Биылғы экономикалық ірі іс-шараның бірі – Астана халықаралық форумында Президент цифрлық трансформациялау мәселесіне айрықша тоқталды. Мемлекет алдына Қазақстанды «Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналдыру» туралы стратегиялық мақсат қойды. Жалпы, бұл сала елде қаншалықты дамыды? Сарапшылар айтуынша, елде әлі күнге Data-орталықтар жетіспейді, кабелді интернет өз мүмкіндігінің шегіне жетті. Осы және басқа мәселені шешпей, ахуалды түзетпей, цифрлық түрлену болмасы даусыз.
Цифрлық түрлену – егемендікті нығайту
264
оқылды

AIF пленарлық сессиясында сөз сөй­ле­ген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру – болашақ Қазақстанды құратын жаңа ұрпақтың қалыптасуына серпін беретінін білдірді. Себебі осы арқылы мемлекет адам капиталына ин­вес­ти­ция салады, цифрлы болашақты бас­қара алатын жас мамандар формация­сы­ның қалыптасуына жағдай жасайды. Бұл тұрғыда қай ел артта қалса, сол ел мем­­лекеттілігін жойып, өзгеге бодан бол­а­ды, не өркениетті өркендеу көшінің жиегіне шығып қалады. 

–Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өн­діріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеу­­етімізді күшейте береміз! Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жет­кіз­дік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жет­ек­ші IT хабқа айналу! Әсіресе, ЖИ дамы­ту­ға айрықша мән беріп отырмыз. Бір­қатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу-әзірлеу саласындағы серік­тес­­тік жолға қойылған академиялық, ин­но­в­ациялық хабқа айналғымыз келеді, – деп міндет қойды Қ.Тоқаев.

Президент Қазақстанның өз тарихын­дағы ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кіріскенін жариялады. Бұл жұмыс басталып кетіпті. Бұдан бөлек, СryptoCity жаңа пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Мұн­да криптовалютаны азық-түлік сатып алу­ға, қызмет төлеміне және басқа мақ­сат­­тарда пайдалануға рұқсат етіледі. Басқаша айтқанда, Қазақстанда ұлттық валюта – теңге сыртында тағы бір қосымша ақша бірлігі, төлем құралы пайда болмақ. 

Цифрландыру – кез келген заманауи мемлекет пен экономиканың шешуші эле­мен­ті. Цифрлық даму – жай үрдіс-тренд емес, стратегиялық басымдық. Эко­номиканың орнықтылығы, ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, адам өмірінің сапа­сы, тіпті елдің болашағы тікелей соған байланысты.

Мысалы, өткен аптада Жапония ин­тер­неттің ұшқырлығы бойынша әлемдік рекорд орнатты. Зерттеушілер 1 808 ша­қыр­ымдық кабельмен 1 миллион гигабайт (1,02 петабит) деректі 1-ақ секундта жеткізді! Басқаша айтқанда, барлық тілдегі бүкіл Уикипедияға, 4K форматтағы 10 мыңнан аса фильмнің салмағына тең ақпаратты жалғыз секундта бере салды. Бұл керемет жоғары жылдамдықтағы ин­тер­нет инфрақұрылымын құруда бұрын адам­зат армандай да алмаған жаңа өрістер ашуға тиіс. 

Қазақстанның жетістіктері қандай?

Interesting Engineering жасанды интел­лектінің жаңа дәуірінің жаңа құралдары жасалып жатыр деп бағалады: ЖИ, сон­дай-ақ 6G мен VR-технологиялар арқа­сын­да интернет трафигінің ауқымы ас­панға шырқайтын болады. Айталық, бұған дейін кеңжолақты интернеттің әлеуетінің шектеулілігі кесірінен телемедицинаның дамуы шектеліп келді. Осы олқылықты біл­гендіктен, хирург­тердің көбі теле­медицина көмегімен қашықтан күрделі операцияға басшылық жасамақ түгіл қатысуға бейілді болмады. Жай ғана кеңес берумен тоқтайтын. Ал жаңа жағдайда интернет арқылы дерек беру ұшқырлығы еселеп артса, дамыған елдердің біріндегі дәрігер VR-технология көмегімен Қазақ­станда өзі ота жасай алуы мүмкін.  

Республикада цифрландыру ел өмір­і­нің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, бүгінде мемле­кет­тік қызметтердің 92%-ы онлайн қол­жетімді. Оның 90%-ы смартфон арқылы мобильді форматта көрсетіледі. Яғни, елге бұрынғыдай үйінде компьютер ұстаудың, интернет-клубқа жиі жүгірудің қажеті болмай қалды. Цифрлық құжаттамаларды азаматтар 2024 жылы 292 миллион рет алған! Елестетіп көріңізші: оның бәрі қағаз күйінде берілгенде, құжаттан тау тұр­ғызылып, ол үшін қаншама орман ота­ла­тын еді.

Қазақстанда туу және мектепке қа­был­дау құжаттарын рәсімдеу сияқты қызмет­тер проактивті, яғни тұтынушы жүгінбей жатып, алдын ала ұсынылады. Ол бюро­кра­т­ия­лық кедергіні жойды. Ал «Әлеумет­тік әмиян» әлеуметтік осал санаттарға бері­летін жеңілдіктерді айқын етті. Оның ішінде мектептерде берілетін 5 миллион түскі ас, диспансерлік есепте тұрған сыр­қаттар алатын 6,5 миллион дәрі-дәр­мек рецепті бар.

Цифрлық даму министрлігі eGov mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» өзге игілігі сыртында, әлеуметтік аз қам­тыл­ған отбасыдан шыққан оқушыларға ыстық тамақты тікелей, атаулы ұсынуға мүм­кіндік беретініне екпін түсірді. Жүйе мемлекеттік деректер негізінде өзі жұмыс істейді, қағаз өтініштерді қажет етпейді. Нәтижесінде, ата-аналар тиісті хабарла­малардың бәрін eGov mobile арқылы телефонынан алады. Ал балалары мектеп асханасында QR-кодты сканерлеу немесе бет-жүзі, саусақ таңбасы сияқты био­метр­ия­лық деректері арқылы тамақтанатын болады. 2025 жылғы қыркүйекте, яғни жаңа оқу жылында жоба бастауыш сынып оқушыларына жаппай қолданыла бас­тайтын көрінеді. 

Қаныш Төлеушин жаңа өңір – Жетісу облысын мысалға келтірді. Онда биылғы 2025 жылдың бірінші тоқсанында ғана 127 428 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 28 924-і Connection Points бекеттері ар­қы­лы ұсынылған. Яғни, цифрландыру бірте-бірте шенеуніктерге деген сұранысты төмен­детеді. 

– Облыстағы 315 мектептің барлығы интернет желісіне қосылды. Ауылдық елді мекендердің 95,4%-ына немесе 350 ауыл­дың 334-іне интернет жетті. Талдықорғанда 5G-дің 29 базалық стансасы жұмыс істейді. 2025 жылы 20 ауылды талшықты-оптикалық байланысқа қосу және 307 жаңа бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған, – деді вице-министр. Ин­тернет сапасын жақсарту үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыс­тағы 158 ауыл оптикалық байланыспен, аз қоныстанған 15 ауыл спутниктік интер­нетпен қамтылмақ. 

Суперкомпьютер ғасыры туып келеді

Цифрлық даму министрі Жаслан Мә­диев Президенттің тапсырмасына сәйкес, республикада ЖИ саласындағы бастама­ларға ерекше назар аударылатынын мә­лім­деді. Ол негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Бұлар – институционалды даму, инфра­құрылым және адами капитал. Ведомство басшысы елде осы бағытқа жеке жауап беретін мем­ле­кет­тік орган – Жасанды интеллектіні және креативті индустрияны дамыту коми­теті құрылғанын қаперге салды. 

Мұның сыртында ЖИ дамыту тұжыр­ымдамасы бекітілді. Тиісті терминология, стандарттар және әдеп-этика нормалары әзірлену үстінде. Министр Қазақстанның инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті: Кремний алқабында қазақстандық суперкомпьютерлік плат­форма іске қосылды, сондай-ақ жасанды интеллектке арналған, жоғары өнімділікті AI-есептеулермен айналыса алатын NVIDIA H200 графикалық чиптеріне негізделген суперкомпьютер елге жеткізіл­ді. Ол Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер болады. Президенттің Астана форумында айтқаны осы екен. 

Оның дерегінше, Қазақстанда Alem.ai халықаралық ЖИ орталығы құрылады. Ол ұлттық AI-экожүйесінің діңгегіне айнал­мақ. Орталыққа қоғамдық кеңістік, Tomorrow School және TUMO Center сияқты білім беру бағдарламалары, стартаптарға арналған AI-кампус, R&D ғылыми-зерт­теу зертханалары, мемлекеттік секторға арналған шешімдер әзірлеп, енгізетін GovTech кеңістігі – AI-Driven Government біріктіріледі.

Министр Ж.Мәдиевтің сендіруінше, ЖИ көмегінен ғылым мен технологияны дамытса, Қазақстан цифрлық егемендікке, технологиялық дербестікке қол жеткізеді. Бұл үшін жергілікті таланттардың әлеует-мүмкіндіктерін толық ашуына қолдау көр­сетіледі, жасанды интеллект бойынша маңызды инновацияларын ілгерілетуге мүм­кіндік беріледі. Бұдан бөлек, Қазақ­станның ЖИ саласындағы технологиялық көшбасшылығын нығайтуға, мемлекет, бизнес пен инновациялық қауымдастық арасындағы орнықты экожүйені дамытуға күш салынады.

ЖИ діңгегі бекиді

Әйткенмен, осы айтылғанның көбі өршіл міндет, ірі жоспар, ізгі ниет қана. Олар толыққанды орындалса ғана Қазақ­стан өзгеден озады. Әзірге сарапшылардың айтуынша, саланы бұрыннан қордаланған проблемалар жиі-жиі тығырыққа тірейді. Мысалы, елімізде басқаны айтпағанда, Data-орталықтар, яғни серверлік және желілік жабдықтар орналасқан, елді ин­тер­нетке тұрақты қосатын Деректерді өң­деу орталықтары (ДӨО) және олардың қуаттылықтары жетіспейді. 

Төл дата-орталықтары бар отандық бұлт­ты провайдердің өкілі, бағдарлама әзірлеуші Ринат Малибаев Қазақстанда мұндай орталықтар мемлекеттік қолдауға зәру екенін айтады. Келесі жылы оларға демеу орнына қайта салық жүктемесі артқалы тұрған көрінеді.

–Саланы мемлекет жан-жақты ынтал­андыруы қажет. Болашақ даму осында. Бізді «қуатты нормадан көп тұтынасыңдар» деп электрден ажыратып тастаған жағдай болды. Компания амалсыз кәсіпті дамыту­да біраз үзіліс алып, төл энергия көздерін құрып, соған көшуге мәжбүрленді. ДӨО-лар электр энергиясын көп шығындайтын ірі тұтынушы. Криптовалюта майнингімен айналысады деп стансаларға тікелей қосы­л­уға да енді рұқсат етпейді. Елде тариф көтеріліп жатыр, бұл да бизнестің рента­бель­ділігін біршама төмендетті, – деді Ринат. 

Энергетика министрлігі де елде энер­гия тапшылығы барын жасырмады. Сарап­шының айтуынша, сондай-ақ бұл орталықтар сенімді байланыс арналарын қажет етеді. Мұның сыртында жаңа ДӨО-ларды салу үшін керек және әлемдік стан­дарт­тарға сәйкес келетін алаңдар мен жер учаскелері жетіспейді, оларды алуда биз­нес қиындыққа кезігеді. Соған қарамастан өңірлік дата-орталықтар нарығы тоқтаусыз өсе береді. 

Қазір қазақстандық ДӨО-лар Өзбек­станға, Ресейге, Қырғыз Республикасына және Тәжікстанға төл бұлтты тұғырна­малары базасында қызмет көрсетеді, ақпараттық қауіпсіздік мониторингі, бағдарламалық қамтылым, веб-хостингтің барлық түрі, IT-инфрақұрылымды бірың­ғай басқару, техникалық қолдау сияқты сан алуан сервис ұсынады. ICANN аккре­дит­теуінен өткен Орталық Азияның тұң­ғыш әрі ірі домендік регистраторлары да Қазақстанда орналасқан. 

Мамандардың пайымдауынша, елде деректерді жинау, алмасу мен сақтаудың заманауи әрі берік қорғалған жүйесі болса ғана Президент айтқан цифрлық транс­фор­мация, цифрлық түрлену мүмкін бола­ды. Сондықтан деректер орталықтарын құқықтық реттеу және ел аумағында бұлтты технологияларды қолдану тәртібін ретке келтіру талап етіледі.

Цифрлық даму министрлігі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына, Жолдауларына және жуырда берген тап­сыр­маларына сәйкес Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыру іс-шаралары­ның кешені іске асырылып жатқанын хабарлады. Оған қуатты ДӨО-лар салу, Каспий түбіне және құрлықта байланыс пен интернеттің трансшекаралық талшық­ты-оптикалық магистралдарын төсеу және ірі халықаралық ІТ-компанияларды елге тарту, сол үшін заңнаманы өзектілен­діру кіреді.

Мысалы, биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі, гипермасштабты дата-орталықтың құрылысы басталды. Синга­пур­лық GK Hyperscale Ltd компаниясы қолға алған бұл жоба 1,4 миллиард доллар тұрады. Инвестормен арадағы келісімді бекіткен қаулыға Үкімет басшысы 2025 жылғы 18 наурызда қол қойды. 

Одан бұрын, 2025 жылғы 6 ақпанда Цифрлық даму министрлігі Freedom Telecom Holding-пен меморандум бекітті. Құжат талшықты-оптикалық гипермагис­траль салуды және онымен келетін халық­аралық интернет және байланыс трафигін сақтап, транзиттеу үшін Tier-III деңгейінен төмен емес ДӨО-ларды тұр­ғызу­ды қарас­тырады. Әзірге бұл істе Қазақстан Ресейге тәуелді: жаһандық желі РФ-тан келетін­діктен, ол өзіне жақпайтын шетелдік рес­урс­тарды бұғаттағанда, кесірі Қазақстанға да тиеді. Жаңа жобалар еліміздің бұл саладағы тәуелсіздігін нығайтуға тиіс. 

iKS-Consulting зерттеуінде көрсетіл­гендей, 2024 жылы Қазақстандағы ДӨО-ларда жалпы саны 3 775 тұғыр болған, бұл 2023 жылғыдан 9% көп. Сала орнықты өсімді паш етеді, бірақ нағыз өсімнің «көкесі» биыл және келесі жылы күтіледі. Бұған ірі жобалардың іске қосылуы серпін беруге тиіс. Заманауи деректер орталық­тары­ның бой көтеруі – еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытудың маңызды элементі. Бұл орталықтар интернеттің тұрақты жұмысын, деректерді сақтаудың жоғары деңгейдегі сенімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

iKS-Consulting бағалауынша, салада «Қазақтелеком» үстемдік етеді, ДӨО-лардағы барлық тұғырдың 44,8%-ы немесе 1 552-сі соның иелігінде. Тағы бір алпау­ыт – Транстелеком: оның еншісіне 24,6%-ы немесе 851-і тиесілі. Үштікті квазимемле­кетт­ік компания – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» тұйықтады: 8,1%-ын немесе 233 тұғырды қанжығалады. Өзгесі – тәуелсіз ойыншылардың мен­шігінде. Министрлік жоспарынша, 2025 жылы нарықтың ауқымы екі есе ұлғаяды.

Сарапшылар бүгінде Қазақстан цифр­лық трансформациялану ісінде техноло­гия­лық және инфрақұрылымдық секіріс алдында тұрғанын айтады. Мысалы, 2030 жылға қарай деректер орталықтарындағы тұғырлар саны 10 мыңнан асады деп бол­жан­ды. Бұл бағытта Қазақстан тек Орта­лық Азияның емес, ТМД кеңістігінің алпауыты­на айналуы мүмкін. Бұл тұғырлар  жасанды интеллектінің діңгегі саналады. Республика 6G буынындағы ұялы байлан­ыс­тың жаңа технологияларын енгізе ала­ды. Онда аймақ­тық державаға айналары сөзсіз. Бірақ оған дейін көп іс тындырып, бұрыннан қордалан­ған мәселелерді шешуі қажет.

Айхан ШӘРІП