Сәби мемлекет қамқорлығына беріліп, тиісті мекемеге орналастырылды.
Алматыда сәби саудасымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды (видео)
Фото: polisia.kz
422
оқылды

Алматы қалалық ҰҚКД және қалалық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ІІМ мәліметінше, бұл қылмыстық тізбек соңғы бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылып келген. Қаскөйлердің негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал топтағы әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді сатып алуға ниетті адамдарға заңсыз жолмен беруді ұйымдастыру болған. Жедел  шаралар барысында жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сату әрекеті құжатталған.

Ақша беру кезінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Сәби мемлекет қамқорлығына беріліп, тиісті мекемеге орналастырылды.

Аталған дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде осыған ұқсас эпизодтардың болуы мүмкіндігі тексерілуде.  

– Бұл – бірреттік әрекет емес. Мұнда тұрақты, тіпті өңіраралық байланыстары бар тізбектің бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Барлық қатысы бар адамды анықтау жұмыстары жалғасуда. Балаларға, әсіресе жаңа туған сәбилерге қатысты заңсыз әрекеттер,  бұл ерекше қатыгез және ауыр қылмыс. Мұндай әрбір дерек заң аясында әділ бағасын алады, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Куатбек Науатов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.