Бүгін, Астанада 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні дүние есігін ашқан сәбилердің аналарына сыйлықтар табысталды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жариялады.
Іс-шара Астана қаласындағы №3 перинаталдық орталықта өтті. Мерекелік шараға министрлік өкілдері және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Светлана Айтбаева арнайы қатысты.
Мерекеге орай өмірге келген нәрестеге және олардың аналарына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атынан құттықтау хаттары мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар Светлана Айтбаева әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің арнайы қолтаңбасы бар сыйлықтарды да тарту етті.
Іс-шараның негізгі мақсаты рәміздер күнінің маңызын ұғындыра отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, отбасылық құндылықтар мен жаңа өмірдің бастауын елдік мүддемен байланыстыру болды.
Жас аналарға жылы лебіздерін жеткізіп, сәбилерге ұзақ ғұмыр тіледі.