Абай салған сара жол бар. Сол жолға түскен Алаш арыстары қазақ баласының көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін қолдан келетіннің бәрін жасап бақты. Сол асыл мұраттың қасиетті бастауы болған шаңырақтың бірі – Семей мұғалімдер семинариясы. Расында, бұл оқу орнының тарихы тым тереңде. 1903 жылы ашылған семинария Батыс Сібір округіндегі халық мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз етті.
Шығысқа біткен бір шынар
2,604
оқылды

Кезінде осы семинариядан Құрманбай Мұздыбаев, Әбікей Сәтбаев, Ахметолла Барлыбаев, Әбіш Хасенов, Имамағзам Әлімбеков, Рахымбай Сапақов, ағайынды Биахмет және Жанахмет Сәрсеновтер, Мұстафа Шантин, Қазы Нурмұхамедов, Ахметбек Шикібаев тәрізді ойы озық азаматтар білім алды. Осында Нұрғали Құлжанов қазақ тілінен сабақ берген.

Сондай-ақ Семей қазақ педагогикалық техникумында Әлімхан Ермеков, Тайыр Жомартбаев, Халел Ғаббасов, Сейітбаттал Мұстафин, Мәннан Тұрғанбаев, Мұстақым Малдыбаевтар сияқты Алаш қайраткерлері, ұлт зиялылары тәлім-тәрбие бергенін білеміз. 

Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді көрнекті тұлғаларымыздың есімі осы оқу орны тарихында алтын әріппен жазылып қалды. 

 Осындай тарихы терең, дәрежесі ерен оқу ордасына басшылық жасау оңай іс емес. Колледждің өз дәстүрі бар: оқуға қабылданған әр студент Мұхтар Әуезовтің шығармалар жинағын сатып алып, өзінің жеке кітапханасының қорын жинақтауды бастайды, осы орайда әр оқушыға заңғар жазушы шығармаларын мүхият оқу талабы қойылған. Білім бағдарламасы барысында Мұхтар Әуезовтің шығармаларын мазмұндау, үзіндіні мәнерлеп жатқа оқудан арнайы байқау ұйымдастырылады. Үздік студент колледжішілік байқауға жолдама алады. «Үздік әуезовші» атағына лайық болу – әр шәкірт үшін үлкен мәртебе.

Мұның бәрін жүйелі түрде реттеп отырған бір жан бар: ол – Шағангүл Жанаева. Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры бүкіл жан-тәнімен, болмыс-бітімімен Алаш идеясын қабылдап алған, бойына сіңірген кісі. Жай қабылдап қана қоймай, жас ұрпаққа сол идея мен асыл мұраттарға адал болудың жолын үйретіп келе жатқан білікті басшы.

Балдай тәтті балалық шақ

Табиғатынан зерек, жанары ойлы, көзқарасы терең жанның білімге құмарлығы қашан да артып тұрады. Біздің кейіпкеріміз де осындай биік болмыс иесі, білім мен тәрбиені өмірінің өзегіне айналдырған тұлға. Ол 1965 жылы 2 маусымда Абай ауданының Қызыл Ту ауылында дүниеге келген. Әкесі Алдамжар Жанаев – мал шаруашылығын жетік меңгерген білікті маман, ел ішінде абырой-беделімен танылған азамат. Анасы Жұмаш Кенжалина – ауылдың рухани тірегі саналатын кітапханада қызмет еткен, ұрпағын ұлағатпен тәрбиелеген парасатты жан. Еліне еңбекпен, ұрпағына өнегемен танылған осы шаңырақта дүниеге келген Шағангүлге ата-анасы елдің айдынды өзені Шағанның атын беріп, өмірі судай мөлдір, дариядай кең болсын деген ниетпен сәбидің есімін қояды.

Зиялы ортада өскен баланың таным көкжиегі ерте кеңейеді. Шағангүл Алдамжарқызы да кішкентай күнінен қызық дүниелерге құмартып өседі. Әкесі айтатын тарихи аңыздар мен ел тағдырын баяндайтын шежірелер оның балғын санасында ұлт рухының дәнін септі. Шаңырақтан қонақ үзілмейтін, сөзі салмақты, өресі биік адамдар жиі табылатын. Қазақтың белгілі ақыны атақты ақын Төлеужан Ысмайылов та әке шаңырағына жиі табан тіреп, қонақ болатын.

«Кенжесі болған соң ба, әкем мені ерекше еркелететін. Жазғы демалыста Аягөзге, Семейге барып қайт» деп, мені ауылдас ағаларға тапсырып, ақшамды санап беріп жіберетін» деп еске алады кейіпкеріміз. Сол бір балалық естеліктердің әрбір үзігі оның есейген шағында да елжірей еске алатын қымбат қазынасына айналды. Әке үлгісі, ана мейірімі, ауылдың дархан мінезі – Шағангүл Алдамжарқызының өмірлік бағытын айқындап берген. Әкесі бүкіл одақтық мерзімді басылымдарды жаздырып алып, күнделікті оқып отыратын. Балаға сөзбен емес, іспен үлгі бола білген әке тәлімі болашақ педагогтің бойында білімге деген құштарлықты ерте оятты. Анасы қызмет еткен кітапхана болса – таным әлеміне терезе ашқан парасат мекені. Шағангүл сол орданың тұрақты оқырманына, кейіннен сол білім ордасында білікті маман тәрбиелейтін ұстазына айналды.

Алайда өмір қашан да тосын бұрылыстарға толы. Әкесі өмірден ерте озған соң отбасы Жарма ауданына, кейін Семей қаласына қоныс аударады. Анасының «Шағантай, оқы, білім ал» деген сөздері бойжеткен қыздың көкірегіне үміт сәулесін себелеп, жігерін жаниды. Шағангүл мектепті жақсы бітіріп, 1982 жылы сол кездегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, үздік бітіреді.

Студенттік шақта да оқ бойы озық көрініп, білім мен тәрбиеге ерекше ықыласпен ден қойған бойжеткен оқу орнын үздік дипломмен тәмамдайды. Жас маманның туған ауылына оралуы – ата-ананың үмітін ақтаған, елге адал қызмет етер күннің бастауы еді. «Ата-анамыздың үлгілі тәрбиесін алған үшеуміз де жоғары білім алдық. Бұл – әкем мен анамның мықты тәрбиесі­нің арқасы», – дейді Шағангүл Алдамжарқызы өткен күндерге үңіле отырып. Расында, осы бір қарапайым ауыл қызының тұлға ретінде қалыптасуы – тек өз табандылығының ғана емес, отбасындағы рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің жемісі.

Алашқа бағдар болған мекеме

Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж – ғасырдан астам тарихы бар қара шаңырақ. Бұл оқу орнында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан сияқты қайраткерлер білім алған. Тізе берсек, қазақтың маңдайалды ұлдары, елім деп еңіреген, ұлтының жоғын жоқтаған талай тұлғалар осы жерде білім нәрімен сусындаған, үлкен өмірге қанат қаққан. Әлкей Марғұлан бір естелігінде: «Бұл семинария институтпен теңдес келетін оқу орны» деп жазады. Жазса жазғандай-ақ, бұл киелі мекемеден кімдер қанат қақпады дерсің!

 Сондықтан бұл педагогикалық колледж ғана емес, білім беретін қай шаңырақтың да мақсаты – өз Отанына адал қызмет ететін саналы да парасатты ұлт кадрларын даярлау. Сол білім ордасының бүгінгі кемел келбеті мен жарқын жетістіктеріне қаншама ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі сіңген. Соның ішінде жаңашыл педагог Шағангүл Жанаеваның да қосқан өлшеусіз үлесі жатыр. Ол бұл колледжде 1992 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келеді. 

Шағангүл Алдамжарқызы өз еңбек жолын 1986 жылы Абай ауданының Құндызды орта мектебінде мұғалім болудан бастаған. Білім мен тәрбиеге деген ықыласы мен іскерлігі оны көп ұзамай Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайына алып келді. Мұнда ол бөлім меңгерушісі ретінде қызмет етті. Ал 1992 жылы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге келіп, өмірінің жаңа белесін бастады. Осы оқу ордасында ұстаздық пен ұйымдастырушылық қабілетін танытып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін оқу орны басшысы ретінде жемісті еңбек ете берді. Осы колледжде жүріп, «1960-80 жылдардағы қазақ балалар поэзиясы және Қ. Мырза Әлі шығармашылығы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 

Ұжымдастыра білетін, тың бастамаларды сәтті жүзеге асыратын Шағангүл Жанаева әр іске зор жауапкершілікпен қарайды. Өз ісіне адалдығы мен шығармашылық қабілетінің арқасында ол оқу ордасының тәрбиелік бағытына жаңа серпін әкелді. Оның авторлығымен колледж қабырғасында «Ұлағат» атты ұлттық тәрбие жүйесі құрылды. Бұл – ел тәуелсіздігін алған елең-алаң шақ еді. 

«Бағдарламаның көкейкестілігі қазіргі Қазақстанның білім аясының ахуалы ұлттық рухтағы бағдарларды, адами құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, ойлау тәсілі мен тілді жаңғыртуды талап етеді. Елді елден, халықты халықтан ерекшелейтін бірден-бір белгі – оның ұлттық құндылықтары және қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірбен-бір критерийі адамның рухани байлығын арттыру. Ендеше жас ұрпақтың жағымсыз күйге түспеуіне, олардың рухани бай, адамгершілігі мықты, ізгі қарым-қатынаста өмір сүруіне жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе екендігі анық», – дейді кейіпкеріміз. Бұл игі бастама колледж қабырғасында ғана қалып қойған жоқ, республикалық деңгейге шарықтап кетті. Тіпті, бүгінгі күні тәрбиелік жұмыс­тардың басты темірқазығына айналды. 

Автордың өзі де «Ұлттық тәрбие – тек өз ұлтының құндылықтары ғана емес, басқа да халықтардың рухани мәдениетінен өнеге алуға тиіс. Ондағы ұлттық мұраттар, бостандықсүйгіштік, қайырымдылық, ізгілік т.б қасиеттері ұлттық мазмұны арқылы жалпы адамзатқа пайдалануға беріледі. Олай болса Шекспир мен Гетенің, Достоевский мен Толстойдың, Абай мен Шәкәрімнің, Әуезовтің шығармалары ұлттық тәрбие негізінде кез келген адамды жетілдіруге көмектеседі», – дейді. 

Қазақтың киіз үйінің құрылымына негізделіп жасалған бұл жүйе – ұлттық танымға, дәстүр мен болмысқа терең бойлаған ерекше жоба. 1992 жылы бұрылған бұл жоба ұлттық тәрбие жүйесінің құрылымы қазақ халқының ұлттық танымына, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру философиясына, салт-дәстүріне, өзін тани отырып өзгеге төр беретін елдің кеңдiк болмысына толық жауап береді. Өйткені ол – қазақтың бұрыннан жасалып келе жатқан киіз үйдің негізгі тірек бөлшектерімен аталатын жүйелі сала-сала бөлімдік жұмыстар. «Шаңырақ», «Тоғын», «Күлдіреуіш», «Уықтар», «Кереге тор көздері», «Босаға», «Табалдырық» – бүгінде өзіміз ел болып іздеп жүрген, ал тапсақ, «Япыр-ау, солай екен ғой» деп таңдай қаға тамсанатындай ауқымды істердің жолбасшысы. Ұлттық болмысымыздың ерекшелігін айғақтайтын салт-дәстүріміздің нәзік пернесін тап баса білетін Шағангүл Алдамжарқызының сезімтал «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғасы өзгелерге өнеге.

Одан бөлек, «Наурыз аруы», «Достық фестивалі», «Әуезов сыны» сияқты дәстүрге айналған ауқымды шаралар – ұстаз еңбегінің жемісі. Бұл жобалар өз кезеңінде облыстық және республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Ұлағатты ұстаз Шағангүл Жанае­ва – тек педагог емес, ұлттық руханиятқа жанашырлықпен қарайтын шынайы зиялы. Оның бастамасымен колледжде білім алған атақты тұлғалардың есімін есте сақтау мақсатында 34 атаулы кабинет ашылған. 

Бұл – жастарға өнеге болатын тағылымды бастама. Бұл жай кабинет қана емес, зерттеу орталығы десек те артық емес. Бұл кабинет тұлғалардың ұрпақтарының демеушілігімен дүниеге келді.

 Сонымен бірге, «Алаштың тұңғыш білім ордасы» атты тарихи-танымдық шежіре кітапты жарыққа шығаруы – ел тарихына деген құрметтің белгісі. Бұл ұғымды оқырман санасына сіңіріп жүрген де кейіпкеріміз. Үш том – сол заманның келбетін көрсететін құнды қазына. Үш кітап оқу орнының 110, 115, 120 жылдық мерейтойларында жарық көрді. Мұнда Қазақстан Орталық мемлекеттік архиві, Ресейдің Омбы, Том архивтерінен мол деректер табылып, жүйеленген. 

Ұстаздықпен қатар қалам ұстаған журналист ретінде де танылған Шағангүл Алдамжарқызы – қоғамдық ойға серпін беріп жүрген жан. Республикалық, облыстық басылымдарда жиі жарияланып жүрген мақалаларында елдік мүдде, ұлт тәрбиесі, рухани құндылықтар жайлы өзекті ой қозғайды. Сонымен қатар қаладағы қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өз ортасының рухани көшбасшысына айналған. Білікті басшы ретінде ол колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, оқу-тәрбие үрдісін заманауи талаптарға сай дамыту жолында көп еңбек сіңірді. Оның бұл еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталып, халықаралық энциклопедияға еніп, «Білім беру ісіндегі үздіктер» қатарынан көрінді. «Ерен еңбегі» медалімен мараптталды, Бүгінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар ұстаз – білім ордасының тірегі, жастардың рухани тәрбиешісі. Өзінің «Бастық болсам» деген арманы болмаса да, адал еңбегі мен кәсіби қарымына сүйенген жоғары бағамен басшылық қызметке көтерілді. 

Айта кететін тағы бір дүние – 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына барған сапарында колледж жұмысымен танысып қайтты. Білім ордасынан білім алған ұлы тұлғалардың өміріне арналған көрмені аралап, оқытушылар ұжымымен және студенттермен пікірлесті. Сол жылы Мемлекет басшысы колледж директоры Шағангүл Жанаеваға ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. 

Ұжым ішінде де, шәкірттер арасында да ұстаздың беделі зор. «Көргені жақсы көш бастар» демекші, Шағангүл Жанаевадай ұстаздардың еңбегі арқылы ұлттық педагогиканың, кәсіби білім берудің мәртебесі арта түсетіні анық. Оның өнегелі өмір жолы – болашақ ұрпақ үшін тағылымды сабақ.

Ақынның жары

Ақын болу – пешенеге жазылған тағдыр. Ал ақынның жары болу – жүрекпен таңдаған, сабырмен көтеретін, нәзік әрі асыл миссия. Ақынға серік болу – бір сәттік шабыттың сергелдеңін ғана емес, тұтас рухтың тылсым әлемін түсіне білу, үндестікпен өмір сүре білу деген сөз. Бұл – Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімовтің жары айтқан әр сөзінен, әр лебізінен анық аңғарылады.

Мемлекеттік сыйлық демекші, бұған дейін аймақта тұратын ақынның мұндай марапатқа ие болуы сирек-тұғын. Тіпті болмаған десек те, жасырын емес. Сол сеңді бұзып, тұңғыш рет Тыныштықбек ақын тыңнан түрен салды. Қазір жас ақын-жазушылардың арасында қалыптасқан екі мектеп бар: бірі – Есенғали мектебі, екіншісі – Тыныштықбек мектебі. Бұл да болса, шығармашылық ортада жүрген жастардың ақынға деген ерекше құрметі дер едік. 

«Ақындардың мінезі де, түйсігі де бөлек. Олар өмірді басқаша көреді, жүрекпен қабылдайды. Пушкин айтқандай, «Ақын сөзді қолмен ұстағандай көзбен көреді». Міне, менің жарым – сондай жан. Тыныштықбек – ойдың ақыны. Сезім тереңінен сыр тартып, сөздің шын мағынасын іздейтін ерекше тұлға», – дейді ақынның жары. Шынында да, Тыныштықбек – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлға, елге белгілі азамат. Бірнеше кітабы жарық көрген, оның бәрі ұлттың рухани өзегін, дүниетанымдық болмысын терең бейнелеген туындылар санатындағы дүниелер. Ақын – парасат пен сабырдың, сыр мен сымбаттың тұтасқан көрінісі. Оның жанындағы жары – сол әлемнің сырын сезінген, шуағына шомылған, көлеңкесіне де көніп үйренген аяулы адам. Әйел – қашан да өмірге шуағын шашып жүретін жан. Ол қай ортада жүрсе де, мейлі жұмыста болсын, мейлі үйде айналасына жылу мен ізгіліктің ұрығын себуге тиіс. Себебі әйел – отбасының ғана емес, қоғамның да тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін тұлға. Қоғаммен біте қайнасып, тынымсыз еңбек етіп жүрген соң, түрлі мәселелердің туындайтыны да заңдылық. Алайда сол күнделікті күйбең тірліктің дау-дамайын, артық сөзін отбасына алып келу – Шағангүл Алдамжарқызы үшін жат нәрсе. «Себебі үй – жан тыныштығының, сүйіспеншілік пен түсіністіктің мекені. Ол ортада мен – жармын, анамын, енемін, әжемін. Әр рөлім – өз алдына жауапкершілік пен мейірімділікті қажет ететін қасиетті міндет. Сондықтан да жұмыстағы қандай қиындық болмасын, оның салқыны отбасының психологиялық «ауа райына» әсер етпеуге тиіс. Әйел – сабырдың, парасаттың иесі. Ол өмірге нәр беріп тұратын көзге көрінбес сәуле іспетті», – деп түсінеді ол. Жолдасы туралы да керемет естеліктер әлі күнге дейін кешегідей көз алдында. «Ол өлеңін жазып болған соң, кейде шаршап отырсам да, маған оқып береді. Қабағыма қарап, үнсіз пікір күтіп отырады. Кей сәтте өлеңнің астарын жүрегіммен ұғынып, тілмен жеткізе алмай жатсам, өзімше ойымды жеткізем. Сонда «дәл осыны күтіп едім» деп қуанады. Бұл – біздің арамыздағы ішкі үндестік», – дейді ол ақынмен бірге өткізген өмір сабақтары туралы. 

Ақынның жан дүниесін түсіну – үлкен мектеп. Ол – тек отбасының емес, тұтас рухтың, поэзияның тынысын тану. «Егер сол мектеппен бірге жүріп, оның ырғағына ілесе алмасаң, өмірің апатқа айналады», – дейді кейіпкеріміз шынайылықпен. Ақынның жанындағы әйел – нәзік бола тұра мықты, сабырлы бола тұра сергек, төзімді бола тұра терең болуға тиіс. Өмірге үлкен сұраныспен қарайтын адамның жанынан табылу үшін ұсақ ойламайтын, биік мақсатқа бейім болу қажет.

Бүгінде олардың отбасындағы ұрпақ сабақтастығы жалғасып келеді. Рас, ұлт тәрбиесі – қыз тәрбиесінен басталады. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтылмаған. Сол тыйым – шектеу емес, шымыр тәрбие, терең тағылым. Ол – болашақ анаға берілетін алғашқы сабақ. Ақын жары осы жолдан сүрінбей өтіп, ақынның ғана емес, ұлттық болмыстың тірегіне айналған парасатты келін, аяулы жар, өнегелі анаға, сүйікті әжеге айналған. 

Қоғам аяулы тұлғаларын қадірлейді. Саналы азама­тына сенім артады. Ұстаз, ана, қайраткер боп қалыптасу оңай емес. Алаш азаматтарының ізі қалған қасиетті шаңырақтың туын жықпай, елге үлгі етіп келе жатқан Шағангүл Алдамжарқызының ізгі ісі – көпке үлгі. 

Гүлзина БЕКТАС