Журналист боламыз деп жұлқынып, Алматыға барғанбыз. 1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, бірінші курстан кейін «қартайып» шыға келіп, етек-жеңімді жиып, уақытымды қиып, Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына қарай қисаятынмын.
Бұйырмаған қолтаңба
284
оқылды

Ондағы ойым мектепте оқып жүргенде-ақ аты-жөндерін газет журналдардан көріп, әзіл-сықақтарын оқып, «қалай-қалай көсіледі шіркіндер!» деп тамсанумен өткізген күндерім артта қалды ғой, ендігіде сықақшы ағаларымды тірідей көру еді. Ең бірінші «тірі» көргенім Көпен Әмірбек болды. Одан кейін –Шона Самханұлы, Оспанхан Әубәкіров. Үмбетбай Уайдин ағаммен танысудың еш реті келмей жүрген. «Фәмілесі қызық екен. Мен де Шерімдин» деп өзгертіп алсам ғой, шіркін!» деп қоямын ішімнен. Көпен, Оспанхан ағаларыммен танысу өте оңай болған еді. «Тонның ішкі бауындай» болып кеткенбіз. Уайдин деген кісі қандай екен? «Шаңқай түсте шалқамнан жатыр екенмін», «Шіріген жұмыртқа» сықақ әңгімелерін оқып, ішек-сілем қатып күлгенім бар. Әсіресе, бірқақпай әзілдерін ұнататын едім.

Бір күні лекциядан шыққан соң, әдетімше жазушылар үйіне қарай келе жаттым. Жете бергенде Үмбетбай ағаны көріп қалып, «сәлеметсіз бе?» – деп жыбырлап, жоқ сыбырлап, қолын алып, өте шықтым. Көпен аға сияқты «әй, қай баласың?» – деп сұрай қалса, өзімнің де сатира жазып жүргенімді, журналистика факультетінің екінші курсында оқи­тынымды, Шымкенттің бір ауылынан келгенімді, Алматыдағы кейбір кафелерде адамдар түрегеп тұрып тамақтана беретінін бірінші рет көргенімді, ұшақпен бірінші рет ұшып, курстасым Убайдулланың стюардесса берген конфеттің бірін ғана алмай, бәрін сыпырып алғанын, асханада тегін тұрған ащы «горщицаны» Убайдулла екеуміз нанға қалыңдатып жағып жеп, өліп қала жаздағанымызды, бәрін-бәрін айтып бергім келген. Асығыс болды ғой деймін, жоғары көтеріліп, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына кетіп барады екен. Соңынан қуып келгенмін ғой. Дәлізде Тұтқабай Иманбеков ағамызбен әңгімелесіп тұр екен. Тұқаңмен танысып алғанмын. Апта сайын «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы бетіне әзілдерімді жариялап жібереді. Өзімді «сықақшы» сезініп, курс­тас­тарымның алдында көздерім фонарик болып, жарқырап жүрген кезім. Мені көрген Тұқаң:

– Мұхтар, бері кел, – деп шақыра қойды. Бұдан артық орайлы сәт бола қояр ма? 

– Ассалаумағалейкум аға! – деп әуелі Уайдин ағамен сосын Тұқаңмен қол алыстым.

Үмбетбай аға маған қарап:

– Жаңа одаққа кіре берісте амандасып алып, қашып кеткен сен емессің бе? – деп жымиды. Жүзіне қарасам, сондай жылы, ал мен «түсі суық, қатал кісі шығар?» деп ойлаған едім. Қателесіппін. Жүзі сондай жылы екен, күздің күні жұқалтаң плащпен бүрсеңдеп жүрген студент пақырың жылынып сала берді.

– Мұхтар Шерімов деген сатирик, – деді Тұқаң. «Сатирик» деген сөзге бір түрлі ыңғайсызданып қалдым. «Мен үшін сатирик болуға әлі ерте, кітаптарым жарық көріп жатса, ел таныса, сонда осы Уайдин ағаларым сияқты жазушы болармын» деп ойлап қоямын ішімнен.

– Не жазасың? – деп сұрады Үмбетбай Уайдин.

– Лекция жазамын, – деппін мен жазған. Қалжыңдағаным емес, шынымды айтқаным.

– Жоқ, сатиралық өлеңдер ме, әзіл әңгімелер ме? – деп сұрады ол кісі.

– Әзіл-сықақ әңгімелер.

– Фантазиясы әжептеуір, – деп мақтап қойды Тұтқабай Иманбеков ағам.

– Е, «Қазақ әдебиетінің» соңғы бетін бермейтін классик сен екенсің ғой? – деп қалжыңдады Уайдин.

Сол күні сатирик ағам екеуміз бір сағаттай әңгімелестік. Оқуым­ды, ауыл-аймақтағы ата-анамды сұрады. Екеуміз әңгіме­лесіп отырғанда, Көпен ағамыз көрініп, әңгіменің көрігі қызды. Бір кезде мен мүлде ұмыт қалып, ағалар сатира туралы ұзақ сыр бөлісті. Маған оларды тыңдау дегеніңіз өте қызық әрі бақыт. Ертеңіне кітап дүкеніне кіріп, Үмбетбай ағаның кітаптарын іздедім. Көзіме «Мәселе қайда жатыр?» атты сарғыш мұқа­балы кітабы оттай басылды. Алғашқы бетінен ағаның қаламмен сызып салынған шарж суретін көрдім. Уай­динге ұқсағым келді. Ар­мандап тұрмын. «Уайдин сияқты кітабым шығар болса, суретім бірінші бетінде тұрса, қыздар де­ген қырылып ғашық болатын шығар?» деп ойлап қоямын. Оспанханның кітаптарын сатып алғаным­да да, солай ойлағанмын. Кітапқа «Ең жақсы адам» повесі мен әзіл-сықақ әң­гімелері еніпті. Жатақханаға барған соң, кереуетке шалқамнан жатып алып оқиын. Етпетімнен жатып алып оқиын. Марқұм курстасым Мұхтар Нау­шабаев кітабымды сұрап алып, ол да оқып шықты. Ендігі мәселе Уайдин ағама жолы­ғып, қолтаңба алу ғана қалды.  Кітабымды пәпкіме салып алып, лекциядан соң Жазушылар одағы үйін аңдимын. Үйінің телефон нөмірін сұрап алмағаныма өкіндім. Екі күн аңдыдым. Көрінбеді. Ол кезде ол кісінің қайда жұмыс істейтінінен де бейхабармын. Сөйтіп жүріп бір апта өтті ғой деймін. Университет алдындағы көшенің қарсы бетінде күн көсем  қолын созып тұрған ескерткіші бар еді. «Осы жақта университет бар» дегендей. Сол тұстан Үмбетбай аға кетіп бара жатқанын байқап қалдым. Көшеден жүгіріп өтемін деп көлік астында қала жаздағаным есімде. Бір орыс шопыр көлігінен басын қыл­титып: «Ей, парень, слепой что ли?» – деп ұрысып тұрғанын көрдім. Оған қарайтын мен жоқ. Ауылдан келген мен пақырыңның орысшасы да оңып тұрған жоқ, «слепой» сөзін «сүмелек» деп ұқтым, ішімнен: «өзің сүмелек» деп жауап қатқан болып, ағаның алдынан арсалаңдап шыға келдім. Ентігіп тұрмын. Ләм-лим деместен қолын алып, пәпкімнен «Мәселе қайда жатыр?» кітабын алдым. «Қолтаңбаңызды...», – дедім. Ол кісі ризашылық кейіппен төс қалтасынан үрішке (ауызекі сөйлескенде солай дейтінмін) алып, кітабын парақтады. Парақтады да менің бетіме қарады. Мен кітаптың бірінші парағына қарадым. Сөйтсем, қал­жыңбас курстас досым Мұхтар Науша­баев: «қаламың жүйрік болсын! Мен саған сенемін, мықты сатирик болатыныңа! Үмбетбай Уайдин» деп қолын шиырыпты. Соның пөчеркі! Мұхтар Наушабаевқа кіжініп, бір жағы Уайдин ағамнан қысы­лып, қара терге түссем болар ма?

– Өзің жаздың ба? – деп сұрады фәмілесі қызық ағам Уайдин «Шерім­динге». Жылы жымиып тұр. Жымиғанда езуі құлағына қарай «қыдырып» кетеді екен.  

– Ж-жоқ, курстасыммен жатақханада бір бөлмеде тұрамыз. Сол қалжыңдап... –деп сөзімнің аяғын жұтып қойдым. 

  Ол кісі мені қолтықтап алып, жүріп келеміз.

– Байқаймын, курстасыңа қатты ренжіп тұрсың. Жатақханаңа барған соң онымен төбелесіп қалуың да мүмкін. Бірақ оған рахмет айтарсың. Менің атымнан. Мен де сол курстасың жазған қолтаңбаны қайталар едім. Қалжыңды, әзілді түсін­бегеннің белінде шоқпары жүреді. Менің ақылым, оның қолын қысып қой, – деді. Жатақханаға жеткенше ойланып келемін. Төбелесемін бе, жоқ әлде қолын қысамын ба? Мен өмірімде төбелесіп көрген емес­пін. Мектепте төбелесе кеткісі келгендердің жанынан қаша жөнелетінмін. Алыстап барып, кекесін өлең шумақтарым­мен мазақтайтын едім. Жатақханада Мұхтар досым кітап оқып отыр екен. Түк болма­ғандай, тұрғызып алып, ал келіп қолын қысайын. Қайта-қайта қолын алып, тіпті бетінен сүйіп қойдым. Ол аң-таң, ал менің көңілім шаң-шаң... 

– Не болды соншама? Әкеңнен ақша келді ме? – деп сұрайды ол. Қолын тағы  қысып:

– Рахмет, – дедім.

– Не үшін?

Мен оған «Мәселе қайда жатыр?» кітабыма өзі жазған бетін көрсеттім.

– Е-е, мәселе қайда жатыр! – деді ол күліп. Оған екі күн бойы өкпелеп жүріп, ер теңіне ұмытып кеттім. Екінші мәрте қол­таңба алудың сәті түспеді. Қайран, жастық шағымызда небір оқиғаларды бастан кешірдік қой. Үмбетбай ағаның 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Өзі көрмеген қызықтары балалары мен неме­ре­леріне бұйырсын!

 

Мұхтар ШЕРІМ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның құрметті жазушысы, Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сыйлығының тұңғыш лауреаты