Құмар ойын – бүгінде жай ермек емес. Бұл – адам еркіндігін тұсап, тағдырын тұйыққа тірейтін, ең сорақысы – жастық шақтың жарқын кезеңін жұтып қоятын қауіпті тәуелділікке айналды. Мамандар мұны лудомания деп атайды. Бұл термин грек тілінен аударғанда ludos – «ойын», mania – «құштарлық», «дерт» деген мағына береді. Бұл дертке душар болған жанның өмірі – өзгелер үшін сабақ боларлық күрделі кезеңдерге толы.
Лудомания дегеніміз не?
Лудомания – адамның онлайн казино, лотерея, букмекерлік кеңселер секілді құмар ойындарға патологиялық түрде тәуелді болуы. Психологияда бұл – мінез-құлықтың бұзылуы ретінде қарастырылады. Мұндай адам үнемі жеңіске жетемін деген үмітпен ақшасын сала береді, ұтыс мүмкіндігін шынайы бағалай алмайды.
Көп жағдайда алғашқы жеңіс – адам санасын арбап, тәуелділік тұзағына жетелейді. Оңай олжаға кенелу – әсіресе жастар үшін тартымды. Алайда мұндай «жеңістің» соңы көбіне өкінішпен аяқталады.
Нұрсаяның әңгімесі: «Ұтылған ақшадан бұрын, өзімді жоғалттым»
– Ол кезде мен 18-ге енді толған студент едім. Ата-анам жіберген ақшаны үнемдеп, өз қажетіме жұмсайтынмын. Бір күні сыныптасым қиналып жүргенін айтып, қарыз сұрады. Жөн көріп, бере салдым. Бірақ бұл менің өмірімдегі ең үлкен қателіктің бастауы боларын қайдан білейін…
Осылай деп әңгімесін бастаған Нұрсаяның айтуынша, бұл бір реттік көмек емес, тұтас шырғалаңның бастауы болған. Әлгі студент тек одан емес, басқа да адамдардан ақша алып, қайтармай жүрген. Ақыры ата-анасы араласып, мәселе ушыға түскен.
– Осы жағдайдан кейін жұмыс істей бастадым. Бірақ тапқаным жеткіліксіз болды. Әлеуметтік желіден онлайн казино жарнамасы шыға бастады. «Аз салып, көп ұтамын» деп ойладым. Алғашында ұттым. Қуандым. Содан кейін бәрін ұтылып қалдым. Ұтылған ақшамды қайтаруға тырысып, тағы салдым. Солайша бүкіл ақшамнан айырылып, сабақтан да қалатын болдым. Стипендиядан да айырылып қала жаздадым…
Нұрсаяны бұл тығырықтан достары, әсіресе қыздар қауымы алып шыққан. Қазір ол – өмірге байыппен қарайтын, әр тиынды бағалай білетін жан.
Гүлназдың өкініші: «Өзімді сатқын сезіндім»
– 11-сыныпта оқып жүрген кезім. ҰБТ-ға дайындық, сынып отырыстары, үлкен өмірге алғашқы қадамдар… Интернатта тұрып, ата-анам жіберген ақшаны үнемдеп жұмсайтынмын. Бірақ отырысқа баруға келгенде «ақша жоқ» деуге намыстанатынмын.
Сыныптас қыздың банк картасында үнемі ақша болушы еді. Сөйтсем, ол онлайн казино арқылы ақша тауып жүр екен. Бір күні: «Менің ақшама ойнайық. Ұтсақ – бөлісеміз, ұтылсақ – мен жауап берем» деді. Алғашқы күні 15 мың теңге ұттық. Қуандық. Бірақ әлгі қыз ұтқан ақшаны қайта салып жіберді. Ақыры бәрінен айырылдық. Ашуланып, күйзелдік. Кейін мен де ата-анамның жіберген ақшасын соған тігіп жібердім. «Отырысқа бардық» деп, тағы ақша сұрадым. Сол сәтте өзімді сатқын сезіндім. Ата-анамның адал еңбегін желге ұшырғандай болдым, – дейді Гүлназ.
Бұл оқиға Гүлназдың өміріндегі үлкен сабақ болды. Қазір ол – тек адал еңбекпен ақша табу керек екенін терең ұғынған. Сол сыныптас қызды да бұл тәуелділіктен арылуға көндірген.
Лудомания – жеке адамның емес, қоғамның дерті
Бүгінде бұл дерт жастар арасында қауіпті деңгейде кең тарап барады. Жылтырақ жарнамалар, жасырын Telegram-чаттар, букмекерлік кеңселер – барлығы оңай табысқа құмар жандарды өз иіріміне тартып отыр.
Бұл мәселеге мемлекет те ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
– Қазақстанда ойынқұмарлық індетке айналып барады. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке де қауіп төндіретін фактор. Сондықтан заңмен реттеу – бүгінгі күннің басты міндеті, – деді «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар, заң аясында әлеуметтік желідегі жарнамаларға тыйым салынып, оны насихаттаған блогерлерге 200 мың теңгеден астам айыппұл салу жөнінде норма қабылданды.
Лудоманиямен күрес шаралары
2024 жылы Қазақстанда Үкімет қаулысымен заңсыз ойын бизнесі мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспар құмар ойындарға тәуелділік пен заңсыз ойын бизнесінің таралуын болдырмауға, халықтың әртүрлі санаттары арасында профилактиканы күшейтуге, сондай-ақ тәуелді азаматтарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған. Жоспардағы басым бағыттардың бірі – лудоманияның алдын алу.
Осы ретте республикалық деңгейде құмар ойындарға бейімділіктің себептері мен ауқымы зерттелді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, сауалнамаға еліміздің барлық аймақтарынан 5 998 азамат қатысқан.
Зерттеу нәтижелері бойынша құмар ойындарға тәуелділердің болжамды саны анықталды:
- лицензиясы бар мекемелер (казино және ойын автоматтары залдары) – 459 444 адам;
- интернет-казинолар (ҚР-да тыйым салынған) – 484 055 адам;
- заңды букмекерлік кеңселер – 456 276 адам;
- заңсыз букмекерлік кеңселер – 494 019 адам;
- заңды лотерея өнімдері – 491 710 адам.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру – құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу, халықтың психикалық денсаулығын нығайту және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
2024 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан азаматтары мен елде тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын 6 айдан 12 айға дейін өз еркімен шектеуге өтініш бере алады. Бүгінге дейін бұл мүмкіндікті 110 мыңнан астам адам пайдаланған.
Тегін көмек көрсететін желілер:
• 111 – Балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны
• 150 – Психологиялық көмек желісі (құпия түрде, тәулік бойы)
• 103 – Жедел медициналық көмек
Лудомания – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның проблемасы. Бұл – жеңіл ойын емес, адами құндылықты жұтатын терең тұңғиық. Нұрсая мен Гүлназдың хикаясы – кез келген жастың басынан өтуі мүмкін шынайы оқиға.
Ең бастысы – ақша бәрінен биік емес. Ар-ұждан, ата-ана сенімі – ешқашан сатылмайтын құндылықтар. Лудоманиямен күресті қоғам болып, отбасынан, мектептен, университеттен бастауымыз керек. Себебі бүгінгі жастар – ертеңгі елдің иесі.
Гүлшекер Сүлейменова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.