Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бала өмірі мен тәрбиесіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды тапсырған болатын. Бағдарламаны іске асыру үшін жақында арнайы жұмыс тобы құрылып, оған мемлекеттік органдар, сарапшылар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылды. Үкімет әзірлей бастаған «Қазақстан балалары» қандай бағдарлама? Бұл құжат нендей проблемаларды қамтиды?
Бала болашағына кешенді қамқорлық
275
оқылды

Ұлттық статистика бюро­сының мәліметінше, былтырғы санақ бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны 6,8 мил­лионнан асады, бұл – жалпы халықтың 34,1 пайызы. Ұлттық бағдарламаның басты мақсаты – ел тұрғындарының үштен бір бөлігіне тең  балалардың құқық­тары мен мүдделерін қорғауды күшейту, олардың өмір сапасын арттыру. Білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, бос уақытты тиімді пайдалану – осының бәрі бағдарлама аясын­дағы жеті негізгі бағытқа кіреді. Әр бағыт – баланың жан-жақты дамуы үшін қажет іргетас. Мем­ле­­кет бұл бағдарлама арқылы баланың дүниеге келген сәтінен бастап, оның есею жолында кез­десетін барлық қажеттіліктерін қам­туға тырысады. Мәселен, мектепке дейінгі тәрбиеден бас­тап инклюзивті білімге, психо­логия­лық қолдаудан бастап мәде­ни демалысқа дейінгі аралық түгел қамтылмақ. Жақында 

«AMANAT» партиясы жанын­ағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің «Қазақ­стан балалары» ұлттық бағдар­ламасын әзірлеуге арналған ал­ғаш­қы отырысында осы атал­ған­дардың бірсыпырасы тал­қы­лан­ды. 

Балалар қауіпсіздігі мен әл-ауқаты – басты назарда

Бағдарлама бірнеше бағыт бо­йынша жүзеге асады. Соның бірі – балалардың құқығы мен қауіп­сіздігін қорғау. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қа­ты­гездік, немқұрайлық мәселе­лері елімізде әлі де өзекті. Ішкі істер министрлігінің мәліме­тінше, биыл қаңтар-мамыр ай­ларында кәмелетке толмағандарға қатысты 1 080 құқықбұзушылық тіркелген, бұл бір жыл бұрын­ғыдан 7,6% көп. Балалар зардап шек­кен ең жиі тіркелген құқық­бұзушылықтар – 16 жасқа тол­маған адаммен жыныстық қаты­нас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер (158 іс). Кәме­леттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлау, ұрлық, жыныстық сипат­тағы зорлық-зомбылық, бұза­қылық және азғындық әрекеттері жиі тіркелген. Ал ЮНИСЕФ-тің 2023 жылғы дерегіне сәйкес, елі­міздегі 11–17 жас аралығындағы балалардың 66%-ы зорлықтың бір түріне ұшыраған. Бұл – әрбір үш баланың екеуі қауіпсіз ортада өспей жатыр деген сөз. Осыған орай ұлттық бағдарлама мектеп­тер мен балабақшаларда қауіпсіз­дік талаптары күшейтіліп, әрбір мекемеде балаға қауіп төнген жағ­дайда жедел көмек көрсету алгоритмін енгізуді көздейді. 

Сонымен қатар балалар ден­саулығын сақтау – басты бағыт­тың бірі. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің дерегінше, қазір әрбір төртінші балада созылмалы ауру бар, ал балалар арасында семіз­дік пен қимыл-қозғалыс белсенділігінің төмендігі артып отыр. Бұл мәселені шешу үшін бағдарламада мектеп медицина­сын күшейту, спорт және сала­мат­ты өмір салтына баулу бойын­ша шаралар қарастырып жатыр. Бұған қоса, елімізде паллиативтік көмекке мұқтаж жандар саны артып келеді. Ресми дерекке сүйен­сек, 2023 жылы 107 мыңнан астам адамға паллиативтік көмек қажет болған. Алайда олардың 12 пайызы ғана мұндай көмекке қол жеткізе алған. Бұл – айықпас дертке шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына арналған қолдаудың жоқтығын көрсетеді. Сарапшы Марина Стрелковская: «Айықпас дертке шалдыққан бала­лары бар отбасылар қымбат жаб­дықтар мен дәрі-дәрмекті өз­дері сатып алады. Олар жалғыз күресуге мәжбүр», – деп мәлім­деді.

Әлеуметтік теңдік пен сапалы білім – әр балаға

Бағдарламаның тағы бір өзекті бағыты – балалардың білім алуға және бос уақытын тиімді пайдалануға қолжетімділігін арттыру. Айырмашылық, әсіресе ауыл мен қала арасындағы білім сапасында анық сезіледі. Мәдени және спорттық даму мүмкіндік­терінің теңсіздігі де байқалады. ArtSport бағдарламасы арқылы үйірмелер мен секцияларға қаты­сатын балалардың басым бөлігі – қалалықтар. Ауылдық өңір­лер­­дегі балалардың қамтылуы – 30 пайыздан аз. Ресми деректерге сүйенсек, 2024-2025 оқу жылында елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы мектепке барды, 380 мыңнан астам бала қосымша бі­лім беру (үйірме, секция) жүйе­сіне қатысады, бұл – жалпы ба­лалар санының 9,8 пайызы ғана. Бағдарлама осы көрсеткішті арт­тыруды мақсат етіп отыр. Ол үшін балалар шығармашылығы үйлерін, спорт кешендерін көп­теп салу, мектеп жанындағы тегін үйірмелер мен секцияларды кеңей­­ту қолға алынбақ.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның ай­туынша, қазір еліміздегі бала­лар­дың 11 пайызы әлеуметтік осал отбасыда өсіп жатыр. Бұл балалар көбіне үйірме мен сапалы білім­нен тыс қалады. Бағдарламаның шынайы тиімділігі – осындай балаларға нақты қолдау көрсет­кенде көрінбек. 

Сондай-ақ елімізде ерекше қажеттілігі бар 200 мыңнан астам бала бар. Алайда олардың 40 пайызы ғана инклюзивті ортада білім алуда. Бұл – мектептердің дайын еместігін және арнайы педагогтердің жетіспейтінін көр­сетеді. Динара Зәкиева: «Бағдар­лама инклюзивті білімнен бастап, баланың цифрлық қауіпсіздігіне дейінгі барлық саланы қамтиды. Біз ерекше балаларға нақты жағдай жасауымыз керек», – дейді.

Сонымен қатар бүгінде мек­теп­тегі психологтерге түсетін жүк­теме тым жоғары. Норматив бойынша әрбір психолог 300 ба­ла­ға қызмет көрсетуге тиіс болса, шын мәнінде бұл көрсеткіш 800-1500 балаға дейін жетеді. Бұл психологиялық қолдаудың сапа­сына тікелей әсер етеді. Сарапшы Гүлжан Вероцкая осы орайда мектеп бағдарламасына психо­логпен міндетті сабақтар енгізіп, балалардың психикалық жай-күйін тұрақты бақылау жүйесін қа­лыптастыру қажеттігін айтады.

Мамандардың айтуынша, елімізде әлеуметтік қызметкерлер де жетіспейді. Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау саласында ар­наулы әлеуметтік қызмет көрсе­тетін 35 мың маман жұмыс іс­тейді. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, арнайы педа­гогтер және әлеуметтік қызмет­керлер бар. Республика бойынша әлеуметтік қызметкерлер саны 12 704 адамды құрайды, оның 1 251-і үкіметтік емес секторда жұмыс істейді. 2024 жылғы дерек бо­йынша әрбір 10 мың балаға шақ­қанда тек 2,3 әлеуметтік қызмет­кер­ден келеді (ДСҰ норма-

сы – кемінде 10 адам). Мәжіліс депутаты Айна Мысыр­әлімова­ның айтуынша, бұған себеп – «бізде әлеуметтік қызметкерлерді даярлайтын арнайы бағдарлама жоқ. Жалақы төмен, ал қолдау құралдарының болмауы бұл ма­мандықтың дамуына тосқауыл болып отыр». 

Біртұтас жүйе қажет

Президент Қасым Жомарт-Тоқаев қазір жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыруының бір себебі – осы бағыттағы жұмыстардың әртүрлі құжатпен реттелуінде екенін ескерткен болатын. Шын мәнінде, балалармен жұмыс іс­тей­тін түрлі мемлекеттік құры­лымдар – білім, денсаулық, ішкі істер органдары бірыңғай жүйе бойынша әрекет етпейді. Ауыл мен қала арасындағы қызмет сапасы айырмашылығы 40%-ға дейін жетеді. Динара Зәкиева бұл бағдарлама әкімнен бастап, мұғалім мен учаскелік полицейге дейін балаға ортақ көзқараспен қарауына мүмкіндік беру керегін айтады. Сондай-ақ балалармен жұмыс істейтін түрлі құрылым арасында нақты және жүйелі үйлестіру жоқ. Қазір балаларға қатысты 37 түрлі функция әртүрлі министрліктер арасында бөлін­ген. Алайда олардың арасында өзара байланыс пен деректер алмасу жолға қойылмаған. Мә­жіліс депутаты Айна Мысыр­әлімова бұл туралы: «Көп мәселе заңда көрініс тапқанымен, қаржы жетіспеушілігіне немесе жер­гілікті орындаушының енжар­лығына байланысты шешілмей отыр. Кейде шешім бар, бірақ ол жүйелі жүзеге аспайды», – дейді.

Бүгінде баланың дамуы, ден­саулығы, білімі және әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттар әртүрлі мемлекеттік жүйелерде шашыраңқы сақталады, бірыңғай цифрлық карта жасалмаған. Бұл көмек көрсетуді қиындатады. Қо­ғам қайраткері Азима Губа­шева­ның айтуынша, мұндай кар­та арқылы біз нақты қолдау көрсете алатын едік. Қазіргі жүйеде баланың жағдайын толық бағалау қиын болып отыр. Оның үстіне, бүгінде балалармен жұмыс істейтін әртүрлі сала мамандары – психолог, заңгер, әлеу­меттік қызметкер, ювеналды полиция – өзара байланыссыз әрекет етеді. Бұл балаға кешенді көмек көрсетуге кедергі келтіреді. Қауіп-қатерді ерте анықтау және уақтылы қолдау көрсету үшін аталған мамандар бірыңғай жү­йеде әрекет етуге тиіс. Ол үшін «бір терезе» қағидаты қажет», – дейді сарапшы.

Айдана НҰРМҰХАН