Ту – тек рәміз емес, тұтас ұлттың рухы. Елдік пен ерліктің, бірлік пен болашаққа деген сенімнің белгісі. Халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, ар-намысты қорғауға шақыратын нышан. Бүгінде біз ата-бабаларымыздың байрағы қандай болғанын, оған қалай қарағанын, қандай мән бергенін білеміз бе?
Тәуелсіздік тұмары – көк байрақ
415
оқылды

4 маусым – елдік нышандарын  құрмет тұтқан  халқымыз үшін маңызды күн.  Бұл күні  Қазақ­стан­ның мемлекеттік рәміздері  қабылданған. Әл­бетте, Елтаңба мен Ту, Әнұранның қазіргі мәні бө­лек. Дегенмен  ұлт тарихында  таңба мен Тудың ай­рықша орны болғаны ақиқат. Әсіресе, Тудың  жө­ні бөлек. Ертеде  Ту, байрақ, жалау деп бөлінген ны­шандардың әрқайсысының  өз мән мен мін­деті болса керек. Этнограф-суретші  Қалиолла Ахметжан оларды  жеке-жеке қарастыру керек еке­нін айтады.  «Көшпелі халықтарда биліктің, әс­кербасылықтың, дәреженің және киеліліктің бел­гісі саналған үш түрлі рәміз болған. Олар — ту, жа­лау және байрақ. Бұл үшеуі де өз қызметі мен қол­данылу ерекшеліктеріне қарай бір-бірінен ай­қын дараланады.

Ту – хандар мен қолбасылардың билігін білдіретін, дәреже белгісі ретінде қолданылған нышан. Әр ханның өзіне тән, ерекше түсімен және желегіндегі рәміздерімен дараланған жеке туы болған. Ту – киелі белгі. Ол – сап­­­­­қа орнатылған, төртбұрышты немесе үшбұрышты пішіндегі желек пен оның ұшына бекітілген ұштықтан тұрады. Айқас кезінде тудан айырылу жеңіліске теңестірілген. Ту тек бір дана болады. Оны көшіруге болмайды. Ханның туы – хан ордасында, қолбасының туы қолбасы ордасында сақ­талып, тек соғыс кезінде ғана шығарылатын. 

Байрақ болса – әскери дәреже белгісінің бір түрі. Оның желегі болмайды. Ол хандар тарапынан қолбасылар мен әскербасыларға дәреже белгісі ретінде табысталған. Жүздік, ондық секілді шағын әскер бірліктерінің, рубасылардың да лауазымдық белгісі болған. Ал ту – мыңдық, түмендік сынды ірі әскер бірліктерінің нышаны ретінде қолданылған. 

Жалау – туға ұқсас, бірақ мәні өзгеше белгі. Ол – белгілі бір ұйымның немесе мем­лекеттің айырым нышаны. Тудан айыр­машылығы – жалаудың көшірмесін жасауға, көбейтуге болады», – дейді ғалым.

Ал «Қазақ хандығының туы қандай болған?» деген сұраққа күні бүгінге дейін нақты, бірізді жауап жоқ. Бұл мәселенің себебі кеңес дәуірінде қазақ тарихы емес, Ресей империясының қалыптасу кезеңі ғана ерекше зерттелгенінде жатыр. Тәуелсіздік алған соң ғана хандар мен батырлардың портреттері, тайпалар мен рулардың таңбалары бар бұйымдарға сұраныс артты. Сол кезеңде Қазақ хандығының туы ретінде көрсетілген нұсқалар пайда болды. Бірақ ол жалған ту саналады. Бір қарағанда ұлттық реңі бар тәрізді болып көрінгенімен, бұл тудың шын мәнінде қазақтың дәстүрлі рәміздік жүйесіне еш қатысы жоқ. Зерттеуші М. Ревнивцев қазір Қазақ хандығының туы ретінде танылған бұл байрақ – тарихи емес, 70-жылдары түрік суретшілерінің қиялынан туған бейне екенін алға тартыпты. Оған дәлел болатын бірқа­тар элемент бар. Мәселен, ту ортасындағы өрнек – буддизм, индуизм және джайнизмде кездесетін «шриватса» мәңгілік түйін бейнесі. Бұл символ түркі халықтарының байрақ­тарында, қару-жарағында немесе киім-кешегінде бұрын-соңды қолданылмаған. Дегенмен шриватса бейнесіне ұқсас өрнектер қазақ даласынан табылғаны рас. Мысалы, Ақмола облысында Жәнібек ханның кесенесі деп сипатталып жүрген кесене қалдығы арасынан осыған ұқсас өрнегі бар тақтайшалар табылған. Бұл – қазақ даласы мен Қытай, Үндістан, Тибет өркениеттері арасындағы мәдени байланыстар нәтижесі. Кесене құрылысына мұндай өрнекті еңгізген сырттан келген қонақтар немесе тұтқын құрылысшы­лар болуы да ықтимал. Белгілі буддизмта­ну­шы Роберт Бирдің айтуынша: «Мәңгілік түйін – Тибет пен Моңғолия мәдениетінің рәмізі. Оның түркілерге қатысы жоқ». 

Осы тұста тағы бір күмәнді белгі – тудағы үш жұлдыз. Жұлдыздар қазақтың үш жүзін меңзейтіндей көрінгенімен, тарихта бес бұрыш жұлдызбен жүздерді белгілегені туралы дерек жоқ. Оның үстіне, бесбұрышты жұлдыз – кеңестік кезеңде ғана танымал болған саяси рәміз. Қазақ өрнектерінде, сегізбұрышты жұлдыз жиі кездеседі. Ол «Оғыз хан жұлдызы» деген атаумен белгілі және шынайы көне түркілік дәстүрмен байланысты. Ол әлемнің төрт негізгі және төрт аралық бағытын білдіріп, кеңістіктің толықтығын меңзейді. Оғыз хан атымен байланысты бұл белгі кейде оның сегіз ұлы мен руын білдіретін таңба ретінде де қарас­тырылады. Күллі түркі бірлігін білдіретін жұлдыз Түркі мемлекеттері ұйымының ресми таңбасында көрініс тапқан. Бұл – ортақ тарих пен мәңгілік туыстықтың белгісі.

Ендеше Қазақ хандығының туы ретінде көрсетіліп жүрген нұсқа қалай қалыптасты? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Алайда онда негізгі түс ретінде көк түстің қолданылуы нұсқаның танымалдығын арттыруға басты себеп болғанға ұқсайды. Өйткені көк түс түркі халықтары үшін көк аспан мен ер­кіндіктің және бірліктің белгісі. Сол себепті халық мұндай туға күмән келтірмейтіні анық. Ал қалған элементтері – тарихи тұрғыда дәлелденбеген бейнелер. 

Тарихшы Жақсылық Сәбитов «Vласть» сайты үшін дайындаған Қазақстанның көне және ортағасырлық тарихындағы мемлекеттік рәміздер туралы мақаласында: «Бүгінгі қол­дағы деректерге сүйенсек, XIV ғасырдағы еуропалық карталарда Алтын Ордаға қатысты екі түрлі ту бейнеленген. Біріншісі – Бату мен оның мұрагерлері тұсындағы 1313 жылға дейінгі ту. Екіншісі – 1313–1330 жылдары Өзбек хан тұсында исламның мемлекеттік дін болуына байланысты қолданылған жаңа ту. Кейін, Бату әулеті биліктен кетіп, орнына Тұқа-Темір мен Шибан ұрпақтары (Шыңғыс тұқымының басқа тармақтары) келген соң бұл тулар өзгеріп, олардың таңбалары (мысалы, Тарақ таңба) енгізілуі де мүмкін. Бұл жағдайда Бату әулетінің Босаға таңбасы олардың таңбасымен ауыстырылған болар еді» деп жазады. Бірақ тарихшы Қазақ хандығының туының қандай болғаны жайлы айтпайды. 

Жалпы, көне еңбектерде Қазақ хан­ды­ғының туы туралы мәлімет кездеспегенімен, билеуші әулеттерге қатысты деректер бар. Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» атты еңбегінде төрелердің бірнеше туы болғанын атап өтеді. Ол Шыңғыс хан ұр­пақтарының қызыл, көк-жасыл, ақ, шұбар ту көтергенін жазады. 

«Сығай ханның екінші әйелінен екі ұл туады: Сейітқұл және Оннан хан. Оннан батырлығымен танылып, өз алдына жеке ту көтеріп, қызыл ту астында жүрген. Осы Оннаннан тарағандар – қызыл тулы төрелер деп аталады» деп жазады Құрбанғали Халид.

Одан бөлек, ақ тулы төрелер де Сығай хан тұқымынан тарағанын жазады автор. Әлбетте, бұл жерде автор Сығай деп Шығай ханды айтып отырғаны сөзсіз. Автор ақ тулы төрелер қатарына Көшектің баласы Барақ, Барақтың бір әйелінен тараған Ханбаба, Маман, Тоһир, Бөкей болғанын жазады. Көк, яғни жасыл тулылар ішінде: Есімнің ұлы Жәңгір хан. Жәңгір ханның екінші әйелінен туған Аула мен Бақи. Ауланың бір әйелінен – Абылай мен Жолбарыс, екінші әйелінен Сұлтанбеттер болғанын атап өтеді. «Шұбар тулылар ұлы жүз ішінде, аз ғана. Олардан белгілісі – Рүстем. Біреулер бұларды Оннанның туысы Сейітқұл төреден десе, біреуі Жәңгір баласы Бақидан таратады. Бұлар негізі қызыл тулы, Оннанға туыс­тығынан ақ тулы, Абылайға жақындығынан көк тулы болу керек болған соң Рүстем төре аралас, шұбар ту көтерген.

Білетіндердің айтуынша, бұл үш түрлі ту да Орыс ханнан тарайтын әулеттерге тиесілі», – деп жазыпты Қ.Халид. Бірақ автор бұл туларда қандай да бір өзге элемент болған, болмағанын жазбаған. Сол себепті дәлме-дәл сипаттау қиын. 

Ежелгі түркілер үшін көк түс – киелі түс. «Көк» сөзі «аспан» ұғымын білдіреді. «Көк Тәңірі» тіркесі де осы мағынадан туған. Түркі тілдеріндегі gök, «гёк» – аспанның түсі ғана емес, тіршіліктің бастауы. 

Демек, Қазақстан Республикасының көк Туы – осы ежелгі танымның жалғасы. 1992 жылы бекітілген бұл Ту – түркілік мұра мен тәуелсіз елдің болмысын бірдей айқындайды. 

Айтпақшы, қазақтың мемлекеттілік тарихында қызыл, ақ, жасыл түсті тулар болғаны анық. Қызыл түс – ежелгі түркілер үшін от пен өмірдің, күш-қайрат пен ерліктің белгісі. Махмұд Қашғари «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде түріктердің ұйғырларға қарсы соғысында жауынгерлердің қызыл жалау көтергенін жазады. Ал ғылымда ақ түс – барлық түстердің қосындысы деп саналады. Ол бейбітшілік пен биліктің белгісі. Тарихшы Ахмет Тоқтабай ақ жібек тудың Абылай хан ордасының үстінде желбірегенін атап өтеді. Абылай ханның туы ақ болғанын Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Сейіткерейұлының: 

«Ақ туын Абылайдың қолына алсаң, 

Артыңда аламанның біреуімін» деп жырға қосқаны да растайды. 

Ал беріректен айтар болсақ, Алаш автономиясының туы туралы бірнеше пікір қалыптасқан. Мысалы, Кеңес Нұрпейісұлы 1918 жылғы «Сібір сөзі» газетінде басылған мәліметтер негізінде Алаш автономиясының туы ақ болғаны жөнінде деректер ұсынса, Тұрсын Жұртбай «Ұраным Алаш» еңбегінде Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасында берілген деректерге сілтеме жасай отырып, Алашқа ортақ ту жасыл түсті болған деп тұжырым жасайды. 

Сонымен, ақ – биліктің, көк – еркіндіктің, қызыл – құрбандықтың, жасыл – рухани тазалықтың нышаны. Бұл түстердің барлы­ғы – қазақ тарихындағы байрақтардан көрініс тауып, ұлт болмысын айқындаған. Қазақ халқы қасиетті рәмізді қадірлеп, рухани биіктігін ерлікпен бекемдеген, бір тудың астына ұйысып, елдік тұтастығын ту ете білген ұлы халық. Туды тану – тамырымыз­ды тану. Ұрпаққа Қазақ елі кездейсоқ пайда болған жоқ, ғасырлар бойы қалыптасқан мызғымас негізі бар мемлекет екенін дә­лел­дейтін бірден-бір жол – осы.

 

Гүлнаурыз Соян, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 3-курс студенті