Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоилов екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық қатынастарды дамыту жөніндегі уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Көршілер ынтымағы – даму кепілі
159
оқылды

Отырысты ашқан Мәжіліс Спикері соң­ғы жылдары Қазақ­стан мен Өзбекстан арасында жоғары деңгейдегі бірқатар өзара сапар өтіп, Одақтастық қатынас­тар туралы және Мемлекеттік шек­араны де­мар­кациялау туралы шарттар мен 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестік бағдарламасы сияқты тарихи құ­жат­тарға қол қойылғанын атап өтті. 

– Екі ел президенттерінің сая­­си ерік-жі­гері мен даналығы­ның  арқасында қа­зақ-өзбек байланы­сы бұрын-соңды болма­ған биік деңгейге жетті. 100-ден астам ке­лі­сімнен тұратын берік шарт­тық-құ­қық­тық база қалып­тас­ты. Олар біздің қарым-қа­­ты­нас­тары­мыздың барлық саласын қам­тиды. Ынтымақтастықтың жаңа фор­ма­тының институцио­налдық негізі қа­лан­ды. Пре­зи­денттеріміз ықпалдастықтың ба­с­ым бағыт­тарын айқындап, олар­ды іл­ге­рі­лету үшін нақты міндеттер қой­ды, – де­ді Ерлан Қошанов. 

Ол екі ел арасындағы парла­мен­­таралық ық­палдастықтың жүйелі сипат алып, нақ­ты маз­мұнмен толыға түскеніне назар ау­дар­ды. Бұл үрдіс көпжақты алаңдарда да жү­зеге асуда. Іске асырылған бастамалар қа­тарында Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы, Орта­лық Азия елдері әйелдері диалогы аясындағы іс-ша­ра­лар және Таш­кент қаласында табысты өт­кен Халық­аралық Парламентаралық Одақтың 150-ші Ассамблеясы бар.

Өз кезегінде, Нуриддин Ис­мои­лов пар­ламентаралық диалог елдер арасындағы се­німді нығай­ту­дың маңызды факторы еке­нін және мемлекет басшыларының стр­а­­т­егиялық келісімдерін жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтты.

– Парламентаралық ынты­мақ­тастық кеңе­сінің форматы жүйелі әрі практикалық мәні зор. Парламенттік диалог мемлекет­аралық ынтымақтастыққа ілесіп қана қой­май, сонымен қатар оны нығайтуға, эко­номика, әлеумет­тік сала, білім беру және гумани­тар­лық бағыттағы бірлескен бас­тамаларды ілгерілетуге ықпал етуге тиіс деген пікірдеміз, – деді Олий Мажлис Заң шығару пала­та­сының спикері.

Кеңестің екінші отырысының негізгі та­қырыбы экономика, ақпараттық тех­но­логиялар және жасанды интеллект сияқ­ты ба­ғыт­тар бойынша ынтымақтас­тық­тың перспективаларына, сон­дай-ақ мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы жоба­лар­ға арналды.

Тараптар сауда-экономика мен аграр­лық салалардағы серік­тестікті кеңейту, мә­дениет пен білім бағытындағы ынты­мақ­тас­тықтың жоғары қарқынын сақтау, эко­логия, энергетика және су рес­ур­стары мә­селелерін бірлесіп шешу бойынша екі ел көш­бас­шылары арасындағы келі­сім­дер­ді іске асыруда ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс Спи­кері күн тәр­тібіндегі басым ба­ғыттарға назар ау­дарды. Олардың қатарында Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы екіжақты тауар ай­налымын 2030 жылға қарай 10 миллиард дол­ларға дейін ұлғайту міндеті де бар. Де­путаттар осы ме­жеге тезірек қол жеткізу үшін қажетті заңнамалық шараларды тал­қылады.

– Бүгінде Қазақстан Өзбек­стан­ның ең ірі үш сауда серік­тесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын 4 миллиард АҚШ доллар­ын құрай­ды. Соңғы жылдары өз­ара тиімді ынтымақ­тас­тықтың негізгі қозғаушы күші өнер­кә­сіптік кооперация, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы және логистика бо­лып отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында депутат­тар жоғары дең­гейде қол жеткізіл­ген үш негізгі көлік-ло­гистика жо­ба­сының жүзеге асырылу мә­­се­лелерін де талқылады. Олар: Дар­база – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы, Таш­кент облысында Көпфункционалды ло­­гистика орталығын құру, сон­дай-­ақ 

Қы­зылорда – Үшқұдық теміржол және ав­то­мо­биль жолы­ның құрылысы.

Сонымен қатар Өзбекстан Рес­пуб­ли­касы Олий Мажлисі­нің Заң шыға­ру­шы палатасы дел­е­га­циясына Қазақстан мен Өз­­бекстан президенттерінің тап­сыр­ма­ла­рын орындау бойынша жүзеге асы­рылған өнеркәсіптік жобалар таныстырылды. Олар­­дың ішінде бірқатар бірлескен кәсіп­орын бар. Атап айтқанда, Қостанай об­лы­сындағы авто­көл­ік зауыты, Қарағанды об­лысын­да­ғы тұрмыстық техника шығара­тын кәсіпорын мен Шымкент қаласындағы медициналық бұ­йым­дар өндірісімен ай­налысатын зауыт. Сондай-ақ мәртебелі мей­мандарға Алматы маңында орна­ласқан Alatau City – инновация­лық қаласы және «Жаңа Жібек жолы» бойындағы жаһандық тур­истік орталығы таныстырыл­ды. Жоба­ның алғашқы кезегін іске қосу 2030 жылға жоспарлан­ған. Alatau City жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашы­лу­ын қамтамасыз етіп, өңірдегі даму орталығына айналуға тиіс. 

Жұмыс сапарының бағдар­ламасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті база­сында орналасқан Farabi HUB жоғары технологиялық жобалар мен стар­таптарды дамыту плат­фор­масына жә­не Алматы қала­сының мәдени нысан­дарына бару жоспарланған. 

Мейір ЖАСЫН