Бүгін Сырым ауданында тұрғын үй өртеніп, оқиға орнында 5 сәби қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аудандық газеттің бас редакторы Бауырдан Ширмединұлы Жымпиты кенті Қ.Сағырбаев көшесі №8 үйдің жалынға оранғаны туралы дабыл төтеншеліктерге сағат 15:03-те түскенін айтады. Сонымен қатар ол әріптестерінен жаманат хабарды жариялауға асықпауды сұрады.
«Оны кім хабарлады, үйдің өртенгенін кім байқады, ол әлі белгісіз. Сағат 15:09-да өрт сөндіру көлігі от ошағының басында тұрды. Ауыз бөлменің төбесі опырып, қара түтін аспанға атып жатыр. Ішінде балалар бар дегенді естіген өрт сөндірушілер бөгелместен ішке кіреді. #14 Өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Абзал Саматов әріптесі Аят Төлеуғалиевпен бірге бастарын қатерге тігіп, жауған от пен қою түтіннің арасынан талықсып жатқан сәбиді тауып алып, дереу сыртқа алып шығады. Оларды терезе алдынан бекет бастығының міндетін атқарушы Қанат Ғалиев күтіп алады. Қатарда қарауыл бастығы Сергей Хамин бірге қимылдаған. Өрт сөндірушілер үйдегі барлық жанды үш минутта қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Әрі қарай ауруханаға жеткізілді. Өкінішке орай, түтінге уланған 5 бала көз жұмды. Ең кішкентайы 2023 жылғы сәби екен. Қазіргі таңда Жымпитыдағы өрт пен адам өлімі туралы ақпарат, дерек сұрап жатқандар көп. Бұл – қайғылы қаза! Балалардың әкесі мен анасы, туыс-туғандары қазір әрі-сәрі күйде. Олардың азынаған күйі ешкімге де қызық емес қой. Сондықтан журналист әріптестерден жаманат хабарды жариялауға жанталаспауды сұрар едік. Қазір оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов, жергілікті және Оралдан келген полиция, прокуратура өкілдері жүр. Өрттің себебі анықталып жатыр. Одан пайда да жоқ. Періштелер көкке ұшып кетті. Сырым еліне қайғырып көңіл айтамыз», – деді Бауырдан Ширмединұлы.
Айта кетейік, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлының көңіл айту хабарын жеткізді. Хазірет қаралы жанұяға, елге сабыр тілейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.