Мұзбалақ ақын Мұқағали жырына қосқан Нарынқол өңірі... Көкпен таласқан әйгілі Хан Тәңірі шыңы... Бала кезден ақын жырларынан оқып өскен осынау теңдессіз табиғат сұлулығы қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданына тиесілі. Бұл аудан – туризм тұрғысынан ғана емес, ел экономикасының өсуіне ықпал ете алатын маңызды аймақтардың бірі. Таяуда таңмен таласа Алматыдан шыққан бір топ журналист Райымбек ауданына қарай ат басын бұрдық. Сапарымыздың түпкі мақсаты да сол – ауданда жаңадан салынған нысандардың жұмысымен танысу, әлі күнге дейін күрмеуі шешілмеген түйіткілдерді мінбердегілерге жеткізу.
Жол азабын жүрген білер
Нарынқолға апарар жол – төзіміңді сынайтын «лабиринт» сияқты. Әрбір шұңқыр көліктің дөңгелегін ғана емес, жүйкені де жұқартады. Осы күнге дейін толыққанды шешімін таппаған, Райымбек пен Кеген жұртын әбігерге салған жол азабы – әлі де күйіп тұрған мәселелердің бірі.
Бүгінде Райымбек ауданының аумағында республикалық маңызы бар жол 66 шақырымға созылып жатыр. Былтыр оның 15 шақырымы жөндеуден өткен. Аудан бойынша жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 145 шақырымға жетеді. Бұл көрсеткіш пайызбен есептегенде – 51,4%. Аудан әкімінің сөзінше, «Кеген-Нарынқол» тасжолын күрделі жөндеуден өткізу 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
– Биыл орташа жөндеу жұмыстары басталса, 2026 жылы Кегенге дейінгі жол толығымен аяқталса, нұр үстіне нұр болар еді. Дәл қазір халықтың да сұрап отырғаны осы. Бұл – ауданымыздағы республикалық маңызы бар жол. Ал 240 шақырымнан тұратын облыстық жолдың 98 пайызы түгел жасалған. Жолдың қалған 2 пайызы биыл аяқталады. Ол үшін алдын ала қаражат та бөлініп қойды. Сондай-ақ аудандық маңызы бар жол 282 шақырымға созылса, қазір оның 220 шақырымы, яғни 65 пайызы жөндеуден өтті. Бұл көрсеткішті 2025 жылы бөлінген бюджеттің есебімен осы жылдың аяғына дейін 250 шақырымға жеткіземіз. Ал қалған 30 шақырымын 2026-2027-жылдары аяқтау көзделген, – деді аудан әкімі Берік Дүйсенбаев.
Жол жөндеу жұмыстарына «Нұрлы жол-7» ЖШС деп аталатын мердігер мекеме таңдап алынған. Конкурстық процедуралар сәуір айының соңында аяқталған. Компанияның жоба жетекшісі Әбілқайыр Аспандиярұлының сөзінше, алдағы 1-2 айдың көлемінде мамандар жол жөндеуге қажетті материалдарды дайындаумен айналысады.
Сағатына 50 келі құрт жасалады
Кезекті аялдама – Qarasaz Food деп аталатын сүт өңдеу зауыты. Ол ең алдымен ауданның ауыл шаруашылығын жандандырып, сүтті жинау мен өңдеудің жаңа жүйесін қалыптастырды. Аудан әкімдігінің қолдауымен әр ауылда сүт жинау бекеттері орнатылып, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орны пайда бола бастаған. Қазір бекеттер арқылы сүт жинаумен шамамен 10-15 адам айналысады. Зауытқа күніне жақын ауылдардан 15 тоннаға жуық сүт жиналады. Осыған дейін сүт өндіру зауыты ішкі нарықпен шектелмей, отандық өнімді шетелге де ұсынып көрген. Былтыр көршілес Ресейге 200 тонна сары май сатқан. Кәсіпорынның өндірістік қуатына келсек, мұнда сағатына 50 келі құрт жасалады.
– Қазір біздің өнімдеріміз нарықта Алматы облысы мен Алматы қаласы көлемінде сатылып келеді. Өндіріс ішкі нарықта өз жұмысын 2023 жылы бастады. Бүгінде сүт өңдеу зауытында 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Мұнда майлылығы 15-20 пайыздық қаймақ, сондай-ақ сүт, айран, сүзбе, қатық, май, құрт өндіріледі. Біз сүтті Райымбек және Кеген ауданынан алдырамыз, – деді зауыт басшысының орынбасары Ерсін Айбарұлы.
Райымбек ауданының бүгінгі тынысын тек өндіріс ошақтары ғана емес, жаңадан бой көтерген шағын спорт кешендері де айқындап отыр. Ауданның әр түкпірінде салынған бұл кешендер ауыл жастары үшін жиі бас сұғатын орындардың біріне айналған. Мұнда балалар мен жасөспірімдер, тіпті ауыл азаматтары спортпен айналысып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Оның бірі – 2024 жылы пайдалануға берілген Сарыбастау ауылындағы спорт кешені. Құрылыстың жалпы алаңы 2253,3 шаршы метр болса, жоба құны – 1 млрд 331 млн теңге. Ұзақ батыр ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Қайратұлының сөзінше, спорт кешенінде 80-ге жуық бала тұрақты секцияда спортпен айналысады. Дәлірек айтсақ, мұнда әзірге дзюдо, бокс, қазақ күресі бөлімі жұмыс істеп тұр. Алайда ауылдық округ әкімі спорт мектебінің басшысымен келісе отырып қыркүйек айында волейбол, баскетбол, футбол секцияларын біріктіруді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Нарынқол картобы – отандық бренд
Бүгінде Нарынқол топырағында өнген картопқа сұраныс жоғары. Тіпті, бұл аймақ ел ішінде «картоптың отаны» атанып кеткен. Нарынқол таулы өңір болғанына қарамастан, картоптың басым бөлігі осында өндіріледі.
Былтырдан бері елімізде картоп бағасының шарықтауы қоғамда жиі талқыға салынып жүр. Табиғаттың тосын мінезі мен өнімділіктің төмендеуі шаруаларды да, тұтынушыларды да алаңдатқаны рас. Бірақ Нарынқол өңіріндегі шаруалар бұл жағдайды қалпына келтіріп, өнімділік деңгейін жоғарылату үшін Еуропадан 200 тонна тұқым алып келген. Қазір тұқымды егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бастапқыда 170 гектар жерге отырғызылса, алдағы уақытта шаруалар егіс көлемін 300-350 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Кооператив иелігіндегі алқаптарда жаңбырлатып суару жүйесі толық іске қосылған соң өнім көлемі мен сапасы бұрынғыдан да арта түседі. Егер жоспар толық орындалып, өнім дер кезінде жинап алынса, Алматы облысында тамыз айында картоп қолжетімді бағада саудаға шығарылмақ. Осылайша, Нарынқол картобы елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің бір тетігіне айналмақ. Кооператив жетекшісі бұл аудан халқы үшін ғана емес, облыс көлемінде картоп бағасының тұрақтануына үлес қосатынын алға тартты.
2022 жылы 10 шаруақожалықтан құрылған «Алтын дән-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – бүгінде аудан экономикасын нығайтатын ірі жобалардың бірі. Біз барған 3 000 гектарға созылған алқап жаңбырға тәуелді болғандықтан бұрын бидай егілмеген. Алайда мемлекеттік субсидиялар мен жаңбырлатып суаруға байланысты заманауи технологиялардың арқасында мұнда суарылатын егістік пайда болған.
– Қазірдің өзінде 1500 гектар жерге бидай ектік. Институттан элиталық арпа, бидай тұқымдарын алып келдік. Бұл жерге 30 000 текше метр су сыятын су қоймасы салынады. Қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Алдағы уақытта барлығы ретімен орындалса, бидай ғана емес, картоп, сәбіз өнімдерін тамшылатып суару арқылы халыққа қолжетімді бағада өндіру жоспарда бар, – деді «Алтын дән-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Дулат Құлмамыров.
Қытаймен жаяу туристік жол ашылады
Қазір аудан басшылығы өңірдің ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық берсе, алдағы бесжылдықта туризмді қолға алуға бекініп отыр. Осы мақсатта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында жаяу туристік жол ашу жоспарланған. Табиғатымен ерекшеленетін аймақ аспан асты елімен 250 шақырымдай шекаралас жатыр.
«Шекараның арғы жағындағы көршілес мемлекетпен табиғатымыз ұқсас. Сондықтан алдымен жаяу туристер үшін шекараны ашсақ дейміз. Қытай Халық Республикасына күніне 35-40 мың турист келеді екен. Бізге оның 10-20 пайызы келген жағдайда, бұл мемлекетке үлкен кіріс әкелмесе де, орта және шағын бизнесті дамытуда аудан тұрғындары үшін пайдалы болар еді», – деді аудан әкімі Берік Дүйсенбаев.
Райымбек ауданы – Швейцарияға бергісіз тамылжыған табиғатымен көздің жауын алады. Алайда сол сұлулықтың тасасында көптен бері шешімін күткен, халықтың тіршілік тынысын тарылтқан мәселелер де жоқ емес. Екі күнге жалғасқан баспасөз турында ауданның даму көрінісін көзбен көріп, елдің тыныс-тіршілігімен бетпе-бет келдік. Енді сапар барысында белгілі болған түйткілдердің түйіні тарқай ма? Мұны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы