Сенат заңды қолдады, бірақ нақтылықты талап етті.
Cенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңға түзету енгізді
272
оқылды

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңды қарады. Сондай-ақ депутаттық сауалдарды жолдады.

Отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Сенаторлар атап өткендей, заң нормалары қаржы секторындағы рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыруға, қаржыға қолжетімділікті арттыруға, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға, қаржы қызметтері мен байланыс қызметтерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және азаматтардың банкроттық рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.

«Қаралған заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Құжат еліміздің қаржы секторының құқықтық реттелуін кешенді түрде жетілдіруге арналған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Бұл түзетулер банк секторындағы бәсекелестікті арттыруды және құнды қағаздар мен сақтандыру нарықтарын одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ елімізге шетелдік банктерді тарту үшін рұқсат беру талаптары оңтайландырылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да қарастырылды. Заңды қарау барысында сенаторлар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заң нормаларын жетілдіруге арналған ұсыныстарын да берді», – деді Сенат Төрағасы.

Жалпы, осы заң арқылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қызмет көрсету стандарттарын енгізуге міндеттеледі. Бұл – инклюзивті және әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қорғау жөніндегі нормалар да айрықша мәнге ие. Банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қарыздар бойынша кейінге қалдыруды ұсынуға тиіс. Сондай-ақ қарыздарын мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбы жойылады. Ал мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қарыз ала алмайды. Мұндай алдын алу шарасы армиядағы жарғылық емес қатынастарды одан әрі жоюды көздейді.

Сонымен қатар заң алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге ықпал етуге тиіс. Енді ірі көлемде кепілсіз несиелер алуға жүгінген азаматтар бөлімшеге келіп, жеке қатысуы қажет. Ал кей жағдайларда eGov порталы арқылы растау талап етіледі. Банктер күдікті операцияларды тоқтату үшін көбірек өкілеттіктерге ие болады. Телефон алаяқтығымен күресуге де ерекше мән беріліп отыр. Бір адамға 10-нан аспайтын ұялы нөмірді тіркеуге рұқсат беру, сондай-ақ  арнайы жабдықты, мысалы, SIM-бокстарды лицензиясыз әкелуге және пайдалануға тыйым салу ұсынылды.

Осылайша, сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдап, оған бірқатар түзету  енгізді. Нақты айтқанда, мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелері арасында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат алмасуға қатысты өзгерістер бар. Одан бөлек, депутаттар банк құпиясы мен микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізудің салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау мерзімдерін нақтылауды ұсынды. Сенаторлар ұсынған түзетулер шеңберінде Ұлттық банктің Антифрод-орталығының дерекқорларын ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграциялау регламенттеледі, алмасуға жататын мәліметтердің тізбесі нақтыланады және алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда ұялы байланыс операторларының іс-әрекеттері айқындалады. Осыған байланысты отырыста сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Палата отырысында депутаттық сауалдар да жолданды.

Ернұр Әйткенов бруцеллезбен ауырған мал етінің таралуына алаңдаушылық білдірді. Осындай қатердің алдын алу үшін сенатор вакциналар мен құлақ белгілерін орталықтандырылған сатып алуды ұйымдастыруды, сондай-ақ бруцеллезге қарсы вакциналарды сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етуді ұсынды.

Мұрат Қадырбек отандық мақта өсірушілер тап болған проблемаларға назар аударды. Ол бұл салада әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және барлық тараптың құқықтарын қорғауды көздейтін бірқатар нақты шараны атап өтті.

Талғат Жүнісов оқушылардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге тоқталып, осыған байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Амангелді Толамисов Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне тамаққа өтемақы төлеуді тоқтатуға қарсы болды. Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың қыздары үшін айтарлықтай салдарын тигізуі мүмкін.

Сенатор қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне арналған әлеуметтік қолдауды сақтауды сұрайды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне арналған тамақтану шығындарына берілетін өтемақыны алып тастау, әсіресе тұрмысы төмен отбасылардан шыққан қыздар үшін – әлеуметтік тұрғыда елеулі салдарға әкелуі мүмкін. Бұл туралы сенатор Амангелді Толамисов өзінің депутаттық сауалында мәлімдеп, мемлекеттік қолдау шараларын сақтауға шақырды.

«Бүгінде 9 577 студент тамақтану үшін ақшалай өтемақы алып жатыр. Студенттердің басым бөлігі елді мекендерден, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан қыз-балалар. Атап айтқанда, 9 577 студенттің 109-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, 59-ы мүгедектігі барлар, 710 шәкірт жартылай жетім, 3 641-і көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққандар, қалғандары әлеуметтік жағдайы дәлелденген басқа да санаттағы студенттер. Ал  7 670 студент ауылдық жерлердің қыздары», – деді сенатор.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 15 ақпандағы Премьер-Министрдің бюджеттік шығындарды қысқарту туралы хаттамалық тапсырмасы аясында бұл шығын бабының тоқтатылуы қарастырылып жатыр. Алайда мұндай шешім әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардағы студенттер үшін аса қауіпті. Бұл университет – аймақтағы қыздарға арналған жалғыз жоғары оқу орны ретінде білім беру ғана емес, сонымен қатар тәрбие және ағарту миссиясын да атқарады.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқып жатқан әрбір студент – болашақ педагог, болашақ ана, болашақ қоғамды қалыптастырушы тұлға. Сондықтан олардың білім алуына, дұрыс тамақтануына, денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне жасалған әрбір қолдау – тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция деп білеміз. Білімді де тәрбиелі қыз – елдің тірегі, ұлттың жүрегі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқитын студенттерді әлеуметтік қолдау, соның ішінде тегін тамақтандыру мәселесін жүйелі шешу – аса маңызды және келешек үшін жауапты іс», – деді сенатор Амангелді Толамисов.

Ернұр Әйткенов бруцеллез жұққан еттің таралуына алаңдаулы

Сенатор Ернұр Әйткенов өзінің депутаттық сауалында Қазақстандағы ветеринария қызметінің жай-күйіне алаңдаушылық білдірді және салаға шұғыл әрі жүйелі шешімдер қажеттігін атап өтті.

Ол ветеринарияның тиімділігі азық-түлік қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығы мен агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығына тікелей әсер ететінін жеткізді. Вакцина мен мал құлағына салынатын белгілерді жеткізудің ұдайы кешігуі шешілмейтін проблеманың бірі болып келеді. Ол малды есепке алу мен бақылау тәртібін, алдын алу мен дәрі егу мерзімін бұзады, иммундық қорғанысты әлсіретеді және қауіпті инфекцияның таралу қаупін арттырады.

Сенатор бруцеллезге қарсы вакцинацияға ерекше назар аударды. Вакцина көбінесе мал иесі есебінен сатып алынады, шығу тегі, сапасы мен тіркелуіне бақылау жасалмайды, сондай-ақ тиімділік мониторингі жүргізілмейді. Бұл иммундау тиімділігін төмендетеді және орталықтандырылған есепке алудың болмауына әкеледі.

«Бруцеллездің малға таралуы айқын эпидемиялық ахуалға, адамдардың ауруына ықпал етеді, бұл мүгедектікке әкелетін емделуі қиын ауру. Ауру мал мен оның өнімі адамдарға жұғудың негізгі көзі болып саналады.  Соңғы 3 жылда Қазақстанда 2 мыңға жуық адам бруцеллез ауруына шалдықты. Санитарлық мақсатта сойылғаннан кейінгі сатылған етке бақылаудың болмауы қауіпті күшейтеді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, ет ПТР талдауының нәтижесін алғанға дейін сатылымға шығып кетуі мүмкін. Фермерлік қауымдастықтар мұндай етті делдалдар арқылы сатып жіберу жағдайы болатынын растайды, бұл санитарлық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді», деді Ернұр Әйткенов.

Сенатор сонымен қатар ауылдық жерлерде ветеринария инфрақұрылымы жетіспейтінін атап өтті. 2 100-ден астам ауылдық округтің тек 30%-да ғана ветеринарлық бекет бар, олардың көпшілігі нашар жабдықталған. Тіркелген 1 164 сою алаңының тек 497-сі ғана жұмыс істейді, бұл фермерлерді ветеринарлық бақылаусыз және санитарлық нормаларды бұза отырып, малды аулада союға мәжбүр етеді. Материалдық-техникалық база ескірген, жабдық пен көлік 2013 жылдан бері жаңартылмаған, бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді. 

«Вакцина мен мал құлағына салынатын белгіні орталықтандырып сатуды ұйымдастыруды, сондай-ақ бруцеллезге қарсы вакцинаны сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Бруцеллезге қарсы вакцинацияны бақылаудың ғылыми негізделген тұжырымдамасы мен тәртібін әзірлеу қажет. Етті ПТР-талдау нәтижесін алғанға дейін сатуға тыйым салуды енгізе отырып, санитарлық сою тәртібін жаңарту, сондай-ақ мәжбүрлі союдан кейін ет қозғалысын бақылауды күшейту қажет. Ауылдық округтердегі ветеринариялық бекет пен санитариялық сою орындары желісін кеңейту, сондай-ақ малмен қауіпсіз жұмыс істеу үшін ветеринария бекеттерін мамандандырылған үй-жаймен, бөлімдермен және ұстағыш жабдықпен толықтай қамтамасыз ету ұсынылады», – деді сенатор.

Сенатор Талғат Жүнісов балалар лагерінде жазғы демалысты сапалы және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етуге шақырды

Сенатор Талғат Жүнісов өзінің депутаттық сауалында оқушылардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар туралы айтып берді. 

Мәселен, биыл 3,2 миллионнан астам оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр, бұл жалпы балалар санының – 92 пайызы. Жыл бойы, маусымдық, шатырлы және киіз үй лагерьлері жұмыс істейтін болады.  Дегенмен  ауқымды жоспарға қарамастан, жүйелі мәселелер әлі де бар. Сенатор мемлекеттік сатып алу кезінде демпингтің теріс тәжірибесіне назар аударды. Өйткені, тендерде өз инфрақұрылымы жоқ кәсіпкерлер жеңіп шығады және төмен баға ұсынады, нәтижесінде балаларға сапалы және қауіпсіз демалысты қамтамасыз ете алмайды. 

«Балаларға арналған жолдаманы жалпыға бірдей білім беру қорының қаржысынан сатып алу процесі Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асады және қызмет көрсету сапасы мен балалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бірқатар күрделі проблемаға тап болады. Ал бұл өзінде балалар лагері, инфрақұрылымы және материалдық-техникалық базасы жоқ кәсіпкерлер тарапынан жолдама құнына жасалған жүйелі демпинг болып отыр. Ондай субъектілер тендерге қатыса отырып, сапалы сауықтыру қызметінің нақты құнын ескермейді, конкурста жеңіске жету үшін ең төменгі бағаны ұсынады және қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған балалар лагерінде орынды жалға алады немесе балаларға уәде етілген жағдайды мүлдем қамтамасыз ете алмайды», – деді Талғат Жүнісов. 

Депутат сонымен қатар балалар лагерьлерінде медициналық қызмет көрсетуге лицензия алу мемлекеттік органдардың шамадан тыс талаптарымен және медициналық кабинеттерді жарақтандыруда бірыңғай ереженің болмауымен қиындатылғанын айтты. Ол балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Сондай-ақ ата-аналар мен лагерьлер арасында тараптардың жауапкершілігін төмендететін және балалардың құқықтарын бұзатын үлгі шарт жоқ. Нормативтік құжаттарда бастаушыларға, мұғалімдер мен түнгі тәрбиешілерге арналған штаттық бірлік те жоқ. Бұл қауіпсіздік пен бос уақытты қамтамасыз етуге кедергі келтіреді. 

«Халықтың әлеуметтік осал топтары санаты үшін білім бөлімдері жанында жолдама бөлу жөніндегі комиссияның  болу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Қала сыртындағы лагерьлердің медициналық кабинеттерінде дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге лицензия алу алгоритмін қайта қарау жөнінде шаралар қабылдау керек. Ата-аналар мен балалар лагері арасында оқушылар демалысын ұйымдастыру жөніндегі қызметке арналған бірыңғай үлгі шартты әзірлеу және бекіту керек. Педагогикалық топтардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптар бекітілсін және Қазақстанда тәлімгер даярлау стандарты әзірленсін»,  деді Талғат Жүнісов.

Қазақстанда мақта шаруашылығының жағдайы жыл сайын нашарлап келеді – Мұрат Қадырбек

Суармалы судың жетіспеушілігі, топырақтың тозуы, өнімділіктің төмендігі, шикізат бағасының құлдырауы мен өңдеу мүмкіндіктерінің шектеулілігі  туралы сенатор Мұрат Қадырбек өзінің депутаттық сауалында айтты.

«Осы өнім түрін игеріп жатқан шаруа қожалықтарының соңғы жылдардағы жағдайы тұрақсыз. Шаруа қожалықтары өнімін дұрыс мөлшерде ала алмай, еңбегінен табыс табудың орнына тек шығындарын өтеп, кей жағдайда қарызға батып, ертеңгі күніне алаңдаумен келеді. Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір», – деді сенатор.

Сенатордың айтуынша, жағдайды одан әрі қиындатып отырған жайт – мақтаның шикізат түрінде делдалдар арқылы экспортталуы. Халықаралық нарықта сұраныстың азаюы және өңдеу шығындарының жоғары болуына байланысты жергілікті өндірушілер жеткілікті табыс таппай, тиімсіз жағдайда қалып отыр. Депутаттың мәліметінше, елімізде мақта талшығын терең өңдейтін небәрі үш кәсіпорын бар, олардың үлесі 15%-дан аспайды, ал қалған 85% шикі күйінде экспортталады. Қазақстанда мақта өнімін өңдеу құны тоннасына 150-170 мың теңге шамасында, бұл Қытай мен Өзбекстандағы бағадан үш есе жоғары. Мұндай жағдай шаруалардың табысын азайтып, экономикалық тұрақтылығына кері әсер етіп отыр.

Осыған байланысты сенатор саланы тұрақтандыру мен дамыту үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден келесі шараларды қабылдауыңызды сұраймыз: Нарықтық экономикаға сай барлық тараптардың құқығы қорғалып, әділ бәсекелестік пен сапалы өнім алу мақсатында арнайы мақта саласын дамыту туралы заңын әзірлеу мәселесін қарастыру қажет деп есептейміз. Қазақстандық мақтаның сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс. Мақта шаруашылығы саласындағы дайын өнім шаруашылығы отандық кәсіпорындарды офтейк-контрактілермен қамтамасыз етуді қарастыру керек», – деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Сенат заңды қолдады, бірақ нақтылықты талап етті. Қаржылық заң Мәжіліске қайтарылды

Сенат қаржы нарығын дамыту, қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтарын қорғау, байланыс саласы және заңнамалық реттеудегі артық нормаларды алып тастауға қатысты заңды Мәжіліске қайтарды. Палата отырысында сенаторлар заңды өз ұсыныстарымен қайтаруды орынды деп тапты.

Талқылау тудырған басты түзетулердің бірі – мерзімді әскери қызметшілерге несие беруге тыйым салу мәселесі. Сенат бұл бастаманы қолдағанымен, оның жүзеге асыру тетігін нақтылай түсу қажет деп санады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен кредиттік бюролар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланды. Енді әскерге шақырылғаны жөнінде тиісті ақпарат болған жағдайда ғана банктерге, микроқаржы ұйымдарына және жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға әскери қызметшілерге несие беруге тыйым салынады.

Заңдағы ең маңызды бағыттардың бірі – телефон және цифрлық алаяқтықпен күреске арналған антифрод жүйесін құру және енгізу. Сенат бұл бастаманы қолдап, бірқатар нақтылау  енгізді. Түзетулерде Ұлттық банктің Антифрод орталығы мен ұялы байланыс операторлары арасында ақпарат алмасу тәртібі және берілетін деректер тізбесі белгіленді. Сонымен қатар алаяқтық белгілері бар қоңыраулар анықталған жағдайда операторлардың әрекет ету тәртібі де айқындалды.

Сенаторлар соттан тыс банкроттық пен азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл норманы қолдай отырып, олар соттан тыс банкроттық рәсімінің анықтамасын нақтылап, ол кімдерге қолданылатынын айқындауды ұсынды. Сондай-ақ борышкерлер кепілгер, кепіл беруші немесе басқа біреудің міндеттемелері бойынша жауапты тұлға ретінде әрекет етсе, үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша олардың несие берушілер алдындағы міндеттемелері тоқтатылмайды деген шектеу енгізілді.

Осылайша, заңның тұжырымдамасы мен оның әлеуметтік бағытын қолдай отырып, Сенат оны жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстармен Мәжіліске қайтарады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.