Бұл туралы Президент Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада айтты.
Мемлекет басшысы: Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз
Фото: Ақорда
256
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды.

Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді», – деді Президент.

Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ.

– «Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс», –деді Мемлекет басшысы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.