Қала берді ата-ана тәрбиесіндегі көмекші құралға айналды. Балалар күні қарсаңында «Balapan» телеарнасының редакциясына барып, арна қызметімен танысып, эфир тізгіндеген кішкентай тілші-балапандармен кездесіп қайтқан едік.
Редакцияда жылы жүзбен қарсы алған «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Укеновамен балалар тақырыбы туралы, арнаның бүгінгі беталысы жайында әңгімелестік. Балалар арнасы ашылған жылдан бүгінге дейін қазақ анимациясының қоржынын 3000-ға жуық сериядан тұратын 160 жобамен толықтырып, 7 892 шығарылымды құрайтын 434 тележоба, 435 сериялы 28 телехикая мен ситком өндіріпті. «Balapan»-да бұрын 0 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған жобалар ұсынып келген болса, қазір көрермен аудиториясы 0 жастан 8 жасқа дейін қысқарған. Экранға жол тартатын жобалар осындай жекелеген жас категориясына сай көрерменнің таным деңгейіне сай әзірленеді.
«Ең кішкентай көрермендер үшін музыкалық, ойын-сауық форматта сандар, түстер, жыл мезгілдерінің атауларын, әріптерді үйрететін жобаларды әзірлейміз. Ал 6 жастан асқан балалар үшін интелектуалды, спорттық, ғылыми-танымдық жобаларымызды ұсынамыз. The Walt Disney Company, Dream World, Pixar, Universal studios limited, Nickelodeon Animation Studios сынды әлемдік алпауыт анимациялық компаниялардың ең сапалы, сұранысы жоғары телеөнімдерін қазақ тіліне дубляждап, көрермен назарына ұсынып жүрміз. Қазірге дейін әлемдік үздік мультхикаялардың 1000-нан аса сериясы кішкентай көрермендерімізге мемлекеттік тілде жол тартты. Олардың қатарында әйгілі «Элвин және алақоржындар», «Микки Маус клубы», «Сақшы арыстан» секілді аңызға айналған туындылар да бар. Осы бағдарламаларды эфирге беру кестесі алдын ала жасалған. Мектептегі ауысым уақыты да ескеріліп, кей бағдарламалар қайталанып беріледі», – деді М.Укенова.
Балалар контенті дегенде ойымызға ең бірінші анимациялық жобалар оралатыны сөзсіз. 2010 жылдан бері өндірілген отандық анимациялық фильмдердің басым бөлігі «Balapan» арнасына тиесілі. Биыл кішкентай көрерменнің қиялындағы қаһарманына айналған Шоқан да «Balapan»-ның жемісі. Толықметражды «Шоқан. Қашқария сапары» және төл әдебиетіміздегі аңыз кейіпкер Желаяқтың заманауи образына негізделген қиял-ғажайып жанрдағы «Желаяқ» мультфильмдері телеарнаның 15 жылдығына орай шығарылған еді. Одан бөлек, «Тоқты мен серке» толықметрлі анимациялық жобасы да көрерменге жол тартудың кезегінде тұр.
Эфир тізгіндеген балақай
Кішкентай тележүргізушілерді студияда кездестірдік. Әрқайсысы кәсіби журналист ретінде дағдыланған екен. Танымдық, ойын-сауықтық – «Balapan» Live және ғылыми тәжірибелер мен пайдалы лайфхактардан тұратын «Қызық әлем» бағдарламалары күн сайын кішкентай көрерменімен қауышып отырады. Тікелей эфирде шығатын осы бағдарламалардың тізгінін ұстаған 12 жасқа дейінгі 6 жүргізуші бар. Біз «Қызық әлем» бағдарламасының жүргізушілері Әлихан, Елнұр және Рахматулламен тілдестік. Олардың «Balapan»-дағы тәжірибесі 2 жылдан асыпты. Суфлерға ілесіп отыру, құлақтағы гарнитурадан режиссердің берген командасын орындау, тікелей эфирге хабарласқан көрерменнің сұрағы – мұның бәрі кәсіби тележурналиске жүктелген негізгі міндет. Осы міндеттерді орындап жүрген бүлдіршіндер бағдарлама барысында импровизацияны да жоғары деңгейде қолданады. Жүргізуші балапандар «Қызық әлем» бағдарламасы арқылы түрлі тәжірибе жасап, қатарлас көрермендерінің де таным көкжиегін арттырып келеді.
«Арнамыздың тікелей эфир тізгінін ұстағаныма 3 жылдан асты. Бағдарлама сценариін суфлер арқылы оқимыз, кейде алдын ала жаттап келетін кездер де болады. Тікелей эфирде әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Ондайда біз, жүргізушілер импровизация әдісін қолданамыз. Эфир басталуынан 2 сағат бұрын келіп, дайындықты бастаймыз. Бұл біздің сабағымызға ешқандай кедергісін келтірмейді, керісінше мектепте достарымыз бізге қызыға қарайды», – дейді Әлихан Рзахан.
Сондай-ақ тележүргізушілердің «Balapan»-нан сүйіп көретін кейіпкерлері де бар. Рахматулла «Маған Загдаун ұнайды» десе, Әлихан Питер Пенге ұқсағысы келеді, ал Елнұрдың сүйікті кейіпкері – «Желаяқ». Кішкентай тележүргізушілер өскенде кәсіби, белгілі журналист болуды армандайды екен.
«Balapan»-ның коды – отандық анимация
«Balapan» телеарнасы алғашқы жұмысын осыдан тура 15 жыл бұрын бастағанын жоғарыда айттық. Осы жылдар ішінде «Balapan» телеарнасының анимациялық жобалары ағылшын, испан және португал тілдерінде АҚШ, Латын Америкасы және Ресей мемлекеттерінің интернет платформалары арқылы көрсетілді. Арнаның негізі қаланғаннан бері жобалардың берілу тәсілінде, бала қиялындағы кейіпкерлерде, тіпті «Balapan»-ның көрермен аудиториясында да өзгерістің нышандары байқалды. Осының бәріне арна ашылғалы бері қызметін тоқтатпай, балаларға арналған телеөнімді сұрыптап, экранға жолдайтын бас режиссер Қарлығаш Нұрмаханқызы куә болып келе жатыр. Ол кішкентай көрерменге арналған анимациялық жобалардың құрылымына айрықша тоқталды.
– «Balapan» арнасы алғаш құрылған кезде анимациялар 2D форматта ұсынылды, кейіпкерлері аз болды. Ал қазір 3D форматына ауысып, ауқымды локациялар қосып, кейіпкерлердің санын 10-ға дейін көбейтіп жатырмыз. Олардың әрекеттерін құрастыру – өте қиын қадамның бірі. Бұл біздің ғана емес, бізбен қатар жұмысты атқарып келе жатқан аутсорсинг компаниялардың да деңгейінің өскенін көрсетеді. Анимация ең бірінші идеядан басталады. Идея құрылғаннан кейін кішігірім синопсис жасалады да, ол бекітілгеннен кейін сценарий жазылады. Жазылып біткеннен кейін ғана анимактикке кірісеміз. Отандық анимацияны ұсынған кезде өзімізге тән ерекшеліктерді назардан тыс қалдырмауымыз шарт. Өйткені кішкентай бала ұлттық дәстүріміз бен мәдениетінімізді айшықтайтын дүниені көріп өсуі керек, – деді Қарлығаш Әбдібаева.
«Balapan» телеарнасының бас редакторы Әйгерім Балғабаева әрбір өнімнің қызық та пайдалы, бала тіліне, санасына сай жеңіл, танымдық сипатта болуы, әр жобада ұлттық идеологиямен қатар жалпыадамзаттық құндылықтардың қамтылуын басты назарға алатынын айтты. Кез келген жобаны әуелі идея деңгейінде жан-жақты талдап, өндіріс барысында балалар психологі, педагог, филолог, этнограф сынды кәсіби салалық мамандардың кеңесіне сүйенетінін атап өтті. Осылайша, 15 жыл ішінде қазақ тілді балалар контентін құрудың өзіндік қағидалары қалыптасып үлгергенін және өнім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар үздіксіз жүргізіле беретінін жеткізді.
«Арнаның хед-лайнерлі онлайн-офлайн форматтағы үлкен кастингтер арқылы іріктеледі. Тіпті, әр мектепті, балаларға арналған өнер-білім орталықтарын шарлап жүріп іздейміз. Кастингтің алғашқы кезеңінен өткендер студиядағы іріктеуге қатысады» деп сөзін түйді бас редактор Ә.Балғабаева.
«Balapan» – аутсорсинг жүйесімен жұмыс істейтін арна. Яғни, аутсорсинг компаниялар арасында байқау өтіп, ондағы бірегей жобалар таңдалып алынады. 100-ден аса келіп түскен ұсыныстардан іріктеліп алынған 20-30 жоба питчингке қатысады. Арнаның бұл бағытындағы қызметін бас продюсер Әйгерім Мейрамовадан сұрадық. Ол көпшілікті қызықтыратын байқаудың қалай өтетінін айтып берді.
«Жыл көлемінде аудио-визуалды жобалар, телехикаялар, мультхикаялар жасайтын шығармашылық студияларынан бірнеше бағытта жобаларды қабылдаймыз. Алдымен ауқымды конкурс жариялаймыз. Конкурсқа қатысушыларға белгіленген талаптар қойылады. Олардың ұсынған идеясынан бастап, жобаны жүзеге асыру әлеуетіне дейін толық зерттейміз. Компанияның бұған дейінгі тәжірибесі де ескеріледі. Корпорацияның басшылық құрамы және жауапты әрі жоғары білікті мамандарынан құрылған көркемдік кеңес әр ұсынылған жобаны ашық талдап, таразылап өндіріске жіберу туралы шешім қабылдайды. Арнаның шығармашылық құрамы өндіріске алынған жобалардың сценарийін жазу процесінен бастап, түсірілімге, анимация салуға қатысты барлық жұмысқа толыққанды қатысады», – деді бас продюсер.
Бабы келіскен «Balapan»
Биыл «Balapan» арнасы 10 анимациялық жоба өндіріп жатыр. «Жалын мен Мөлдір», «Сұлтан Бейбарыс. Мысыр құпиялары», «Жедел достық», «Киберқауіпсіздік» сияқты бірқатар анимациялық жобалар достық, оқу-ағарту, тарих, ұлттық салт-дәстүрлер және киберқауіпсіздік сияқты өзекті тақырыптарды қамтиды. Бұған қоса, жасанды интелектті пайдаланып, анимациялық жобалар жасауды да қолға алған. Атап айтқанда, Qazaqstan телерадиокорпорациясы шығарған «Асыл мұра» аудиожинағына енген халық ертегілері желісімен мультхикаялар жасалып, «Аю мен түлкі» атты алғашқы сериясы эфирден көрсетілді. Сондай-ақ арнаның брендтік бейнелері – «Balapan» кейіпкерлердің қатысуымен әртүрлі саланың қыр-сырын баяндайтын «Біле, жүр, балақай» 10 сериялы мультфильмдер топтамасы да жасанды интелект арқылы әзірленіп жатыр.
Телеарна тек балаларға арналған контент ұсынып қана қоймай, әлеуметтік жобаларға да басымдық беріп келеді. Атап айтқанда, жаһанды жайлаған пандемия кезінде «Balapan» телемектептің рөлін атқарып, оқушылардың білім көшінен қалмай, оқубағдарламаларын толық меңгеруіне атсалысып еді. Одан бөлек, 2021 жылы телеарнаның жанынан «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік анимация мектебі» құрылған. Мектепке қабылданған 30 оқушыға отандық аниматор мамандармен қатар, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің мультипликатор мамандары дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізді. Балалар жылында есте қалар ерекше бағдарламалардың бірі – «Атамекен» арнайы жобасы. «Balapan» арнасы «Отандастар» қорының бастамасымен атамекенге сағына жеткен шетелдегі қазақ балалары туралы фильм түсірді. Арна 10 жылдығына орай көрермендер арасында кең танылған анимациялық сериалдар негізінде «Менің сүйікті кейіпкерім» ертегілер жинағын шығарды. Мұның барлығы – балалардың назарын аудартқан, балалар тақырыбына бет бұрған арна үшін үлкен жетістік.
Бүгінде әлем телеарналардан гөрі интернет желілері арқылы ақпарат алуды дағдыға айналдыра бастады. Осы ретте «Balapan» да эфирден тыс, әлеуметтік желілердегі ресми каналдарын қатар дамытуға ден қойып келеді. Арнаның цифрлық кеңістіктегі белсенділігі жыл сайын артып жатқанын төмендегі сандар дәлелдейді: YouTube арнасындағы жазылушылар саны 2,5 миллионға жуықтап, контенттердің жалпы қаралымы 1 млрд-тан асты. Сондай-ақ телеарнаның Instagram және TikTok парақшаларындағы оқырман саны да жүйелі түрде артып келеді.
Халықаралық балаларды қорғау күнінде ғана емес, әр сәтте олардың қалауын орындауға міндеттіміз. Өйткені елдің болашағы қандай болары бүгінгі кішкентай балаларға берілетін тәрбиеге байланысты. Балалар – үнемі қоғамның басты назарында. Осы тұста «Balapan» телеарнасының да атқаратын қызметі айрықша. 1 маусым балалар күніне орай «Balapan»-ның да бүлдіршіндерге арнаған жобалары бар. Оқу-ағарту министрлігі, QAZAQ радиосы және «Balapan» ТА бірлескен жобасы «Әншуақ» республикалық қазақ тіліндегі балалар әндері радио фестивалінің Астана қаласында өтетін «Гала концерті» мен «Біз бақытты баламыз» арнайы жобасын көрермен назарына ұсынбақ.
Қазақ баласының тілі мен танымын дамытуға, ұлттық тәрбиені ұлықтауға, ұрпақ санасына ізгілік дәнін себуге бағытталған бұл арна – бір ғана экран емес, тұтас ұрпақтың жан серігіне айналып келеді. «Balapan» – бүлдіршінге бағыт, балаға бағдар, ұлт болашағына жасалған берік инвестиция.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы:
Миссиямыз – көркем сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеу
Әлі күнге дейін есімде, арна жұмысын он бес жыл бұрын Корпорация ішінен құрылған шағын ғана топпен бастаған болатынбыз. Айналасы 3-4 айдың ішінде эфирге шығардық. Еліміздегі ең алғашқы салалық телеарна болғандықтан, шығармашылық, техникалық базасын қалыптастыру, 17 сағаттық эфир кестесін толтыру оңай болған жоқ. Тіпті, қазіргі күннің өзінде арна эфирін өндірісі өте қымбат тұратын анимациялық жобалармен толтыру оңай емес, ал ол кезде нарықта балаларға арналған мультипликациялық өнімдер мүлдем болған жоқ. Осылайша, «Balapan» арнасының сұранысының нәтижесінде нарықта анимация өндіретін алғашқы продакшндар пайда болды. «Balapan» арнасы осы жылдар ішінде жалпы анимация индустриясының дамуына түрткі болып, арнаның төл өнімдерінің үлкен экрандарға шығуына дейінгі үлкен даму жолынан өтті. Мұның барлығы сол кезде балалар арнасының аяқтан нық тұруы үшін аянбай қызмет еткен біздің әріптестеріміздің еңбегінің жемісі.
Жалпы, арнаның он бес жылдағы ең басты жетістігі ретінде өз ана тілінде таза, көркем сөйлейтін жаңа буын ұрпақ тәрбиелеп шыққанын айтар едім. Бұл – әрі қарай да біздің негізгі миссиямыз болып қала береді.
Соңғы екі жылда біз «Balapan» телеарнасын шетелдік кабельдік операторлар арқылы Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия мемлекеттерінің аумағына таратып отырмыз. Бұл бір жағы сол елдерде тұратын қандастарымыз үшін өз ана тіліндегі контентті пайдалануға мүмкіндік берсе, екіншіден, өзге елдердегі «жұмсақ күшіміз». Естеріңізде болса, Қырғыздың Жоғарғы кеңесінің депутаттары «Balapan» телеарнасын көретін қырғыз балаларының тілі қазақша шығып жатқанын айтып дабыл қаққан болатын. Бұл үрдіс он бес жыл ішінде «Balapan» арнасының тек медианарықтағы емес, мемлекеттік деңгейдегі брендке айналғанын көрсетті деуге болады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ