Көздері пышаққа ілінгелі тұрған қойдыкіндей аларып, денесі былқ-сылқ еткен науқасты зембілге салған дәрігерлер көлікке әкеліп солқ еткізіп тастай салды.
– Өлтіресіңдер ме, қайтесіңдер? – деп зорға сөйлеген науқас талықсып кетті.
Есін жиғанда ол аурухана дәлізінде жатыр екен. Тұла бойы мұздап бара жатқан соң жамылғы іздеп еді, қолына ештеңе ілікпеді.
Ақ желеңді абзал жандар соғыс кезіндегі қарбаластай әрі-бері асығыс өтіп жатыр. Ешқайсының дәліздегі дәрменсізге бұрылып қарарға ынтасы да, ықыласы да жоқ. Қайда асығады? Неге асығады? Түсініп болмайды. Әлде науқастың барлығы сойқан апатқа түсіп, ауруханаға жеткізілген бе? Мыналардың алақ-жұлақ етіп жүгіріп жүргендеріне қарағанда бір сұмдықтың болғаны рас.
Әлимаш тағы талықсып кетті. Бірақ оған мойын бұрып қараған тағы ешкім болған жоқ. Әлден соң көзін ашқанда жанынан бір адам өтіп бара жатыр екен. Оған тоқта дегендей қолын соза беріп еді, әлгі шошынғанынан ытқи жөнелді. Қасқырдан қашқан қоян сияқты секіріп-секіріп қойып, безіп барады.
– Ана жақта...ана жақта... ана жақта, – деп тілі күрмеліп, көзі атыздай болып ұяшығынан шығып, алақ-жұлақ етеді.
Оны бір дәрігер алдынан арқан керіп ұстап алды.
– Не болды? Неге қашып келесің?
– Ана жақта...
– Ана жақта не болып жатыр?
– Ана жақта...
– Әй, әкесі өлгенді де естіртеді. Ана жақта не болып жатыр?
– Ана жақта...
– Иә.
– Ана жақта өлген адам тіріліп кетті.
– Өлгені несі? Тірілгені несі?
– Тіріле салып, мені ұстап алып жеп қойғысы келді.
– Ойбай! Ауруханаға маньяк кіріп кетіпті. Күзетшілер қайда қарап отыр? Дереу полиция шақырыңдар, – деп ақ желеңді айқайға басты.
Сірә, аурухана басшыларының бірі болса керек.
Есіктер тарс жабылды. Адамдар әрі-бері сабылды. Қарбаласта есік қағылды. Келгендер полиция қызметкерлері екен.
– Қайда? Қайда?
– Тапсақ, өзіміз де ұстап алар едік қой...
– Өздерің ұстайтын болсаңдар, бізді неге шақырдыңдар?
– Ұстау – сіздердің міндеттеріңіз.
– Онда сапырылыспай бір бұрышта былқ етпей тұрыңыздар. Есіктерге күзет қойылсын. Ешкім далаға аттап баспасын.
Командир бұйырған соң амал бар ма, есік-терезелер бекітілді. Кереуеттің асты-үсті, шкафтың бұрыш-бұрышы тінтілді. Барлығы өз орнында. Маньяк жоқ.
– Қайда кетті?
– Дабырлап жүріп, босатып жібергенсіздер ғой. Қой, таппадық. Қайтып келсе, дереу бізге хабарлаңыздар.
Осы кезде бағанағы «ана жақта, ана жақта» деп көзі атыздай болып жүгіріп жүрген науқас баж ете қалды.
– Не болды?
– Маньяк мына жерге тығылыпты.
Полицейі бар, полицей емесі бар, науқас көрсеткен жерге жетіп келді. Сүйретпе кереуеттің үстінде ес-түссіз жатқан Әлимашты көрген олар сасып қалды.
– Осындай да маньяк болады ма екен? Бұл есін жия алмай жатқан науқас жан ғой,– деді полицейлердің бастығы.
– Иә, бүгін түскен науқас.
– Ол бұл жерде неге жатыр?
– Кезегін күтіп жатыр.
– Қандай кезек?
– О дүниеге аттануға. Жо-жоқ, дәрігерге қаралуға екен ғой.
Полицейлердің бастығы дәрігерге ожырая қарады. Есіне өздерінің де озбырлық жасайтыны, банк тонағанмен ымыраға келіп, босатып жіберетіні, тауық ұрлағанды түрмеге тоғытатыны түсіп, үнсіз қалды.
Олар кеткен соң Әлимаштың жанына бір медбике келді. Ол науқастың білегіне бір укол екті де кетуге айналды.
– Сіңлім,– деді Әлимаш ыңыр-
сып, – мені әжетханаға апаршы. Қатты қиналып жатырмын.
– Мен техничка емеспін.
– Кім болсаң да апаршы, құлың болайын.
– Құлым болмақ түгілі, ұлым болсаң да сені әжетханаға апару менің міндетім емес.
– Жалынамын, айналайын. Мына төсекті былғап қойып ұятқа қалып кетпейін.
– Қазір техничканы жіберем.
– Оған дейін шыдай алмаймын...Бері келші, сіңлім! Саған айтарым бар.
Медбике науқасқа жақын келді. Әлимаш оның қалтасына бес мыңдық теңгені жып еткізіп сала қойды.
– Бағанадан бері осылай етпейсіз бе? – деген медбике оны сүйреп ала жөнелді.
Әжетханадан шыққан соң Әлимаштың бойы жеңілдеп сала берді. Басының ауырғаны да сап басылғандай.
«Қой, медбикесінің өзі осындай болса, дәрігері түгімді қалдырмас. Одан да үйге барып, өзім білетін ем-домды жасайын» деп ойлаған Әлимаш сүйретіліп ауруханадан шықты.
Былайырақ шығып қарағанда оған аурухана түрме сияқты болып көрінді. Артынан біреу қуып келе жатқандай шошынып, қаша жөнелді. «Ана жаққа» аттандырып жібермей тұрғанда амалын тауып, қашып шығып аман қалғаны үшін Алласына мың қайтара шүкіршілік айтып келеді...
Сабырбек Олжабай