Әңгіме құны 150 еуродан төмен әрбір сәлемдемеге 2 еуро көлемінде белгіленетін бірыңғай баж салығы туралы болып отыр.
ЕО-ның сауда жөніндегі комиссары Марош Шефчовичтің айтуынша, бұл жаңашылдық ең алдымен Temu мен Shein секілді қытайлық алып компанияларға қатысты болмақ. Қазіргі таңда бұл маркетплейстерден 150 еуродан төмен бағамен сатып алынған тауарлар ЕО аумағына кіргенде салық алынбайды.
2 еуро көлеміндегі баж салығы тек тікелей алушыға жіберілетін сәлемдемелерге қатысты енгізіледі. Ал қоймаларға жеткізілетін тауарлар үшін салық мөлшері төмен — 0.50 еуро болады.
2024 жылы Еуроодақ 4,6 миллиард арзан сәлемдеме қабылдады, олардың 90%-дан астамы Қытайдан келген. Шефчовичтің айтуынша, мұндай көлем кеден қызметкерлеріне үлкен салмақ түсіріп, келіп жатқан тауарлардың қауіпсіздігін тексеруді күрделендіреді.
ЕО-ның сауда комиссарының пікірінше, ұсынылған 2 еуролық салық сәлемдемелер ағынын өңдеуге кететін шығындарды өтеуге көмектеседі. Брюссель бұл арқылы бір жағынан бюджетке қосымша кіріс түсетініне үміт артып отыр. Сонымен қатар ЕО ішкі нарығын Temu мен Shein-нен келетін сапасыз әрі денсаулыққа қауіпті тауарлардан қорғауды мақсат етіп отыр.
Ал Қазақстанда керісінше, қытайлық маркетплейстер танымалдылыққа ие болып келеді. Олар жергілікті кәсіпкерлермен салыстырғанда тиімді шарттармен жұмыс істеп отыр. Мысалы, қазіргі заңнама бойынша елге 200 еуроға дейінгі сәлемдеме кіргізгенде кедендік төлем алынбайды. Алайда соңғы уақытта бұл норманы қайта қарау қажеттігі туралы әңгіме қозғала бастады.
Айта кетейік, арзан қытай тауарларын бажсыз кіргізуге тыйым салу мәселесін Ұлыбритания билігі де көтеруде. Онда да Temu мен Shein-нен келетін сәлемдемелерге салық салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Ал АҚШ-та Дональд Трамптың әкімшілігі Қытайдан келетін барлық импортқа 120% көлемінде бұрын-соңды болмаған салық енгізген еді. Ақ үйдің ресми сайтында бұл шешім АҚШ-қа синтетикалық есірткілердің заңсыз кіргізілуімен күрес мақсатында қабылданғаны айтылған.