да, Отанына да опасыздық жасамайды. «Қазақстан – ортақ үйіміз!» деп үнемі айтамыз. Олай болса, еліміз, яғни ортақ шаңырағымыз таза, тартымды, жайлы болуы керек. Бұл үшін тазалық әр үйден, әр ауладан басталуы керек. Осы айтылған сөздердің астарында тұнған темірқазықтай қастерлі құндылықтарды, жазылмаған заңдылықтарды ұрпаққа өнеге, өсиет етіп, өзі тағылымды тәрбие, ұлағатты үлгі көрсетіп жүрген аға буын өкілдерінің бірі – елорда тұрғыны Серікбай ақсақал (қарапайымдылық танытып, тегін көрсетпеуді сұрады). Ол сенбіліктер кезінде қасына қолындағы екі немересін ертіп, аула мен көшені тазалауға, көшет егуге тұрақты қатысып, көзге түсіп жүр.
– Бала кезімде анам арайлап атқан таңмен бірге тұрып, мені де оятып, аула сыпыртып, үй жинатып қоятын. Мал жайлау шаруасы да менің мойнымда. Жалпы, шынашақтай шағынан тазалыққа, ұқыптылыққа бой үйретсе, бала жауапты, тәртіпті әрі жанашыр болып өседі деуші еді анам. Жасым жетпістен асты. Балалық әдеттерім қалды. Осы жасқа тың жетуіме сол септесті деп санаймын. Таң азанда тұра сала жұмыс құралдарын алып, аула тазалаушыға қал-қадари көмектесіп, сыпырып, қоқыс жинап, ағаштардың түптерін қопсытамын, қыста қар күреймін. Сенбіліктерден қалмаймын, – деді ақсақал.
Ол ғаламтор үстемдік еткен қазіргі заманның жасын еңбекке баулу, тазалыққа үйрету маңызды екенін, әйтпесе, оны жалқаулық басып кететінін айтады. Өз ұлы Марат шетелде біраз жыл жұмыс істеп, елге оралыпты: Швецияда, Гётеборг қаласының шетіндегі ауданда тұрған.
– Қайтар алдында ел-жер көруге шақырды. Қаланы көргенде керемет таң-тамаша болдым. Баққа бөленген, сулы-нулы үлкен шаһар екен. Көшелері мұнтаздай таза. Жерге тасталған тал-тұқыл таппайсың! Есімде қалғаны, жергілікті қауым айына бір рет сенбілікке шығады. Мұны нағыз мерекеге айналдырған. Онда көрші-қолаң, дос-жаран қуқы тірлік қамынан құтылып, бой жазу үшін жиналады, арқа-жарқа табысады. Біріге, қоян-қолтық жұмыс істеп, татулығын беріктейді. Сенбілікті балаға дейін күтеді: әр тұрғын жеңсік тамағын дайындап әкеп, соңыра жергілікті бақта дастарқан жаяды. Нағыз той! – деді Серікбай аға.
Ақсақал бізде көшет егу акцияларына Президенттің өзінің қатысқанына сүйсінгенін жасырмады. Себебі «Таза Қазақстан», бұл – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Жалпы, тазалық пен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық. Бұл тұрғыда «Таза Қазақстан» ұлттық болмысымызды өркениет пен заманға сай жаңғыртуға, ұлт санасын түлетуге, сол арқылы бойында бұйығы жатқан пассионарлық қуатын, жасампаздық жігерін оятуға қозғау салады. Жастарымыз кішкене кезінен жасампаз, жанашыр, жаңашыл, еңбекқор болып өседі. Сонда біз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Өркениетті әрі Берекелі мемлекет боламыз. Сондықтан да Президент айтқандай, тарихи терең мағынасы бар бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Астана бұл істе де аймаққа үлгі
Айтқандай, Президенттің осы бастамасын «сенбілікке» мәжбүрлейтін қиналысқа емес, мерекелік думан сипатындағы әдемі жиналысқа айналдырудың жақсы тәжірибесі Астанада қалыптасып келеді. Биыл ақпарат құралдарының өкілдері «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында өткен сенбіліктер кезінде кейбір аулада тіпті шағын киіз үй тігіліп, ас әзірленгеніне, жұмыстан кейін халық жиналып, дәм татып, мәз-мейрам, шат-шадыман көңіл күйге бөленгеніне куә болды.
Астана филармониясының өнерпаздары, жергілікті дарындар аулаларды аралап, ән шырқап, күй күмбірлетті. Кейбір шағынауданда тұрғындар ән айтудан жарысып, караоке сайысына қатысты. Осыны көріп қызыққа тартылған кішкентай тұрғындар да сенбіліктен шет қалмады, үлкендерге көмектесіп, қоқыс жинады, көшетке су құйды. Ендеше «Таза Қазақстан» елде жаңа дәстүр мен халықтық мейрамды қалыптастыра бастағандай. Өйткені ортақ мақсатымыз – таза әрі көркейген елді келешекке ұластыру. Бұл іс елді қажытпайтын, қайта ұлтты рухтандырып, жұртты жігерлендіретін, асыға күттіретін жобаға айналса, абзал.
– Таза Қазақстан дегеніміз – қоғамды, әсіресе жас буынды тазалық мәдениетіне баулу, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға және қалалық мүлікті қорғауға қатысты нық көзқарас қалыптастыру. Бұл бағыттағы әрқайсымыздың әрекетіміз – үлкен өзгерістердің бастауы. Қоқысты көрсетілген жеріне тастау, айналаны таза ұстау, табиғатты аялау, бұзушылыққа бармау – еліміздің жарқын болашағына қосқан үлесіміз! Тазалық әрқайсымыздан басталады, – дейді «Жер амбассадорлары» қозғалысының белсендісі Темірлан Макубаев.
Айтқандай, «Таза Қазақстан» бұтағын кеңге жайған бәйтеректей жаңа жобалармен толығып жатыр. Мәселен, оның аясында Астананың 20 білім ошағында жылыжай ашылып, онда жемістер мен көкөністер өсіріледі. Соның ішінде елордалық №8 мектеп-лицейінде шәкірттер былтырдан баптап күткен лимон ағашы биыл жемісін берді. Бұдан бөлек, мектептер жылыжайларында қияр, қызанақ, аскөк, құлпынай, өзге жидектер, жалбыз, гүл өсіріледі. Жоба жетекшілерінің басшылығымен оқушылар бос уақытта өсімдіктерге күтім жасайды. Бұл балаларға жазғы каникулда көше шаңын шығарып, бос сенделмеуіне мүмкіндік береді.
Астана әкімдігінің дерегінше, соңғы екі жылда елордалық білім ордаларында «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында оқу бағдарламалары жаңартылып, экологиялық білім тереңдете оқытылып жатыр. Оқу бағдарламасының бәрінде экологиялық білімді арттыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау – басты назарда. 1-11-сынып оқушылары жасыл экология мәселелеріне белсенді қатысып, «Таза аула», «Жасыл Қазақстан» және «Жерімізді сақтайық» сияқты түрлі жоба мен бастамаларды жүзеге асырады.
Мәселен, Сервис және туризм колледжінің директоры Салтанат Басығараеваның айтуынша, онда орман шаруашылығы, ландшафттық дизайн, бақ-саябақ және гүл дақылдарын өсіру бойынша 131 студент қосымша білім алып, «Астана Тазалық» қызметі сияқты жұмыс орындарынан тәжірибе жинап, тегін білім алуға қол жеткізді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасы аясында елордалық студенттер бірнеше маңызды ғылыми жоба мен әлеуметтік бастаманы қолға алды. Олар жылыжайда экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, қалдықты өңдеуге, өсімдік зиянкестерімен және ауруымен күресудің тиімді әдістерін табуға, жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және басқа мәселеге қатысты болып келеді.
«Таза Қазақстан» – республиканың жаңа стратегиясы
Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, экологиялық ахуалды жақсартуда салмақты іс тындырылды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісі 35 жыл ішінде 869 мың гектардан 30,9 миллион гектарға дейін кеңейтілді. Жануарлардың сирек кездесетін түрлерін, соның ішінде қазақ барысын қорғау, Тұран жолбарысы мен керқұлан-кертағы (Пржевальский жылқысы) сияқты жойылып кеткен тағыларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған мәліметке жүгінсек, 2025 жылдың басынан елде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мыңға жуық іс-шара өткізілді: «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза жағалау», «Қалаға ағаш», «Мөлдір бұлақ», Халықаралық құстар күні, «Жер сағаты» және басқа да акция ұйымдастырылды. Негізгі нәтижелері қомақты: 5 миллионға дейін ағаш көшеті отырғызылды, 1,1 млн тонна қоқыс жиналып, 584 мың гектарға жуық аумақ тазартылды.
Бұл, әрине тек басы ғана. Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикада 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Экология министрлігі жуырда биылғы көктемгі ағаш отырғызу кезеңін қорытындылады. Ведомство 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу тапсырмасы 2020 жылғы қыркүйекте берілгенін еске салды. Алайда орман иеленушілердің мүмкіндіктерін, питомниктердегі отырғызу әлеуетін ескеріп, тапсырманы орындау мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.
«Биылғы көктемде 141 мың гектар аумақта 225 миллион дана ағаш отырғызылды. Күзгі отырғызу кезеңінде тағы 153 миллион дана ағаш пен бұта егу жоспарланған. Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес, Арал теңізінің құрғаған түбінде жалпы көлемі 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл алқаптары құрылып жатыр. 2021-2024 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған табанында 475 мың гектар жерде орман-мелиорациялық жұмыстар атқарылды. 2025 жылға, яғни бір жылға арналған жоспар – 428 мың гектар! Оның ішінде жергілікті әкімдіктер – 100 мың гектарда, Экология министрлігі 328 мың гектарда сексеуіл отырғызады», – деп хабарлады ведомство.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында халықпен кері байланыс орнату үшін Telegram-да @TazaQazBot чат-боты құрылды. Ол арқылы азаматтар ластанған аумақтың фотосын және геолокациясын жолдай алады. Өтініштер автоматты түрде тиісті органға жіберіліп, жедел қарастырылады. Чат-бот іске қосылғалы жүйеге 20 мыңнан астам өтініш түскен, оның он жеті мыңдайы орындалды.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экоқозғалысқа 6 млн адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысты. Экологиялық бастамалар қоғам тарапынан белсенді қолдауға ие. Ал Үкімет тарапынан «Таза Қазақстан» экомәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі Тұжырымдамасы бекітілді, өңірлік жоспарлар мақұлданды. Табиғатты қорғау шараларын нығайту үшін биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасы әзірленді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов отандық бизнес экологияға қамқорлықты өзінің әлеуметтік жауапкершілігінің бір бөлігі ретінде қарастыруы керек екенін атап өтті. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын иеленген компаниялар мен кәсіпкерлердің міндеттемелерінде көзделмек. «Таза Қазақстан» өзге де қызықты бастамалармен толығады.
Ел Президенті 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына жететінін мәлімдеп, міндет қойғаны белгілі. Премьер-Министр отандық өндірушілерге көміртегі бірліктерін сату сияқты жаңа перспективалы бағыттарға «Таза Қазақстан» қағидаты қолданылатынын жеткізді. Айталық, ауаны ластайтын кәсіпорындар зиянын азайту сыртында ағаш егуге тиіс. Осындай бірінші жоба Алматы облысында басталды: көміртекті жұтып, бейтараптандыратын 3 миллион түп көшеттің 200 мыңы отырғызылды. Жоба аясында 1 миллионнан астам көміртегі кредиті алынады. Аталған тәжірибе бүкіл ел аумағына таратылмақ. Осы секілді жобалар – «Таза Қазақстан» кең ауқымды ағартушылық-идеялық платформасының құрамдас бөлігі.
«Таза Қазақстан» – республиканың жаңа стратегиясы. Президент бұл бағдарламаны іске асыру барлық мемлекеттік орган мен ұйым, әсіресе жергілікті әкімдіктер тарапынан жауапкершілікті талап ететінін баса айтты. Әйткенмен, «Таза Қазақстанның» басты қозғаушы күші – халық. Яғни, ол бүгінде ұлтымыздың келешек рухани болмысын биік өркениетті дәрежеге көтеретін тұтас елдің жүйелі идеологиялық ұстанымына айналды. Сонда әлем «қазақ», «Қазақстан» дегенде алдымен тазалықты, табиғи үйлесімділікті және адамгершілік тәлім-ұлағатты өмірлік құндылық еткен әсем елді елестететін болады.
Айхан ШӘРІП