Қарқынды дамудың маңызды шарты өңір экономикасына тұрақты түрде түсетін инвестицияларды тарту екені белгілі. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексінің айтарлықтай өскені байқалып отыр. Осылайша, өңірлер арасында Жамбыл облысы көш бастап тұр.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге (190,8 млрд теңге) артқан. Бұл бизнес қауымдастықтың өңірдің экономикалық әлеуетіне деген сенімі жоғары екенін айғақтауда.
Жамбыл облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, инвестиция көлемі бойынша қазір жоспар 115 пайызға орындалып тұр.
Ал 2025-2028 жылдар аралығында құны 3,7 трлн теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтатын болсақ, «Еврохим Қаратау» компаниясы бірінші кезеңін 2025 жылы іске қоса отырып, жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруді бастайтын болады. Ал 2026 жылдың ІІІ-тоқсанынан бастап осы кәсіпорын жылына 1 млн тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар өндіреді. Жалпы, «Еврохим Қаратау» компаниясының инвестициялық жобаларының құны 530 млрд теңгеге жетіп отыр.
Бұдан бөлек, Qazaq Soda компаниясының жылына 1 млн тонна кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 208 млрд теңгені құрайды. Зауыт 2027 жылы толықтай іске қосылады.
Сонымен қатар биыл Talas Іnvestment Company компаниясының цианид натрий өндіру жобасының екінші кезеңі іске асады. Кәсіпорын жылына 30 мың тонна цианид натрийін өндіретін болса, жобаның құны – 26 млрд теңге.
Цианид натрийін өңдеу бойынша екінші бастама – Altynalmas Reagents компаниясының құны 67 млрд теңге құрайтын жобасы. Жобаның жылдық қуаттылығы 25 мың тонна. Өндіріс орны 2027 жылы іске қосылады.
Химия саласындағы тағы бір жоба – Kazakhstan Hydrogen Peroxide компаниясының сутегі асқын тотығын өндіру зауыты. Жобаның жылдық қуаттылығы 30 мың тонна болса, инвестиция құны 30 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың IV-тоқсанында аяқталмақ.
Металлургия саласындағы Yonggang Central Asia Iron And Steel ЖШС-ның да инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жобаның құны – 637 млрд теңге. Жылына 3 млн тоннаға дейін құбырларды өндіруге арналған катанка, арматура, жолақты болат және профильді болат өндіреді. Жобаның аясында 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Бұдан бөлек, Қытайдың Fufeng Group компаниясы Қазақстанда ауқымды агроөнеркәсіптік жобаны жүзеге асыруда. 2025 жылдың сәуір айында Жамбыл облысының Шу ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Бұл жоба Қазақстандағы ең ірі агроөнеркәсіптік жобалардың бірі болып табылады. Жобаның құны 173 млрд теңгені құраса, жылдық қуаттылығы 1 млн тонна жүгері өнімдерін өндіретін болады.
«Азия Чем» компаниясы да фосфориттер кенін қолдана отырып, суперфосфат тыңайтқышын өндіру бойынша құрылыс жұмыстарын бастап отыр. Жобаның құны – 15 млрд теңге. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 100 мың тоннаны құрайды. Жоба 2027 жылы іске қосылады. Бұдан бөлек, «Қаратау Кемикалс» компаниясының қуаттылығы жылына 25 мың тонна көлемінде пиросульфит натрийін өндіру жобасы жемісті жүзеге асуда.
Енді биылғы жобаларды айтсақ, 175,2 млрд теңгеге нақты 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішіндегі ең ірілері – «Алель Агро» АҚ-ның құс фабрикасы. Жобаның құны 2 646 млн теңге болса, жылына 4,600 тонна құс еті өндіріледі деп күтілуде.
Ал KazGazBlock ЖШС газдалған бетон шығармақ. Жобаның құны – 1 200 млн теңге. Қуаттылығы – 100 000 текше метр. KazGeoEnergy ЖШС-ның әк өндіру зауыты да бар. Бұл жобаның құны – 900 млн теңгені құрап, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Alit Holding ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех салу, Shagala Mining ЖШС-ның мыс кендерін үймелі шаймалау зауытын салу, «Аметист-2012 БР» ЖШС-ның құрамында алтын бар кенді өндіру, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның минералды тыңайтқыш шығару, KAZCHEMTRAIDING ЖШС-ның цемент өндіру, «Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС-ның теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісі, Zhambyl Minerals ЖШС-ның «Аққұдық» кен орнын өнеркәсіптік игеру сынды жобалар бар. Аталған бастамалардың барлығы өңірге миллиондаған инвестиция әкеліп қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болмақ.
Әрине, оң динамика өңір экономикасының тұрақтылығын айғақтайтыны айқын. Ал салаға салынған инвестиция ел игілігіне жұмсалса, одан әлеуметтің әлеуеті артатыны тағы анық.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы