Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы «AMANAT» партиясы ата-аналары құрылыста, коммуналдық салада, өндірісте және өзге де маңызды салаларда еңбек ететін балаларға арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде «Жастар Рухы» жастар қанаты жұмысшы отбасылардан шыққан балалардың басын қосты.
Әке еңбегі – бала мақтанышы
2,518
оқылды

Мұндағы мақсат – балаларды әртүрлі ойын арқылы жұмысшы мамандықтарымен таныстыру және қоғамның әділ әрі тұрақты негізі ретінде адал еңбекке құрметпен қарай білуге үйрету. Жалпы, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай партияластар ел аумағында 23 мыңнан астам балаға арнап 300-ден астам мерекелік іс-шара өткізді.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек балаларға қамқорлық жасау мемлекет саясатының басым бағыты екенін және партия осы саладағы бастамаларға белсенді қолдау көрсететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әрбір жеткіншек мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы керек екенін әрдайым айтып келеді. Балаларға қамқорлық жасау – «AMANAT» партиясы атқаратын ауқымды жұмыстың негізгі әрі ажырамас бөлігі. Ана мен балаға лайықты қамқорлық, дамыған әлеуметтік инфра­құрылым, қолжетімді баспана – отбасы әл-ауқаты мен демографиялық өсімнің ең маңызды әрі міндетті шарты. Атап айтқанда, Мәжілістегі партия фракциясының күш салуымен Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылды, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша нормалар қабылданды, жетім балаларды қорғау тетіктері күшейтілді. Бұл – соңғы уақытта жасалған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана», – деді ол.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, балалар жұмысшы мамандықтарымен әртүрлі ойын арқылы танысады. Осылайша, балалардың тың дүниені тануға деген қызығушылығы оянады.

«Ойын арқылы балалар білім мен дағдыны бойға әлдеқайда жақсы сіңіреді. Білім беру барысы барынша қызықты әрі тартымды болуы керек. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында біз тек мектеп бітірушілермен және студенттермен ғана емес, сонымен қатар оқушылармен, әсіресе бастауыш сы­ныпта білім алатын балақай­лармен жұмыс істеуге ұмтыламыз. Балалар әлемге деген кіршіксіз көзқарасы арқылы өздерін түрлі мамандық иесі ретінде елестете алады. Себе­бі асқақ армандардың алғашқы іргетасы осы бала кезде қаланады. Ере­сектердің міндеті – бала қиялын дұрыс арнаға бағыттап, ұл-қыздарға таңдау мүмкіндігін беру. Осы­лайша, ойын арқылы біз балалардың бойын­да жұмысшы мамандықтарға және еңбек ада­мына деген құрметті қалыптастыра ала­мыз», – деді ол.

Екі баланың әкесі, «Астана-Энергия» АҚ-ның машинисі Ержан Умралинов өмірде баладан маңызды ештеңе жоқ екенін атап өтті.

«Ұлым – мектеп оқушысы, ал қызым биыл балабақшаны тәмамдап, күзде 1-сы­ныпқа барады. Балалар белсенді түрде білім алатын, дәстүрлі құндылықтарды бойға сіңіретін кезең – осы уақыт. Бүгін балалар жұмысшы мамандықтары туралы тек естіп қана қоймай, жіті түсінді деген ойдамын. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға ­ай­­­­­­­рықша алғыс айтамын. Балалар ба­қытты болса – біз, ата-аналар да бақытты­мыз», – деді ол.

Мерекелік іс-шараға қатысқан 3-сынып оқушысы Ерназар Сәтмұхамбетов алған әсерімен бөлісті:

«Ойнаған ойындарымыз маған өте қатты ұнады. Әкемнің атқарып жатқан жұ­мысы аса маңызды екенін түсіндім. Ол бар­лық жерде жарық жанып тұруы үшін жұ­мыс істейді. Егер әкем болмаса, айнала қа­раңғы болар еді, теледидар да, компьютер де жұмыс істемес еді. Мен де өскенде пай­далы іспен айналысқым келеді», – деді ол.

«Жастар Рухы» жастар қанаты Ха­лықаралық балаларды қорғау күніне орай дәстүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жұмысшы мамандықтарының ел өмірінде алар орнына, маңызына назар аударды. Биылғы мереке ата-аналары өндірістерде, ТКШ, медицина, білім беру және өзге де негізгі салаларда еңбек ететін отбасылардан шыққан балаларды біріктірді. «Жастар Рухының» белсенділері балаларға ани­маторлардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырып, сыйлықтар мен тәтті тағамдар таратты.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай партияластар «Бақытты отбасы» жобасы аясында ел аумағында 23 мыңнан астам балаға арнап 300-ден астам мерекелік іс-шара өткізді. Еліміздің 20 өңірінде турнирлер, экскурсиялар, анимациялық қойылымдар, қайырымдылық акциялар өткізілді. Партия­ластар жетімдер үйіндегі балаларға барып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл – соңғы уақытта жасалған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана.

Дайындаған Елнар ЕЛТАЙ