Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заңсыз кіріске заңдық шектеу қойылады
303
оқылды

Төрт заң екінші оқылымда қабылданды. Олар: нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы, ішкі істер органдарының қызметіне қатысты, сондай-ақ Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша, астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту бойынша заңдар.

Мәжіліс қылмыстық жолмен ал­ын­­ған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қар­жыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жоба салалық заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы ұсыным­дары­на сәйкес келтіру үшін әзір­ленген. Құжат аясында 6 кодекс пен 14 заңға түзетулер енгізіледі.

Заң жобасын Қаржылық мони­торинг агенттігі төрағасының ор­ын­басары Жеңіс Елемесов таныс­тырды. Оның айтуынша, агент­тік қыл­мыстық кірістерді жылыстату және заңсыз қызметті қаржылан­дыру тәуекелдерін анық­тау үшін ком­мерциялық емес ұйымдардың кү­дікті операция­ларына талдау және мониторинг жүргізу міндеті жүк­теледі.  

Қаржы мониторингінің жаңа субъектілері ұялы байланыс опера­торлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы болады. Сондай-ақ депутаттар бұл тізімге Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорын қалдыруды да ұсынды.

Бұл ретте қаржы мониторингі субъектілері күдікті қызмет туралы хабарларды уәкілетті органға жі­беру­ге міндетті болады. Талқылау барысында депутат Павел Казанцев қазіргі уақытта олар Қаржылық мониторинг агенттігіне күдікті қыз­мет туралы ғана ақпарат беріп жатқанын атап өтті. Осы орайда де­путат спикерден ұсынылып отыр­­ған жаңашылдықтың мақсатын және күдікті қызметті анықтаудың қандай критерийлері бар екенін сұрады.

Жеңіс Елемесов өз жауабында «күдікті қызмет» ұғымын енгізудің мәні қаржылық мониторинг субъ­ектілері алатын трансферттердің жиынтығын талдау жүргізу екенін айтты. Оның айтуынша, әрбір опер­а­ция бөлек ресми түрде күдік тудырмауы мүмкін, мұны бір-бірі­мен байланысты операциялар тіз­бегі арқылы анықтауға болады.

Сонымен қатар заң жобасы бо­йын­ша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Ергешбаев қосымша баянда­ма­дасында мәдени құндылықтарды қолма-қол нысанда сатып алу (сату) бойынша операциялар үшін қаржылық мониторингтің шекті мөлшерін 45 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төмендету ұс­ын­ылғанын айтты. Сомасы 5 мил­лион теңгеге тең немесе одан асатын цифрлық активтермен жас­ал­атын операциялар да қаржылық бақылауға алынады. Мәжілісмен­дердің ұсынысымен «мінсіз іскерлік бедел» ұғымы енгізіліп отыр. Яғни, бұрын әрекеттері қылмыстық жол­мен алынған кірістерді заңдастыру­ға және терроризмді қаржылан­дыру­ға ықпал еткен жеке тұлғалар­мен байланысы бар кандидаттар енді қаржы ұйымының басшысы лауазымына үміткер бола алмайды.

Мәжіліс Қылмыстық, Қыл­мыс­тық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру туралы заңды екінші оқылымда қ­а­былдады. Жұмыс тобының жет­ек­шісі Абзал Құспан құжатпен жұ­мыс екі жылға жуық уақыт жүр­гіз­ілгенін атап өтті. Қылмыстық заң­наманы жүйелеуге және үйлес­тіруге арналған заңға соңғы 10 жылда мың­нан астам өзгертулер мен тол­ықтырулар енгізілген.

– Түзетулерді Әділет минис­трлігі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген қылмыстық сот ісін жүр­гізуді оңтайландыру жөніндегі тап­сыр­масын орындау, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұ­жырымдамасын іске асыру ая­сын­да әзірледі. Қазақстан тарих­ын­да алғаш рет қылмыстық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу өкілеттігі құқық қорғау органдары­нан ведомстволық мүддесі жоқ о­рган ретінде Әділет министрлігіне беріледі, – деді депутат.

Заңда азаматтар мен кәсіпкер­лер­дің құқықтарын қорғауды, бәсе­келестік қабілеттілікті күшейту және қылмыстық іс жүргізуді оң­тай­ландыру сияқты салалар қам­тыл­ған. Атап айтқанда, адвокат­тар­дың құқықтары кеңейтілді. Олар сот­қа қорғау актісін – айыптау қоры­тындысына қарсы құжатты ұсына алады, тексеру объектілері туралы мәліметтермен, жедел-із­дес­тіру және қарсы барлау іс-шара­ларының материалдарымен, жас­ыр­ын тергеу әрекеттерімен таныса алады. Бұдан басқа да түзетулер ұсынылады.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қош­анов депутаттардың қоғам үшін маң­ызы зор заңды қабылдаға­нын атап өтті. Ол еріксіз некеге тұруға мәж­бүрлегені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі қылмыстық жау­ап­кершілік қарастырылған жаңа нормаға ерекше тоқталды.

– Соңғы кездері қыз алып қа­шу­ды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп барады. Бұл – шын мәнінде, адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Мем­лекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті мас­қара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек» деген болатын, – деді Е.Қошанов. 

Заңда шешімін тапқан тағы бір өзекті мәселе – дропперлік. Палата төрағасы қылмыстың бұл түрімен күресті күшейту мақсатымен депут­ат­тар бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік бекітетін түзетулер әзірлегенін айтты. Заң қабылданған соң мұндай қылмысты жасаған адам 7 жылға дейін бас бостанды­ғынан айырылып немесе шектеліп, мүлкі тәркіленетін болады.

Соңында Мәжіліс Спикері бү­гін қабылданған заңның жекелеген нормалары бойынша, әсіресе жаса­ған әрекеттері үшін жауапкершілік­ке мән бермейтін жастар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүр­гізу қажеттігін баса айтты.

Бұдан соң нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы заң мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс то­бының жетекшісі Жұлдыз Сүлей­менова құжатты қарау нәтижесінде активтерді сенімгерлік басқаруға берудің шекті мөлшері 10 мың АЕК деп белгіленіп, депутаттар ұсыны­сы­мен әкімшілік-шаруашылық шы­ғыстардың шекті көлемі инвес­тициялық кірістің 15 пайызын немесе таза активтердің орташа құны­ның 0,5 пайызын құрайтынын айтты. Нысаналы капитал қорын құру кезінде алушының жазбаша келісімін алу талабы енгізілді, бұл ұйымдардың келісімінсіз олардың атынан қор құру мүмкіндігін шек­тейді. 

Ішкі істер органдарының қыз­меті саласындағы нормалардың ар­тық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәсе­лелері бойынша заң да екінші оқы­л­ымнан өтті. Жұмыс тобының жет­ек­шісі Жарқынбек Амантайдың айтуынша, енді 2021 жылдың 31 жел­тоқсанына дейін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мем­лекеттік органдардың қызмет­кер­лерінің отбасы мүшелеріне, әскери қызметшілерге біржолғы төлемдер­ден бөлек, ай сайынғы төлемдер қос­ым­ша төленетін болады. Сон­дай-ақ заң құқық қорғау қызметін жүзеге асыруға, құқық қорғау ор­ган­дары қызметкерлері мен әскери қызметшілерін тұрғын үймен қам­та­ма­сыз етуге, өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат етілген қарасора өсімдіктерінің (каннабис) сорттар­ын анықтауға және басқаларға қатысты мәселелерді реттейді. 

Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мә­се­лелері бойынша заң екінші оқыл­ымда қабылданды. Жұмыс тобы­ның жетекшісі Болатбек Нажмет­дин­ұлы заңда астана мен респуб­ликалық маңызы бар қалаларды абаттандыру нормалары жетілдіріл­генін баяндады. Олар қолжетімді ортаны қамтамасыз етуге, дизайн-кодты енгізуге, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін нақтылауға қатысты. Сонымен қатар елордадағы көші-қон және жарнама қызметі реттел­еді. Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын іске асыру аясында өмірлік маңызы бар салалардың: жылу-энергетика, сумен жабдықтау және су бұрудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі инфрақұрылымдық про­блемаларды шешуге бағытталған түзетулер енгізілді. 

Мәжіліс «Аквашаруашылық туралы» және «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне аквашаруашылық, агро­өнер­кәсіптік кешен, электр энер­ге­тика­сы және жекелеген орталық мемле­кет­тік органдардың функ­ция­ларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заңдарға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті.

Мәжіліс комитеттері бірқатар ра­тификациялық жобаны жұмысқа қабылдады. Олар: Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Челя­бі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісім, Қазақ­стан мен Қатар үкіметтері арасын­дағы Қазақстаннан келген жұмыс­кер­лерді Қатарда жұмысқа орналас­тыруды реттеу жөніндегі келісім, 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғыз үкіметтері арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу жөніндегі хаттама, Қазақстан мен Түрік­менс­тан үкіметтері арасындағы қылмыс­кер­лікке қарсы күрестегі ынтымақ­тастық туралы келісім.

Жалпы отырыс соңында мәжі­ліс­мендер әлеуметтік-экономика­лық мәселелер бойынша мем­лекет­тік органдарға 10 депутаттық сауал жол­дады.