Астана халықаралық форумының алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуримен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент Абу-Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Астанадағы кездесуін ықыласпен еске алды. Оның аясында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды.
Сухейл әл-Мазури Астана халықаралық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сухейл әл-Мазури жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты жолдарын, соның ішінде екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту бастамасын талқылады. Министрдің айтуынша, Әмірліктер Абу-Даби Тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған келісімдерді орындауға белсене кірісіп кеткен.
Кездесу барысында энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері қарастырылды.