Отандық азаматтық авиация, жалпы авиакомпаниялар жанжалдан арыла алар емес. Өткенде ес-түссіз жатқан баланы әуежайда тексерткізіп, өлтіріп тынды. Салада кадр тапшылығы күрт күшейген. Авиаотын қымбаттап, билет бағасы шарықтап барады. Саланы Президент те сынады. Осы мамырда өткен, елдің көлік-транзит және логистика әлеуетін дамытуға арналған Қауіпсіздік кеңесінің отырысында авиация мәселелері жеке қаралды, көп сын-ескертпе айтылған. Тың міндеттер қойылды. Не нәтиже шығады?
Азаматтық авиация: алатыны алғыс емес...
231
оқылды

Отандық азаматтық авиация, жалпы авиакомпаниялар жанжалдан арыла алар емес. Өткенде ес-түссіз жатқан баланы әуежайда тексерткізіп, өлтіріп тынды. Салада кадр тапшылығы күрт күшейген. Авиаотын қымбаттап, билет бағасы шарықтап барады. Саланы Президент те сынады. Осы мамырда өткен, елдің көлік-транзит және логистика әлеуетін дамытуға арналған Қауіпсіздік кеңесінің отырысында авиация мәселелері жеке қаралды, көп сын-ескертпе айтылған. Тың міндеттер қойылды. Не нәтиже шығады?

Мемлекет басшысының ай­туын­­ша, қазір әлемде әуемен жүк та­сымалдау нарығы 140 миллиард дол­ларға баға­ла­на­ды. Бұл – ора­сан зор мүмкіндік. Алай­да бірде-бір қазақстандық авиа­компания осы салада то­лық­қанды жұмыс істемей­ді, берілген мүм­кіндік пен қол­да бар зор әлеует­ті толыққанды пай­далан­байды. 2025 жылғы 28 қаң­тарда, Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиаотын­ның қолжетім­ді­лі­гін қамтамасыз етуді тапсырды. 

– Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – ел аумағында халықаралық авиа­хаб құру. Ірі әуе­жай­лары­мыз­ды бәсекеге қабілетті халықаралық хаб­қа айналдыру үшін тез арада ба­тыл шешімдер қабылдау қажет! Ал­да жүк және жолаушы терми­налдары, логистикалық орталық­тары мен заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рә­сімін жеңілдетіп, авиаотынға қол­жетімді баға қою керек. Кейін­гі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда Астана әуежайындағы авиакеро­син­нің бағасы тым қымбат, – деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы осы және бас­қа міндеттерді Үкіметке анти­монополиялық органмен бірге биыл­ғы жылдың бірінші жарты­сын­да орындауды жүктеді. Жар­ты­жылдық аяқталуға жақындады. Әзір­ге шенеуніктер тарапынан қар­қынды жұмыс, батыл қимыл бай­қалмайды.

Ар-ұят кетсе, абырой қалмайды

Осы кезде сала барған сайын кері кете бастаған сыңайлы. 2025 жыл­ғы 13 мамырда Алматының Түрк­сіб аудандық соты ауыр жағ­дайда жатқан баланы тасымалдау кезінде ұлттық авиата­сы­малдау­шы құқықбұзушылықтар жа­са­ды деп таныды. Судья қыршыннан қиыл­ған баланың ата-анасының та­лап-арызын ішінара қанағат­тан­дырды, моральдық зиян ре­тін­де «Эйр Астанадан» 5 млн теңге өн­діріп алуға шешім шығарды.  

Үкімде көрсетілгендей, Air Astana комада жатқан баланы ұшақ­тан түсіре сала шұғыл түрде ауру­ха­наға жеткізуді қамтамасыз ет­пе­ген. Сот дерегінше, 2019 жылы ту­ған балдырған Алматыға жет­кен­де қажетті медициналық қол­дау­сыз қалған және естен танып жат­қан жағдайда паспорттық ба­қылау рәсімдерінен өтуге мәжбүр етіл­ген. Шақыруға алдын ала, же­дел жет­кен реанимобиль, оның ішін­дегі дәрігер және баланың әке­сі әуежай аумағына жіберіл­меген. 

Оның орнына баланы ұшақтан ам­булифтпен, яғни ахуалы ауыр сыр­қаттарды тасымалдауға арнал­маған техникамен тасыды. «Бір ай­налдырғанды шыр айнал­ды­ра­ды» дегендей, шекарашылар да ба­лақайдың денсаулық жағдайын на­­­зарға алмай, оның көзін жапқан қор­ғаныш дәкесін шешкізіп, бет-жү­зін фотоға түсірткізді. Дерті ас­­­­­қынған, екі жақты пневмо­то­ракс­қа душар болған бала ауруха­наға жатқызылды. Ақпан айында беті бері қарамаған бала жан тап­сырды.  

Мұнда заң болмағанымен, ар тұр­ғысынан айып арқалағандар көп-ау. Бірақ сот дәл Air Astana өз жо­лаушысының ауыр халде жат­қа­нын анық біле тұра, оны құт­қа­рып қалу жұмысын әуежаймен жә­не шұғыл жәрдем қызметімен үй­лесімде жүргізуді қамтамасыз ет­пегеніне екпін түсірді. Сот реа­нимобильді ұшаққа жібермеу, мед­көмекті лайықты ұйым­дас­тыр­мау үшін жауапкершілікті де ұлт­тық авиатасымалдаушыға  жүк­теді.

Бұл «Эйр Астанаға» қатысты биыл­ғы бірінші дау-жанжал емес. Сот қараған тағы бір істе Түр­кия­дан Өскеменге жалғыз оралып ке­ле жатқан және паспортын жо­ғал­тып алған 10 жасар баланы авиа­­компания Анталия әуе­жайын­­да, депортациялық ка­ме­ра­да жал­ғыз тастап кеткен. Сол үшін сот ком­панияға 1 000 АЕК (3 932 000 теңге) айыппұл салды.

Қазір қазақстандықтар да, шетел­дік­тер де авиакомпанияға бай­ланысты көп шағым айтып жүр. Су, сусын-шырынның қо­сым­ша порциясын, көрпе-плед сұрат­қан жолаушыларына борт­серіктер кә­дімгідей жекіп, ұрсы­са­тынды шы­ғарыпты. Сыпайы ес­кертіп, аяғын жи­­науды өтіну ор­нына тамақ үлес­­тіретін арба­сы­мен ұзынтұра адам­­дардың крес­ло­дан тыс шық­қан тізе-сирағын со­­ғып, аяғын басып кетеді екен. Бұл жағдай салада кадр даярлау сапа­сы­ның құлдыраға­нын, стюар­десса қызметіне кім кө­рінгенді ала­тынын білдірсе ке­рек. 

Тұйыққа тіреген төрт проблема

Жуырда Сенат «Қазақ­стан­­да азаматтық авиа­ция­ны дамыту» тақырыбында дөң­гелек үстел өткізді. Оның ба­ры­сында депутаттар сарапшы­лармен бірге саланы жайлаған бы­лық пен қордаланған мәсе­ле­лер­ді талдады. Нәтижесінде, ше­ші­мін таппай тұрған 4 көкейкесті мәселе іріктелді. 

Біріншісі – авиакеросинмен бай­ланысты. Қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттар авиаотынды жеткілікті көлемде өндірмейді, өнімін авиакомпаниялар қаптаған делдалдар арқылы сатып алады. Елде авиаотынды өткізу бойынша бірыңғай тәсіл жоқ. Екіншіден, Үкі­метте әуежайларды дамытудың жүйелі тәсілі жоқтығы атап өтілді. Үшіншіден, бірқатар өңірде әуе­жай инфрақұрылымы көнерді, ұшу-қону жолағының, техникасы мен инфрақұрылымының жай-күйі адам шошырлық. Төртін­ші­ден, салада кадр тапшылығы өткір тұр. 

Әйткенмен, қарапайым ха­лық­ты көбірек алаңдататыны – Ор­та­лық Азия түгіл, алапат санк­ция астындағы Ресеймен са­лыс­тыр­ған­ның өзінде, біздегі әуе билеттерінің қым­баттығы, рейстердің жаппай ке­­шігуі және әуежайлар мен әуе ке­­мелеріндегі қызмет көрсету са­па­­сының құлдырағаны. Сенатор Сүйіндік Алдашевтың мәліме­тін­ше, авиабилеттердің бағасына не­­гізінен, авиаотынның жоғары құ­­ны әсер етеді. Авиабилет баға­сын­­дағы ең үлкен үлес – 36,5% дәл сол авиаотынға жұмсалатын шы­­ғындарға тиесілі. Одан кейін тех­­никалық қызмет көрсету шы­ғын­дары (14,9%), әуежайдың көр­се­тетін қызметі (10,7%) және жо­лау­­­шыларға қызмет көрсету (6,1%) тұр. 

– Тағы бір проблема азаматтық авиация мамандарын кәсіби даяр­лаумен байланысты болып тұр. Азаматтық авиация саласында 23 мыңға жуық адам істейді. Тәжіри­белі мамандардың зейнеткерлікке шығуы, жұмыстан кетуі, өмірден өтуі және басқа себептермен, са­ла­да жыл сайын 500-600 жаңа ма­­­­манға деген қажеттілік туын­дай­ды. Сала даму үшін одан да көп кадр қажет. Бізде жалғыз оқу орны – Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы ғана бар. Алайда сол академияның өзінің еуропалық үлгідегі сертификаты жоқ! – деді Сүйіндік Тасеменұлы. 

Салдарынан AirAstana, SCAT, Қа­заэронавигация сияқты еуро­па­лық стандарттармен істейтін ком­паниялар Қазақстанның «жан дегенде жалғыз» академиясының түлектерін жұмысқа ала алмайды! Сенаторлар осы мәселелер ұзақ уа­қыт бойы шешілмей келе жат­қанын және отандық азамат­тық авиацияға жүйелі қауіп-қатер төнгенін ескертті. Ендеше Үкімет саланы тығырықтан шығару, елді мүл­дем авиациясыз қалдырмау және оны тиімді дамыту үшін шұ­ғыл шара қабылдауы қажет.

Тарата айтқанда, біріншіден, отан­дық азаматтық авиацияны бас­қарудың тиімді әрі оңтайлы мо­делін әзірлеу керек. Екіншіден, мұ­най өңдеу зауыттарында өн­дірісті ұлғайтқан жөн. Сондай-ақ авиакеросиннің баға бойынша қол­жетімділігін қамтамасыз етуге ба­ғытталған және отандық, шет­ел­дік авиакомпанияларды авиа-

о­тын­мен қамтудың бірыңғай жүйе­­лі тәсілін әзірлеуге тиіс. Он­сыз Қа­­­­­зақстан ешқашан авиахабқа ай­нала алмайды және Президент қой­ған тапсырма сол бойы орын­далмайды. 

Үшіншіден, саланың инвести­ция­лық тартымдылығын арттыру жұ­мысын жандандыру, әуежай­лар­дың қызметіне инвесторларды тар­тудың оңтайлы тетіктерін жа­сау да маңызды. Төртіншіден, қа­жетті мамандарды тиімді даяр­лауға бағытталған шара, серти­фи­кат алу жұмыстары өзекті. 

Жоспары жақсы, жүзеге асуы қалай?

Депутаттарға жауап берген Премьер-Министр бүгін­де отынмен қамтудың бірыңғай тәсілін енгізуді, әуежайларды тиім­­ді басқаруды және қауіп­сіз­дік­тің жоғары стандарттарын сақ­тап, саланың орнықты дамуына ық­пал ететін шаралар қабылданып жат­қанын мәлімдеді. Олжас Бек­те­нов авиаотынның қымбат құны авиатасымалдар бағасының көте­рілуіне және жалпы авиация са­ласының бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне тікелей әсер ететінін растады. Сондықтан Үкімет оның ба­ғасының қолжетімді болуына мән беретінін нықтады. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысында елде авиаотынды тұтыну көлемі 866 мың тоннаны құрады. Ал ішкі өндіріс 681 мың тонна ғана. 

– Жетіспейтін көлем импорт есе­бінен өтеледі. Отандық авиа­та­сы­малдаушылардың – Air Astana мен SCAT-тың 480 мың тоннадай жыл­дық ағымдағы сұранысы қа­зақ­стандық өндіріс есебінен то­лы­ғымен өтеледі. Импортталатын отын­ды негізінен шетелдік авиа­ком­паниялар тұтынады. Ішкі өн­діріс көлемін ұлғайту мақсатында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жалғасады, – деді Үкімет басшы­сы.  

Оның айтуынша, 2030 жылға қа­рай ғана авиаотын өндірісін жы­­лына 1,4–1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Нақ­ты­лағанда, Атырау МӨЗ-ін жаң­ғыр­ту есебінен оның өндірісі қа­зіргі 142 мыңнан 165 мың тоннаға дейін өсуге тиіс. Павлодар МХЗ-да сутегі өндірісінің қондырғысын салу  арқасында өндіріс ағымдағы 170 мыңнан 2026 жылға қарай 205 мың тоннаға дейін артпақ. Шым­кент МӨЗ-ін кеңейту өндірістің 300 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін ұлғаюына әкеледі. 

Олай болса, жұрт 2030 жылға дейін авиабилеттердің арзандауын дәметпесе болады екен. 2030 жы­лы да авиаотын өндірісінің артуы ұшақпен сапар құнының төмен­деуі­не ықпал етпеуі мүмкін. Бұл енді авиатасымалдаушыларының сая­сатына, табыс табу жоспарына бай­ланысты. Премьер-Министр әуе­жай қызметтерінің тарифін мем­лекет реттейтініне және 2017 жыл­дан бері қайта қаралмағанына назар аудартты. 

– Содан әуежайлар толық алын­­­баған кірісін авиаком­па­ния­ларға авиаотынды делдалдардың қатысуымен қымбат өткізу есе­бі­нен өтейді. Осыған байланысты Үкі­мет Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігімен бірге шаралар топ­тамасын іске асыруға кірісті. Бі­ріншіден, бірқатар әуежай қыз­ме­тінің бағаларын мемлекеттік рет­теу жойылады. Оған дайындық жа­салуда, – деді Олжас Бектенов.

Екіншіден, әуежайларды ай­на­лып өтіп, тура мұнай өңдеу зауы­т­тарынан авиаотынды авиа­ком­панияларға тікелей жеткізу тетігі енгізіледі. Үкімет жетекші­сі­нің есебінше, бұл бағаны бірден 30%-ға дейін арзандатады. Үшін­шіден, инфрақұрылымды пай­даланғаны үшін жанармай жет­кізушілердің әуежайларға роялти төлеуінің тетігі пысықталады. Бұ­дан бөлек, ең жоғарғы көтерме үсте­меақыларды белгілеу, хабтарда отын құнының жүйелі мони­то­рин­гін ұйымдастыру сияқты жұ­мыс жүргізіледі.

Мұның сыртында білікті ма­ман­дармен қамту үшін Азаматтық авиация академиясының оқыту жүйесін жаңғырту шаралары іске асырылады. Академия ұшқыштар­ды ұшуға даярлау және инженер­лік-техникалық оқыту бағдарла­ма­ларын Еуропалық авиациялық қауіп­сіздік агенттігінің (EASA) стан­­­­дарттарына кезең-кезеңімен бейімдей бастады. Академия база­сында еуропалық дайындық стан­дарт­тарына негізделген заманауи Авиациялық оқу орталығы құрыл­мақ. 

Бұл үшін материалдық-тех­никалық базасы кеңейті­леді, мамандандырылған оқу әуеай­лағы салынады. Оқу-зерт­ханалық кешені жаңартылады, жаңа тренажерларды сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ ENAC, Embry-Riddle, Singapore Aviation Academy сияқты жетекші халық­аралық авиация академияларымен әріптестік келісімі жасалды, оқы­ту­шыларды қайта даярлау бастал­ды. EASA-ға берілген өтінім ая­сын­да биылғы тамызда академияға аудит жүргізілуге тиіс. Сенімді ақ­­тап, тиісті сертификат иеленсе, бұл оның түлектері, ұшқыштар мен инженерлік құрамы білік­ті­лігінің әлемде танылуын қамтама­сыз етеді. 

ИКАО-мен әріптестікте елде перс­пективалы бағыттарда маман даярлауға бағдарланған «Пилот­сыз авиация орталығын» құру жо­басы қолға алынды. Қалай бол­ғанда, Үкімет шын көңіл бөлсе са­ла­ның бағы ашылайын деп тұр. Мұ­ның бәрі жай сөз болып, жос­пар күйінде қалса, онда Қазақ­стан­ға авиациясыз қалу, кері кет­кен елге айналу қаупі төнеді.

Елдос Сенбай