Өрттен екі ғимарат отқа оранды. Өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің ақпаратынша, қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.
Қызыл жалынның салдарынан жалпы саны 16 адам зардап шекті. Соңғы ақпарат бойынша, 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. 6 адам амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді. Сонымен қатар 3 науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.
Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы – 25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-22 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы – тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов және ТЖД өкілдері Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайын білді. Өрт салдарынан қайтыс болған 2 азаматтың үйіне барып, туған-туыстарына көңіл айтты. Жылыой әкімдігі тарапынан аталған отбасына қажетті көмек көрсетіледі.
Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен 30 мамыр күні Атырау қаласынан Құлсарыға 4 дәрігер жіберілді.
«Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеуде, – деді Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 81 адам, 17 техника жұмылдырылды. 21:47-де өрт толығымен сөндірілді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.