«AMANAT» партиясының бастамасымен ел аумағында тұрақты түрде жалғасып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрғындардың белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті нығайтып келеді. Ісшара аясында бірнеше облыста көшелер тазаланып, ағаштар отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қоршаған ортаны таза ұстау маңызды
286
оқылды

«AMANAT» партиясының бастамасымен ел аумағында тұрақты түрде жалғасып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрғындардың белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті нығайтып келеді. Ісшара аясында бірнеше облыста көшелер тазаланып, ағаштар отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

 Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен елді мекендерді көр­кейтуге бағытталған. «Таза бейсенбі» эко­логиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясының Астана қаласы Есіл аудандық филиалы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен макулатура жинау науқанын бастады. Жиналған қағаз қалдықтары «Жасыл даму» АҚ-ның EcoQoldau бағдарламасы аясында қайта өңделеді. Бүгін бастауыш партия ұйымда­рының күшімен 1 тоннадан астам маку­ла­тура жиналды. Тамыз айының ортасына дейін жиналған барлық қағаз тапсырылып, одан түскен қаражат «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы аясында қайырым­дылыққа бағытталады.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында өткен акция асында Сергеевка қаласында көшелерді тазалау және көгал­дан­­­­дыру жұмыстары ұйымдастырылды, Игі іске партия мүшелері, жастар, мекеме қыз­мет­­кер­лері мен жергілікті тұрғындар бел­сене атса­лыс­ты. Қатысушылар қоқыс жи­нап, гүлзар­ларды ретке келтіріп, жаңа гүл­дер отырғызды.

«Біздің мақсатымыз – тек аптасына бір рет тазалық жүргізу емес, сонымен қатар тұрғындардың өз қаласына жанашырлықпен қарауын қалыптастыру. «Таза бейсенбі» – әрбір азаматтың ортақ іске атсалысуына мүмкіндік береді. Ең қуаныштысы – қа­тысушылардың қатары апта сайын артып келеді», – деді «AMANAT» партиясының Шал ақын аудандық филиалының атқа­рушы хатшысы Жайнагүл Қасенова.

Алматы қаласында акцияға қатысу­шы­лар Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты абаттандырды.

Абай облысы Ақсуат ауданында Ырғыз­бай ата кесенесі мен Мәңгілік ел саябағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Игі іске 60 адам қатысып, 2 гектар аумақ тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, 1,2 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ партияның Курчатов қалалық №4 бастауыш партия ұйымы ұйымдастырған экологиялық акция аясында қалалық аурухана аумағына 500 түп гүл көшеті отырғызылды.

Атырау облысы Махамбет ауданында «Таза бейсенбі» аясында орталық алаңда орналасқан ағаштар маңы тазартылып, санитарлық жұмыстар жүргізілді.

«Атаңнан мал қалғаша, тал қалсын» деп ата-бабамыз тал-теректі бәрінен жоғары бағалаған. Бүгінгі тазалық жұмыстарына бастауыш партия ұйымдарының төраға­ла­ры, мәслихат депутаттары және жастар белсенді қатысты. Алдағы уақытта да өңі­рі­­­мізде игі іс жалғасын табады», – деді ау­дан­дық мәслихат депутаты Ерлан Қуанышев.

Батыс Қазақстан облысының Шың­ғырлау ауданында өткен тазалық шарасы ауылдың ажарын аша түсті. Мұнда теміржол вокзалының айналасы мен Л.Қылышев көшесі қоқыстан тазартылып, теректер мен гүлдер отырғызылды. Ауылдың көркін кел­тіріп, жасыл желекке бөлеген бұл игі іске 30-дан астам адам атсалысты.

Тазалықты ту еткен бастама Жамбыл об­лысында да жалғасын тапты. Тараз қала­сының «Көктем» алқабында өткен іс-ша­­рада 100-ден астам қатысушы 5 гектар жерді тұрмыстық қалдықтан арылтып, абат­тан­дыру жұмыстарын жүргізді. Об­лыстық филиал төрағасы Дауыл Бейсен­құловтың айтуынша, мұндай жұмыстар қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, тұр­ғындардың экологиялық санасын арт­тыруға сеп болады.

«Тазалық шарасы – қоршаған ортамыз үшін маңызды. Бұл орайда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясының алар орны ерек­ше. Баршамыз аптаның осы күні түрлі орынды тазалап, ретке келтіруге атсалысып жүрміз. Осы бағыттағы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастыра беретін бо­ламыз», – дейді «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.

Ал Қарағанды облысының Сарань қа­ласында тұрғындар Октябрьский көшесін­дегі жеке сектор аумағын қоқыстан тазар­тып, жапырақтарды жинап, аймақты ретке келтірді. Акцияға белсене қатысқандарға алғыс білдірген партияның қалалық фи­лиалының төрағасы Нұргүл Тәжібаева бұл игі істің елді мекен тазалығын сақтауда маңызы зор екенін атап өтті.

Қостанай облысына қарасты Фёдоровка ауылында да ауызбіршілік танытқан халық акцияға белсене атсалысты. Мәслихат де­путаты Зия Тілектөреұлы бастаған еріктілер мен партия мүшелері ауыл көшелерін, қо­ғамдық орындарды тазалап, жеміс ағаш­тарын күтіп-баптады. 

Маңғыстау облысында да «Таза бейсен­бі» науқаны жастардың қолдауымен сәтті жүзеге асып келеді. Н.Бекбосынов атын­дағы энергетикалық колледждің студенттері 100 келіге жуық қоқысты жинап, ағаш діңдерін әктеді. Колледждің жастар ісі жө­ніндегі инспекторы Г.Елдесбаева студент­тердің белсенділігіне ризашылық білдірсе, жастардың бірі Ә.Әділбай бақшаға жаңадан 80 түп шыбық егілгенін айтып, табиғатты аялау – олардың өмірлік ұстанымына айналғанын жеткізді.

 

Елнар ЕЛТАЙ