Поляк революционерлерінің отбасында дүниеге келіп, 14-15 жасында азамат соғысының майдандарында шайқасқан, жеке адамға табынуды өте зиянды деп қараған ғылыми коммунизмнің негізін қалаушы Карл Маркстің жастық шағы жайлы тамаша кітап жазған Г.Серебрякова сталиндік қуғын-сүргіннің алғашқы толқынында-ақ зардап шеккендердің бірі болды. Артық-кемі жоқ тұп-тура жиырма жылға созылған азапты өмірді бастан кешірген. 1937 жылғы 29 қарашада тұтқынға алынып, түрмеге түскен. Арада екі жыл өткенде, яғни 1939 жылғы 1 қыркүйекте КСРО Мемлекет қауіпсіздігі министрлігінің айрықша мәжілісі РСФСР қылмыстық істер кодексінің аты-шулы 58-бабымен еңбекпен түзеу лагеріне кесілген. Бұл жазаны 1943 жылы өтеп шыққанымен, Коми АССР-іне жер аударылған Серебрякова өзі өтініп Қазақстанды, Семей қаласын қалап алады.
Өз кітаптарында жазғанындай, Галина Серебрякова қазақ жерінде ұлтымыздың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың алғашқы ұстазы болып, өнерге баулыған. 1946 жылы Семей қаласында әуесқой әншілер байқауы өткенде әділқазылар алқасының мүшесі Галина Серебрякова ол кезде ет комбинатында жұмыс істеп жүрген балауса әншінің талантын бірден таниды. Ал Галинаның анасы Бронислава Сегизмундовна пианист болатын. Екеулеп Бибігүлдің өнерін ұштауға кіріседі. Жас қыз консерваторияға оқуға кеткенше жер аударылған жазушы әйелдің отбасының бір мүшесіндей болған.
Арада көп жыл өткен соң, 1970 жылы Бибігүл Төлегенова «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «...Мені ән салуға тамаша педагогтер баулыды. Бірақ мен Галина Иосифовнамен өткен сол тамаша күндерді өмір бойы есімде сақтаймын...», – деп жылы естелігін айтады.
Қайда жүрсе де «халық жауы» деген атақ соңынан қалмаған қайсар жазушы әйел Галина кемеңгер Абайдың елінде көп бола алған жоқ. 1949 жылдың мамыр айында оны тағы да тұтқындап, сол жылғы тамызда «Айрықша мәжілістің» шешімімен 10 жыл еңбекпен түзеу лагерінде болу жазасы беріледі. Бұл аз көрінсе керек, 1951 жылы лагерьді түрмеде отыру жазасына ауыстырады.
Тағы да тар қапас. Еркіндікті аңсайтын қаламгер үшін бұдан ауыр азап бар ма? Алайда ол мойыған жоқ, күресе білді. Нәтижесінде, контрореволюциялық қылмысы үшін сотталғандардың ісін қарайтын Орталық комиссия 1954 жылғы 7 шілдедегі қаулысымен Галинаның түрмеде отыру жазасын еңбекпен түзеу лагеріне өзгертті. Арада жыл өткенде сол комиссия лагерьде болуды Жамбыл қаласына мерзімсіз жер аударуға алмастырды. Өмірін қудалау мен күресумен өткізген қаламгер ежелгі Тараз жеріне осылай келген еді.
Өкініштісі сол, орыс әдебиетінің қиын тағдырлы өкілдерінің бірі Таразда айдауда болғанын бүгінгі жас ұрпақ түгілі сол кездің куәгерлері де біле бермейді. Десе де, мұрағат құжаттарында орыс жазушысы қабырғалары шикі кірпіштен қаланған кішкентай ғана үйде өзі, анасы, қызы Таня үшеуі тұрғандығы туралы дерек бар. Оны қалалық денсаулық сақтау бөлімі шалғай ауылдағы дәрігерлік пунктте жұмыс істеуге шақырған. Алайда ауылда орыс мектебі болмағандықтан Серебрякова қызының болашағын ойлап ол қызметтен бас тартқан.
Тарихта «жылымық кезең бастау алған» делінетін 1956 жылды Галина Серебрякова сол кезгі Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласында қарсы алды. Ақпан айында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХ съезі өтіп, Сталиннің жеке басына табынушылық және оның зардаптары туралы мәселе қаралды. Галина Серебрякова өтіп жатқан съезд төралқасының атына хат жолдады. Үміт пен күдік алмасқан күндер басталды. Съезд жұмысын аяқтаған 25-ші ақпанда Мәскеудегі қаламдас достары телефон арқылы сөйлеседі. Көп ұзамай КСРО Жазушылар одағының сол кезгі төрағасы Алексей Сурков Жамбыл облыстық партия комитетіне Галина Серебрякова жайлы жақсы мінездеме де жазып жібереді. Ал осы жылдың шілде айында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жеке басқа табынушылықты айыптаған арнайы Қаулы қабылдады. Осы Қаулы аясында, Одақтың жазушылар ұйымының төрағасының хаты бойынша тамыз айында Жамбыл облыстық партия комитетінің бюросы жеке басқа табыну сияқты қатерлі құбылыстың алғашқы құрбандарының бірі – жазушы Галина Иосифовна Серебрякованың жеке ісін қарады.
«...Тамыз айының ыстық күні күйдіріп тұрған болатын. Маған Жамбыл облыстық партия комитетінің бюросына бару керек еді. Онда менің тағдырым шешілуге тиіс...»
Галина Иосифовна Серебрякова бұл жолдарды кейінірек, алпысыншы жылдары жазды. Ал сол 1956 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі қала соғыстан кейін де «халықтар көсеміне» көзсіз табынушылар орнатқан үрей мен күдік ахуалынан толық арыла қойған жоқ болатын. Сондықтан да жамбылдық коммунистердің өздеріне мүлде бейтаныс мәскеулік әйелді қорғауға баруы екіталай нәрсе еді. Әрі оған тағылған айыптар жеңіл деуге келмейтін.
«Партиялық жауапкершілікке тартылған кезде КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. 1936 жылғы 5 тамызда Мәскеу қаласындағы БК(б)П Краснопресненск аудандық комитеті Серебрякованы контрреволюцияшыл-троцкистермен байланысы болғаны және большевиктік қырағылығын жоғалтқаны үшін партия мүшелігінен шығарды...»
«Күйеуі Серебряков троцкистер оппозициясының лидері болды. Екінші күйеуі Сокольников (олар 10 жыл бірге тұрды) партияның және Кеңес үкіметінің жауы ретінде партиядан шығарылып, Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) арқылы тұтқындалған...»
Жазушыға тағылған мұндай айыптар бірінен кейін бірі жалғасып кете береді. Өз бойындағы жазушылық қарымын, талантын жарқыратып көрсетер толысқан шағында «жау» атанып, небір тамаша жоспарлары сағымға айналған Серебрякованың Сәкен Сейфуллинмен достығы да оған үлкен айып болып тағылған. Қазақ ақынымен 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш онкүндігінде алғаш рет жүздескен. Екеуін таныстырған – атақты орыс жазушысы Александр Фадеев.
Келесі, 1937 жылғы сәуір айының басында өткен Қазақстан кеңес жазушылары одағының пленумы «Әдебиет майданы» журналының редакторы болған Сәкен Сейфуллинді «Троцкистер бандасының бандиткасы Галина Серебрякованың «Маркстің жас шағы» деген романын аударып басты» деп кінәлаған. Шығармашылық, қаламгерлік байланыстары осылайша екеуіне үлкен пәле болып жабысқан. 1937 жылы жалған саяси жаламен тұтқындалып, келесі жылы атылған қазақ ақыны өзін өлім жазасына кескен Жоғарғы соттың Әскери коллегиясының көшпелі мәжілісінде жасаған мәлімдемесінде: «Мен, Сәкен Сейфуллин, жантөзгізсіз қинауға шыдай алмай жазушы Галина Серебрякованы жазықсыз қаралағанымды мәлімдеймін. Арамызда ешқандай жат пиғылды әңгіме болған емес, күйеуін көрген де емеспін...», – деп шындықты ашып айтып, нағыз ерлік танытты. Бұл жазбаша мәлімдемесі Жамбыл облыстық партия комитеті бюросы мәжілісінде де оқылып, Г.Серебрякованың ақталуына көмегін тигізді. Жаламен жиырма жыл азап көрген Галина Серебрякова өзінің кітабын қазақша сөйлеткен адамның адалдығына әрқашан да сенді. Ол С.Сейфуллиннің жазықсыз жазаланып кетуімен бірге әдебиетіміздің өзінің тамаша бір өкілін жоғалтқандығын ашына жазды.
Мұрағатта сақтаулы Жамбыл облыстық партия комитеті бюросының 1956 жылдың 16 тамызында қабылданған шешімінің мәтінінде былай делінеді:
«...Қаулы етіледі:
Г.И.Серебрякованың Кеңес Одағы Коммунистік партиясына мүшелігі 1919 жылдың тамызынан қайта қалпына келтірілсін. Жамбыл қалалық партия комитетіне Серебрякованың партиялық құжаттарын беру тапсырылсын».
Қуғын-сүргін науқаны шырқау шегіне жеткен жылдары атын естіген адамның құтын қашыратын «Ерекше кеңестен» үш рет 1939, 1944 және 1951 жылы жазықсыз жаза үстіне жаза алған жазушы әділдік салтанат құрған осы күн туралы ерекше толғаныспен жеткізді:
«Облыстық партия комитетінің хатшысы жалған айыптаулардың бірінен соң бірін жоққа шығара бастады да, олар дәйектер мен шындықтың таза отына түгел жанып кетті. Менің партиялылығым осылай қалпына келтірілді....«Сіздің стажыңыз жүріп жатты. Сіз коммунист болып қала бердіңіз», – деді маған облыстық партия комитетінің хатшысы», – деді Галина.
Серебрякова жүрек алғысын арнаған бұл адам Жамбыл облысын 1952-1957 жылдары басқарған Шолақ (Нысанбай) Артығалиев болатын. Азап пен тозақты аз көрмеген жазушы әйелді ақтау жөніндегі шешімді қолдап бюро мүшелері Ващенко, Кондратьев, облыстық партия комитетінің мүшелері Әскеева, Демеуов, Ибраев, Исақов, Колмогоров, Қарабалин, Омарбековтер де дауыс бергені хаттамада жазулы. Сол бюроға қатысқан Өтеулі Досыбиев ол кезде Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын. Сол азамат Шолақ Артығалиевтің әдебиет пен өнерге жанашыр адам болғанын жиі айтқан. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Талас ауданына келуі де сол Ш.Артығалиев басшылық қылған 1955 жылы болыпты. Міне, осындай өнер адамдарына жанашыр азамат Галинаның ақталып шығуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан.
Жамбыл өлкесі азаматтарының көмегімен еркіндік алып, Мәскеу қаласына қайта оралған Г.Серебрякова көптеген тамаша кітаптар жазды. Ал 1971 жылы Мәскеуде жарық көрген «Өзгелер және өзім туралы» атты туындысында Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында тұрған өмірі туралы баян етіліде. Сондай-ақ нәубет жылдарының қиянаты туралы баяндаған «Қара құйын» повесінде 1956 жылдың тамызында Жамбыл облыстық партия комитетінің бюросында ақталғанын жазған. «Литературная газета» 1980 жылғы 9 шілдеде жазушыға арналған қазанамасында оның Карлаг-тан соң Жамбыл қаласында тұрғанын, анасын осында жерлегенін баяндаған. Мұны толықтыра түсер дерек, 1966 жылы жазушы анасының мүрдесін Тараздан қазып әкетіп, Переделкиноға қайта жерлеген.
Киелі Тараз топырағында қуғын-сүргін жылдары Г.Серебрякова секілді талай жазушы ақын, суретшінің ізі қалғаны анық. Мәселен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін орыс тіліне алғаш аударғандардың бірі, жазықсыз жалалы болып, қуғындалған орыс жазушысы Андрей Алдан-Семенов те аз уақыт болса да сол тұстағы Жамбыл қаласында тұрған. Тұңғыш повесі мен өлеңдер кітабын осында жазған.
Иә, зұлмат жылдары Тараз топырағынан пана тапқан жазушы, өнер адамдары туралы ауқымды зерттеулер қажет. Бұл өскелең ұрпаққа өткен тарихты танытып қана қоймай, өнер адамдарының туындылары мен өмір жолына тәнті туристерді де көне шаһарға көптеп тартары сөзсіз.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы