Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында қаладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қазіргі ахуалы мен партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы жан-жақты сараланды.
Бақылауды күшейту қажет
264
оқылды

Отырыста сөз алған Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың кең тараған тетіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізілетін сатып алулар барысында және еңбекақы мен түрлі үстемақыларды төлеу кезінде парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыру фактілері жиі кездеседі. 

«Мемлекеттік қызмет жүйесінде болып жатқан жемқорлық схемаларға жол бермеу үшін нақты әрі пәрменді іс-шаралар қажет. Шымкент қаласындағы жемқорлықтың жай-күйі әлі де жүйелі күресті талап етеді. Мәселен, салалар бойынша алғанда, жем­қорлық фактілері ең көп анықталған ба­ғыт­тар – денсаулық сақтау (39 жағдай) және білім беру саласы (31 жағдай). Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салаларда бақылауды күшейтуді қажет етеді», – деді Ерлан Саиров.

«Шымкент қаласында жемқорлықтың алдын алу, онымен профилактикалық әдістермен күресу жүйелі түрде жүргізілуде. Шымкенттегі Білім саласындағы бұл індептпен күресу әдістері өте ұтымды», – деп атап өтті Е.Саиров.

Дегенмен проблемалар да жеткілікті. Жалпы, 2022–2024 жылдар аралығында Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 270 қылмыс тіркеген. Оның 195-і пара алу, 67-сі ұрлық және 5-еуі қызметтік өкілеттікті асыра пай­далану фактілері. Бұл қылмыстардан кел­ген залал сомасы 7,4 млрд теңгені құрап, оның 5,9 млрд теңгесі мемлекетке қайта­рыл­ған. Осы кезеңде 278 тұлға сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысы бар деп танылып, олардың 35-і – облыстық, қала­лық және аудандық деңгейдегі басшылар.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыз­дыбеков «Шымкент қаласында жемқор­лық­тың алдын алу мәселелері бойынша нақ­ты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ба­ғытта құқық қорғау органдары өкілдері­мен бірге әрбір мемлекеттік органда нақты алдын алу іс-шарасы өтеді. Жемқорлыққа профилактика процесіне қоғам өкілдері де белсене араласады» деп атап өтті.

Жиында «AMANAT» партиясының Шым­­кенттегі қоғамдық қабылдау бөлімде­рінің жұмысы да айтылды. Партия Хатшы­сы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, 2023-2024 жылдары қала-аудандық қоғам­дық қабыл­дауларға 11 735 арыз-шағым ке­ліп түскен.

«Арыз-шағымдардың дені әлеуметтік көмекке мұқтаждық, тұрғын үй, жер, жұ­мысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек ақы төлеу мен денсаулық сақтау мә­селелеріне қатысты. Партия халықтың өті­ніштеріне жүйелі түрде назар аударып, шешімін табуға ықпал етіп келеді», – деді Ержан Жылқыбаев.

Сондай-ақ жиында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері талқыланды. Шым­кент қаласының әкімі Ғабит Сыз­дық­беков өз сөзінде партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс­тарға тоқталды.

«Мәслихаттағы партия фракциясының 21 мүшесі бағдарлама тармақтарына жеке-жеке бекітілген. 2024 жылға жоспарланған 95 тармақтың 90-ы орындалды. Бағдарлама аясында 1,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 127 азамат пәтермен қамтылды. «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тағы 150 азамат баспана алды. 2 878 медицина қызметкері симуляциялық орталықтарда біліктілігін арттырды. Сонымен қатар 30 284 адам жұмыспен қамтылса, «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 43 640 мүмкіндігі шектеулі азаматтың өтініштері қанағаттандырылды. Бұл – бағдарламаның тиімді іске асып жатқанын көрсетеді», – деді қала әкімі. 

Жиын барысында жуырда жария болған шулы оқиға – Шымкент қаласында жүргізуші куәліктерін заңсыз беру фактісі де назардан тыс қалмады. Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесе отырып, бұл салада ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген. 

Сонымен қатар басқосу барысында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күресте бірқатар жүйелі кемшіліктердің бар екенін атап өтті. Депутат әкімдік басқармалары тарапынан жүргізіліп жатқан шараларда формализм басым екенін және шешім қабылдауда ашық­тықтың жеткіліксіз екенін баса айтты.

«Жемқорлықпен күресте белгілі бір ­нә­тижелер болғанымен, негізгі пробле­малар – пара алу, ұрлық және өкілеттікті асыра пайдалану әлі де бар. Бұл қылмыстар көбіне жергілікті атқарушы органдар мен полиция өкілдері тарапынан жасалады. Осы салаларда нақты алдын алу шаралары қажет. Партияның сайлауалды және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы бағдарла­малары шеңберіндегі Жол карталарын са­палы іске асыру үшін олардың орындалуын партия алаңдарында тұрақты түрде талқы­лап отыру керек», – деді депутат.

Жалпы, көшпелі отырыс барысында Шымкент қаласындағы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының нақты нәтижесі бар екендігін атап өтті.

Бұл індетпен күресу әдістері бойынша, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар мен міндеттер айқындалды. Жүйелі жұ­мыс­тар мен партиялық бақылаудың арқасында қалада бұл бағыттағы жұмыстар жаңа қар­қын алмақ.

Назгүл Назарбекова