Каспий теңізінде жаңа арал пайда болды

Каспий теңізінде жаңа арал пайда болды
Табиғат қорғаушылар бірнеше жылдан бері 5 елге ортақ Каспий теңізінің тайыздануына байланысты дабыл қағып келеді.

Жақында су айдынының солтүстік бөлігіне таяу маңнан аралдың пайда болғаны хабарланды. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының П.Ширшов атындағы мұхиттану институтының ғалымдары ресми сайтында ақпарат таратты, – деп хабарлайды Kazinform.

 

Ғалымдар арнайы экспедиция кезінде Солтүстік Каспийде жаңа аралдың пайда болғанына көз жеткізген. Ол Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.

 

AMP

 

"Каспий теңізінде жаңа арал табылды. Бұл – Каспий теңізінің тайыздануының тағы бір дәлелі. 2024 жылдың қарашасында түсірілген спутниктік суреттерде "Средняя Жемчужная" жағалауының құрғағаны байқалды. Бұл теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты пайда болған жаңа жер екенін растау енді ғана мүмкін болды", – делінген ақпаратта.

AMP

 

Экспедиция мүшелері әуе кемесімен аралға жақындаған. Алайда судың таяздығы мен ауа райының құбылуына байланысты қона алмаған. Ал квадрокоптермен түсірілген фотосуреттерден аралдың сұлбасы анық көрінеді.

 

"Ғалымдар биогидрохимия, гидробиология және теңіздегі құбылу динамикасына қосымша зерттеулер жүргізу үшін аралдың маңындағы солтүстік таяз суда шамамен 0,4 м тереңдікте арнайы станция құрды. Қазір арал судан сәл ғана жоғары көтеріліп тұр. Бірақ теңіз суының ең төменгі деңгейінде айтарлықтай байқалады. Беткейі құмды жоталары бар тегіс, ылғалды, әрі жазық. Жақын арада ғалымдар жаңа аралдың бастапқы сипаттамасын аяқтап, оның географиялық атауына қатысты ұсыныстарын ортаға салады", – деп нақтылаған ресейлік ғалымдар.

 

Ғалымдардың пікірінше, Каспий теңізінің деңгейі төмендей берсе, арал аумағы кеңеюі мүмкін. Сөйтіп сирек кездесетін құстар мен Каспий итбалығының жаңа мекеніне айналады деген болжам жасалып отыр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.