– Көкей Меллатұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Өнер жолына қалай келдіңіз, домбыра жасауға қызығушылығыңыз қашан оянды?
– Ауылда, кішкентай кезімде өте бұзық болдым. Бір үйде үш бала өстік, мен – ортаншысымын. Азан шақырып қойған атым – Аят. Ата-анам еркелетіп «Көке, Көке» деп, кейіннен Көкей атанып кеттім. Бір күні таспен ұрып көршінің баласының қабағын жардым. Содан кейін көршіміз күнде келіп: «Бүгін дәрігерге барып келдік, бәлен сома кетті, түген сома кетті» деп айтып жүрді. Сосын әкем маған: «Бұл ақшаны өзің төле» деді. Бірақ менде ондай шама қайдан болсын, өзім небәрі он бір жастағы бала едім. «Төлеудің бір жолы бар – маған көмектесесің», – деді әкем.
Әкем – күйші, әрі домбыра жасайтын шебер. Солай домбыраға ою салдырып, шанақтарын идіріп, маған тапсырма бере бастады. Содан бастап ойынды тастап, он екі жасымнан домбыра істеу ісіне ден қойдым. Әкем ғана емес, шешем де өнерлі адам. Сонымен қатар әкемнің ағасы өте мықты суретші. Сол кісіге еліктеп, сурет сызуға қызықтым. Үйімізге әнші-күйші көп келетін. Солардың ықпалы шығар – өнер қанымызда бар. Кішкентайымыздан өнерлі адамдарды көріп өскен соң, идеялар да ойға оңай келеді. Көп сыза бергеннен шабыт та ашыла түседі.
Біз ол кезде Қытайда тұрдық. Қазақстаннан әкелінген сапалы домбыраларды көріп, оларды зерттедім, өңдеп те көрдім. 2007 жылдың соңында елге оралдым. Алматыға келгенде жиен ағамның үйіне тоқтадым. Сол кезде Құрманғазы оркестрінің шеберханасында жөндеу жұмыстары болып жатқандықтан, шеберхананы уақытша Нұрлан ағамның үйіне көшіріп қойыпты. Солай мен үш жылдай ағаммен бірге жұмыс істедім. Оның жанында Тұрсынбай деген аға бар еді – сол кісілерден домбырадан бөлек басқа да аспаптарды істеуді үйрендім. Әкемнен кейінгі ұстаздарым – сол кісілер.
– Осы кәсіппен тұрақты түрде айналысуыңызға не себеп болды?
– Домбыра істеп жүргеніме биыл 26 жыл болды. Осы жылдар ішінде түсінгенім – қандай істі де атқару үшін адамға тұрақтылық пен табандылық керек. Бұл өнер мені сол табандылыққа тәрбиеледі.
Мен әр істеген дүниемнен ләззат аламын. Сондықтан істеген затыма ерекше сүйіспеншілікпен қараймын. Бастапқыда мықты шебер болсам, қазақ домбырасының құрылымын жетілдірсем деген арманмен бастадым. Сол арманыма адалдығымнан айнымай келемін. Әрине, кейде шаршайсың – ондайда спортпен айналысып, біраз демалып келемін. Кейін қайтадан осы кәсіпке ораламын. Мені қуантатыны – қаншама өнер адамы менің қолымнан шыққан домбырамен ел алдында өнер көрсетіп жүр. Сахнада өз туындымды мықты әнші-күйшілердің қолынан көрген кезде марқайып қалатыным рас.
– Алғаш істеген домбыраңыз қандай еді? Қазіргі туындыларыңызбен салыстырғанда айырмашылығы бар ма?
– Әрине, айырмашылығы жер мен көктей. Алғашқы істеген домбырамды көршімнің баласы алған. Әкесі келіп: «Бұл – алғашқы өнер туындың, ырымдап алайын» деді. Кішкентай, қырық екінші өлшемдегі домбыра еді. Әлі бар ма, жоқ па – білмеймін. Ол кездер алыста қалып қойды. Жүре келе материалдардың түр-түрін, мықты шеберлердің ісін көрдік. Зерттедік, зерделедік – солай дамыдық. Бұрын алғаш бастағанда домбыраның үнін аса айырмайтынбыз. Жасым жиырмаға жеткенше де аса мән бере бермедім. Кәсіби түрде 2005–2006-жылдары айналыса бастадым. Сол кезден бастап мықты өнер адамдарының домбыраларымен салыстыра жүріп, даму процесі басталды.
Қазір техниканың дамыған заманы аспаппен ағаштың қалыңдығын, тығыздығын өлшеуге болады. Соның арқасында жұмысымыз біршама жеңілдеді. Үзбей жасасақ бір қарапайым домбыраны 10 сағатта аяқтауға болады. Бұрынғыдай емес кептірілген дайын ағаштар сатылады. Біз бетқақпақ ағаштарын Германиядан аламыз. Қытайда арнайы ағаш сататын зауыттар бар – солардан да алдырамыз. Олардың ішінде табиғи жолмен кепкені және аппаратпен кептірілгені болады. Аппаратпен кепкен ағашта әлі де ылғал болады. Шебер ағашты қолына ұстағанда-ақ оның тығыздығын, құрамында су бар-жоғын сезе алады.
– Домбыра дыбысының сәтті шығуының құпиясы неде?
– Домбыра дыбысының тоқсан пайызы – бетқақпаққа байланысты. Шебер адам, ең алдымен, бет ағашты дұрыс таңдай білуі шарт. Оның табиғи жолмен кепкеніне, құрғақтығына мән беру керек. Бетқақпақтың ішіне «белағаш» деп аталатын кергіш ағаш қойылады. Оның орналасуы мен қалыңдығы өте маңызды. Барлық құпия сол бетқақпақта дер едім. Қарапайым адам үшін барлық ағаш бірдей көрінуі мүмкін. Бірақ шебердің көзі ағаш таңдауда қателеспеуі керек.
Соңғы кезде домбыра істеуде ағаштан бөлек материалдарды – темір, жылқының бас сүйегі сияқты бұйымдарды қолданушылар көбейіп келеді. Жалпы, домбыра үшін оның жасалған материалы емес, бастысы – үні. Ағаштан басқа материалмен жасалған домбыралар қызық үшін, шоу үшін жасалады. Ондай домбырадан «керемет табиғи үн шығады» деп айта алмаймын. Мен де сүйек қосып істеп көргенмін. Бірақ еуропалықтар, мысалы, скрипка, гитара сияқты аспаптарды тек ағаштан жасайды. Табиғи, таза дыбыс шығуы үшін бетқақпақты табиғи жолмен кепкен шырша ағашынан істейді. Сүйек, темір, тас – бұлармен шынайы, сапалы дыбыс жасау мүмкін емес.
Қазақ шешен адамды көргенде «Сөздің тиегін ағытты» дейді, сол сияқты домбыраның да үні тұнық әрі таза шығуы үшін тиектің қызметі өте маңызды. Өйткені ішекті қаққанда дыбыс алдымен тиекке барады, сол арқылы таралады. Тиекті дыбыстың тасымалдаушысы деуге болады.
– Қазір «электро-домбыра» деп домбыраны бірден дыбыс күшейткіш аппаратқа қосып, өнер көрсететіндер көбейді. Ондай домбыралар туралы не айтасыз?
– Электро-домбыралар керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды, заман талабына сай даму қажет. Гитараның да электронды нұсқалары шықты ғой – солар керемет деңгейге жетті. Домбыра да заманнан қалмаса деймін. Менің көзқарасым – оң. Бірақ домбыраның табиғи үнін жоғалтып алмау маңызды. Жас буын үшін сахналық форматта ерекше, әсерлі естілуі – жақсы мүмкіндік. Алайда түп тамырынан алыстамай, ұлттық болмысты сақтай білген жөн.
– Ал тапсырыс берушінің талғамы мен мінезі домбыраға әсер ете ме?
– Әрине, тапсырыс берушінің ниеті мен сенімі тапсырыстың қалай шығатынына тікелей әсер етеді. Оған талай көзіміз жетті. Мысалы, домбыраларымызға елге танымал өнерпаздар мен тұлғалар да жиі тапсырыс береді. Сондай-ақ шеберге барынша сенім артқан дұрыс дер едім. Өйткені аспаптың сапалы шығуы үшін сол сәттегі шебердің көңіл күйі аса маңызды. Кез келген сапалы дүние байыппен, баппен жасалады. Кейде тапсырыс берушілер, қымбат әрі ұзақ уақытты талап ететін бұйымға тез арада қол жеткізуге асығады. Мұндай жағдайда домбыра да кем-кетіксіз болады деп айта алмаймын. Әрі шектен тыс саудаласып, қол еңбегінің құнын түсіретіндер де аз емес.
– Сұхбатымыздың соңын ерекше сұрақпен аяқтағымыз келеді. Егер сіз «домбыра» болсаңыз, ол қандай болар еді?
– Мен бүкіл қазақтың қайғы-қасіретін, мұңын жеткізетін, жүректі тербететін қоңыр үнді домбыра болар едім. Сыртым – қазақы ою-өрнекпен көмкерілген. Материалым – қазақ жерінде өсетін ең жақсы ағаш – бұйра қайың, ал бетқақпағым – табиғи жолмен кептірілген Тянь-Шань шыршасынан жасалған болар еді.
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет! Ісіңіз алға басып, өнеріңіз өрге жүзсін!
– Сіздерге де алғысым шексіз. Домбыра үні өшпесін!
Гүлнаурыз СОЯН, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ 3-курс студенті