Астанада «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің Гонконг Жастар қауымдастығы (HKCPPCCYA) арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатқа «Жастар Рухының» төрағасы Ақерке Искандерова мен HKCPPCCYA төрағасы Уильям Шум қол қойды.
Достық көпірі
2,300
оқылды

Меморандумға қол қою Қазақстан мен Гонконг жастары арасындағы әріптестікті дамытудың маңызды қадамы болды. Бұл құжат екі ел жастары ара­сындағы диалогты, мәдени байланыстар­ды және бірлескен бастамаларды дамыту­дың жаңа мүмкіндік­терін ашты. Құжат тараптардың жастар ара­сындағы өзара түсіністікті арттыруға және ынтымақ­тастықты кеңейтуге бағытталған.

Рәсім барысында жастар – елдің тұрақты даму жолындағы ең маңызды күш екені айтылды. Екі елдің ынтымақтас­тығын ны­ғайтып, өзгерістерге жол ашатын да дәл осы жастар екені атап өтілді.Та­раптар гуманитарлық, білім беру, мәдени және іскерлік бағыттардағы ынтымақтастық жастардың кәсіби дамуына ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара түсіністіктің артуына да ықпал ететініне сенім білдірді.

«Қол қойылған Меморандум аясында бірнеше бағытта ынтымақтастық көзделіп отыр. Оның аясында екі елдің жастары бір-бірінің мәдениетімен, дәстүрімен танысып, ұйымдарымыздың әлеуетін ашу, түрлі салада тәжірибе алмасу жос­парланған. Гонконг Жастар қауымдасты­ғы «Жастар Рухының» тағы бір халық­аралық серіктесіне айналды. Айта кетейік, «Жастар Рухы» Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының Жастар кеңесіне ресми мүше болып табылады», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Меморандумға сәйкес, тараптар жастар саясатын дамытуға, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды насихаттауға, кә­сіпкерлік белсенділікті ынталандыруға, туризм мен цифрлық технологияларды ілгерілетуге бағытталған бірқатар бастаманы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Біз қазақстандық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың келешегіне үлкен үмітпен қараймыз. Астана мен Гонконгты мыңдаған шақырым бөліп тұрғанымен, ашық диалог арқылы елдеріміздің жастары бір-біріне жақындай түсетіні анық. Бұл қарым-қатынас берік әрі ұзақмерзімді достыққа ұласатынына кәміл сенемін. Мен үшін Меморандумға қол қою – ең алдымен, жастар саясатын дамытуға қатысты көзқарас алмасудың мүмкіндігі. Мұндай байланыс мемлекеттеріміздің жас буынының ортақ ілгерілеуінің негізіне айналады деп сене­мін», – деді рәсім ба­рысында HKCPPCCYA төрағасы Уильям Шум.

«Жастар Рухының» бұл бастамасы Қытай Халық Республикасымен страте­гиялық әріптестікті дамытуға бағытталған «AMANAT» партиясының жүйелі жұ­мысының жалғасы саналады. Еске салайық, былтыр ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында «AMANAT» партиясы мен Қытай Комму­нистік пар­тиясы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат партияаралық байланысты нығайтуға, елдер арасындағы достық әрі тату көршілік қарым-қатынасты дамытуға және жан-жақты стра­тегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

Дайындаған Елнар ЕЛТАЙ