Еуразия жүрегінде өткен айтулы шараға Италия Премьер-министрі және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанның мемлекет басшылары қатысты. Бұл – тек ресми жиын ғана емес, ел мен елді, мәдениет пен экономиканы, өткен мен болашақты сабақтастыратын тағдырлы кездесу.
Саммитті ашқан Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келгені және жоғары деңгейдегі кездесуге бастамашы болғаны үшін Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониге ризашылығын білдірді.
– Сізді елордамызда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Соғыстан кейінгі жылдарда Италия Үкіметінің басшылығына жеткен алғашқы әйелсіз. Әлемдік қоғамдастық мойындағандай, қазіргі заманның белгілі, тіпті, аса көрнекті саяси қайраткерісіз. Сіздің ішкі сын-қатер мен халықаралық проблемаларға қатысты көзқарасыңызбен және іс-әрекеттеріңізбен толықтай келісемін. Астана халықаралық форумына қатысып, мазмұнды баяндама жасағаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің сөзіңізді саяси және сарапшылар қауымдастығы өте жақсы қабылдады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқан және өңірлік кооперацияға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты.
– Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өркениетаралық диалогты дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағидаттарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отыз жылдан астам уақыт ішінде Италия өзін Орталық Азия елдерінің орнықты дамуына септігін тигізген сенімді серіктестердің бірі ретінде көрсетті. Президент «Орталық Азия+» форматында мүмкіндіктерді жұмылдыру Италия мен аймақ елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететінін айтты.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Италиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына қатысты ойымен бөлісті.
– Сауда-экономикалық байланысты тереңдету – басты басымдық. Әлемнің негізгі экономикалық полюстері арасындағы тарифтік қақтығыстың салдары барлық ел үшін ауыр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұрын жолға қойылған сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалумен бірге, оны нығайтуға күш салу да өте маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие деп санайды. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін береді. Осы орайда Қазақстан Президенті Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Италия серіктестігінің локомотиві саналатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты тағы бір маңызды міндет ретінде атады.
– Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар болашағымыз баламалы энергия көздеріне байланысты болмақ. Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтарының бірі. Италиялық серіктестерімізбен бірлесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр станцияларын салып жатырмыз. Аталған жобалар үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны нығайту зор мүмкіндікке жол ашатынын жеткізді. Қазақстан Орталық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақпаратты жинақтайтын Аймақтық зерттеу орталығын құру туралы бастама көтерді.
– Бiрлескен кәсiпорындар құру, технологиялар трансфертi, италиялық өндiрiстi өз аймағымызда локализациялау ортақ мүддеге сай келеді. Бұдан елдеріміз едәуiр пайда табады. Бұл бағытта жемісті ықпалдастықтың мысалдары бар. Атап айтқанда, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Бұдан бөлек, Италия компанияларының қатысуымен күкірт қышқылын өндіретін және газ өңдеу зауыттарының құрылысы басталды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тағы бір маңызды мәселе ретінде трансконтиненталды байланысты нығайтуға тоқталды. Яғни Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыта отырып, елдеріміз көне Жібек жолын жаңа сипатта қайта жаңғыртып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық орнықтылық мәселелерін де қамтыды. Мемлекет басшысы Орталық Азия қазірдің өзінде жаһандық жылыну салдарын бастан кешіріп жатқанын айтты. Президент Италия тарапына аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге, соның ішінде Арал теңізі бассейнін қалпына келтіруге белсенді қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мен мәдениет салаларындағы ықпалдастық жайында сөз қозғады.
– Қазіргі уақытта Италияда төрт мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Біз жастарымыздың үздік университеттерде оқуына мүмкіндік жасағаны және грант пен шәкіртақы ұсынғаны үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Италияның техникалық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз қазір инженерлік-техникалық білімге ерекше мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жиында айтылған ұсыныстардың барлығы отырыс қорытындысы бойынша қабылданатын Бірлескен декларацияда көрініс табатынын жеткізді.
Сондай-ақ бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитінде Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Көшбасшылар өзара сенім мен ортақ мүдделерге сүйене отырып, аймақаралық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екендерін білдірді. Саммит аясында тараптар халықаралық құқық, БҰҰ Жарғысы және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын сақтауға бейілдігін растады. Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, терроризм, экстремизм, киберқауіптер және есірткі саудасы сияқты жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлескен күрес қажеттігі атап өтілді.
Экономикалық өзара іс-қимыл аясында сауда мен инвестиция, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылым, көлік, логистика, байланыс, ауыл шаруашылығы мен жаңартылатын энергия көздері салаларында ынтымақтастықты тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Италияның инновациялық әлеуеті мен технологиялық тәжірибесі Орталық Азия елдері үшін ерекше маңызға ие екені атап өтілді.
Саммит экологиялық мәселелерге де басымдық берді. Арал теңізінің экожүйесін сақтау, мұздықтардың еруі, су ресурстарын ұтымды пайдалану және таулы өңірлердің орнықты дамуы секілді өзекті тақырыптар қозғалды. Осы бағытта бірлескен жобалар, жоғары деңгейдегі кездесулер мен технологиялық шешімдерді енгізу жоспарлануда.
Білім, ғылым, мәдениет және жастар арасындағы алмасу да маңызды бағыт ретінде белгіленді. Көшбасшылар академиялық байланыстарды нығайту, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, туризм мен жастар бастамаларын қолдау мәселелерін талқылады.
Саммит қорытындысы бойынша қатысушы тараптар тұрақты диалогты жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, келесі кездесуді 2027 жылы Қырғыз Республикасында өткізу туралы ұсынысты қолдады. Италия мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы бұл жаңа серіктестік форматы аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына үлес қосып, өзара тиімді ықпалдастықтың берік негізін қалайды деп сенеміз.
Кәмила ДҮЙСЕН