Германия азаматтарының көбі, 57%-ы ел шетіне жау тисе, Еуропаның өзге еліне үдере көшуге, не беріліп, қарсыласқа қызмет етуге ниетті. Тек 32%-ы қолына қару алып, отанын қасық қаны қалғанша қорғауға дайын. Focus-Online сауалнамасының қорытындысы бүкіл еуропалықты естен тандыра жаздады.
Армия айбыны мектептен басталады
317
оқылды

 Қазақстанда мұндай тақырыпта әлеуметтік зерттеу жүргізілмейді. Бірақ әскери-патриоттық тәрбие ісінің тоқырағаны байқалады. Осыған орай Президент әскери даярлықты жетілдіруді тапсырды, «AMANAT» партиясының депутаттары тиісті ұсыныстар енгізді.

Ата-бабадан аманат болған ел мен жерді, азаттық пен өр рухты, еге­мендік пен елдікті сақтау, осы жол­да опат болған арыстарды ар­дақ­тау, ұлтты шексіз сүю – әрбір буын­дағы ұрпақтың қасиетті па­ры­зы. Ұрпағы осы ұлы ұғымды өсиет­тей санасына сіңіріп, ойға то­қып, дау тудырмас ақиқаттай қа­былдайтын, әр ісінде бас­шы­лық­қа алатын, ел басына күн туса, хал­қы қастерлі тудың түбінен та­бы­латын мемлекеттер ғана күн сөн­генше мәңгі тұрады.  

Бұған қол жеткізу үшін тиіс­ті тәрбие балабақша­дан бас­талса құба-құп. Алайда Қазақ­стан­да «Бастапқы әскери және тех­нологиялық дайындық» пәні тек жоғарғы сыныптарда оқы­ты­ла­ды. Оның өзінде педагогтер мен депутаттардың айтуынша, бұл пән үстірт өтеді, әбден ескірген так­ти­ка мен стратегияға құрылған оқу­лық­тар негізінде оқытылады, тіпті қа­рапайым жабдығы жетіспейді, қару орнына ағаштан жасалған үл­гінұсқа-муляжы пайдала­ны­ла­ды екен. 

Соның салдарынан мектеп бі­тірген түлектер әскерге лайықты дайындықсыз аттанады. Мұны бү­гінде бірінші сыныпқа әріп та­ны­май барған баламен салысты­ру­ға болады. Олқылықты түзеп, ах­­­­уалды жақсарту үшін биыл осы са­лада реформа басталды. Үкімет пен мүдделі министрліктер «ама­нат­тық» депутаттарының ұсы­­ныс­тарын пысықтап, «Бас­тап­қы әс­ке­ри және технологиялық дайын­дық» (БӘТД) пәнінің бағ­дар­ла­ма­сын қайта қарауға кірісті. 

Алғашқы әскери даярлық пә­нінің педагогі, запастағы лей­те­нант Бағлан Есентайдың пайым­дауын­ша, кез келген азат мем­ле­кет­тің стратегиялық мақсаты – мем­лекеттілікті нығайтуға, тәуел­сіз­дікті қорғауға, Отанға бейбіт жә­не соғыс уақытында адал қыз­мет етуге дайын тұратын патриот тұл­ғаларды тәрбиелеу, қалып­тас­тыру және дамыту. 

– Мемлекет бұл міндетіне мән бер­мей келді. Мектепте БӘТД пә­­нін лайықты деңгейде оқыту үшін қажетті не оқулық, не құрал-жаб­дық жоқ. Дұрысы, әрбір білім ор­дасы оқ ату, саптық жаттығу, әс­кери топография, радиациялық, хи­миялық, биологиялық қорғану, бар­лау, басқа бағыттарда жете жа­рақ­талғаны, тиісті тренажеры бол­­­­ғаны жөн. Бізде тіпті плац жоқ, амал­­сыз, мектептің айналасында сап­та адымдауға, сапта жүгіруге үй­­ретеміз. Шынында, қазіргі за­ман соғыстарында зымыранмен соқ­қы берілмеу үшін саппен, топ­пен қозғалуға болмайды. Бірақ біз­ден соғысқа емес, әскерге әзір­леу талап етіледі, – деді Б.Есентай. 

Ол жаңа оқулықтарда бірінші ке­зекте, жас ұрпақ бойында әс­ке­ри-отаншылдық көзқарас-се­нім­ді, ой-ұғымды, Отанға деген сүйіс­пен­шілік пен оның қаһарман та­ри­хына деген мақтаныш сезімін қа­лыптастырып, нығайтуға баса мән берілуі керегін жеткізді. Ата­ме­кенін қорғағысы келмейтін адам­ның қолында кез келген за­ма­науи қару – қу таяққа, техника – ады­ра қалатын жай темір-терсекке айналады. 

Сондықтан алғашқы әскери даярлық мұғалімдерінің осы са­лада да сауатты болғаны, шә­кірт­те­рін ұлтымыздың даңқты әскери дәстүрімен, қазақ батырларының ер­лігімен, олар қолданған әскери әдіс-тәсілдерімен таныстырғаны, сон­дай-ақ ерлік, намыс, отан­шыл­дық, батырлық дәріптелетін ма­қал-мәтелдер мен ертеден жет­кен мотивациялық нақыл сөздерді орайына қарай пайдалана алғаны маңызды. 

Қалдық қағидаты – ұлтқа қауіп

Бұл тұрғыда БӘТД пәнінің оқу процесін модерниза­ция­лаудың кең өрісі ашылады. Оның аясында мәселен, «жобалық кең­се» форматында оқушылардың жо­балық қызметін жандандырып, олар­ды тарихи, ғылыми, әскери әде­биетті, мамандандырылған әс­кери ресурстарды зерделеуге, со­ның негізінде әскери тақырыпта әл­дебір тың ғылыми, тіпті прак­ти­калық, инновациялық жоба тү­­зіп, оны қорғауға, прототипін жа­сауға, үйретуге болар еді. Со­ның арқасында мектепте жа­сөс­кін­дерді әскери іске қызықтырып, болашақ білікті қолбасшыларды, әскери өнертапқыштарды даярлау ісінің мықты іргесін қалауға болар еді. Әттең, орта білім жүйесінде бас­тапқы әскери дайындыққа өте аз сағат бөлінген. 

«AMANAT» партиясы фрак­ция­сының депутаты Юлия Ку­чинс­кая Мемлекет басшысы-Жо­ғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды отаншыл, елшіл етіп өсіру, осы мақсатта әскери-пат­риоттық тәрбиелеу жүйесін же­тілдіру қажеттігін бірнеше рет атап өтіп, қадап тапсырғанына ек­­пін түсірді. Бұл істе Бастапқы әс­ке­ри және технологиялық дайын­дық пәні маңызды рөл ат­қа­рады және жүйенің шешуші құрам­дас бөлігі саналады.  

– Соған қарамастан, бұл пәнге «қал­дық қағидатымен» ғана көңіл бө­летін кесірлі қатынас сақталған. Со­рақысы сол, Үкіметтің 2023 жыл­ғы 24 қарашадағы №1039 қау­лы­сымен бекітілген «Жастарға әс­кери-патриоттық тәрбие беру­дің 2030 жылға дейінгі тұжырым­да­масында» мектепте алғашқы әс­кери даярлықты жүзеге асыру тә­­­сілдемелерін өзгерту, саланы ре­формалау туралы бірде-бір сөз жоқ! – деді депутат.

Осы аяқталған 2024-2025 оқу жы­­­лында БӘТД пәні­мен 10-11-сы­ныптарда және кол­ледж­дер­дің 1-2-курстарында оқи­тын 700 мыңнан аса шәкірт қам­тыл­ды. Оларды даярлаумен атал­ған пәннің 5 мыңнан астам мұ­ға­лі­мі айналысты. Шындығын айт­қан­да, сол жүздеген мың жас әс­кери қызметке толық дайын бо­лып шықты деп айту қиын. Се­бебі са­лада ондаған жыл бойы ше­шілмей, қор­даланған мәселе көп.  

Біріншіден, «аманаттық» де­пу­таттар бастапқы әскери дайын­дық бойынша мемлекеттік стан­дарттарды қайта қарауды ұсынды. Соң­ғы 10 жылда оқу сағаттары 136-дан 98-ге дейін күрт қыс­қар­тыл­ған. Сондай-ақ пән таза әс­ке­ри тақырыптар сыртында, ро­бот­ты техника, технологиялық дайын­дық бағыттарындағы жаңа бөлім­дермен толықтырылды.  

Педагогтердің айтуынша, со­ның салдарынан пән жос­па­рын­да­ғы бөлімдер мен тақырыптардың жал­пы саны БӘТД оқытуға бөлін­ген жалпы сағаттар санынан ай­тар­лықтай асып кетеді. Бұл көп­теген тақырыпты қосып оқытуға, кей­­бірінен «секіріп» өтуге соқ­тыр­ған, шәкірттер әскери іс және бас­қа бөлім бойынша тым үстірт бі­лім алады. 

Екіншіден, БӘТД аясында боз­балалар мен бойжеткендер 5 күн­дік әскери-дала оқу-жаттығу жиы­нынан өтуі керек. Осыған бай­ланысты Білім министрлігі со­нау 2022 жылы Қорғаныс ми­нистр­лігінен әскери-дала оқу-жат­тығу жиынын өткізу үшін оқу по­лигондарын ең құрыса 5 күнге бе­ру­ді сұраған. Бұл мәселе негі­зі­нен, шешіле қоймапты. Кейбір жи­ын мектеп ауласында өтеді екен.

Мұның сыртында ол жиынға қыз­д­ардың қатысуы нақты рег­ла­менттелмеген. Тиісті жағдай жа­сал­маған соң қыздар жиындардан тыс қалады. Мәжіліс депутаттары осы 5 күндік жиынды өткізу бойын­­ша нақты ұсынымдарды, сон­дай-ақ материалдық базаға, қауіп­сіздік пен күн тәртібіне қа­тыс­ты талап­тарды бекітуді ұсын­ды.  

Киіміне қарай құрметі...

Үшіншіден, БӘТД оқытушы­сы­ның мәртебесін арттыру қажет. Пар­ламентте қаралып жатқан «Кей­бір заңнамалық актілерге әс­кери-патриоттық тәрбие мә­се­ле­лері бойынша толықтырулар ен­гізу туралы» заңының жобасына бір топ депутат тиісті ұсыныстарын ен­гізді. «AMANAT» партиясы фрак­ция­сы­ның мүшесі, Мәжіліс депутаты Ай­гүл Құспан осы заңжоба ая­сын­да мектептер мен колледждердегі пат­риоттық тәрбие мәселесі пы­сық­талғанын жеткізді. 

– Бұл заң «Алғашқы әскери жә­не технологиялық дайындық пә­нінің мұғалімдеріне» де қатыс­ты болады. Қазір бұл пәнді арнайы дайындығы жоқ, әскери қызметке еш қатысы жоқ, тіпті армияда әс­ке­ри борышын өтемеген мұға­лім­дер оқыта береді. Біз әскери ка­фед­рада арнайы дайындықтан өт­кен немесе қайта дайындықтан өт­кен запастағы әскери қызмет­ші­лерге ғана бұл пәнді жүргізуге рұқ­сат беру туралы талапты заң­жо­баға ен­гіздік. Меніңше, бұл тү­зету оқы­ту­дың сапасын бірден арт­тырады. Алдында әскери фор­ма киген мұ­ғалім тұрса, оның бей­несі бала­лар­дың патриоттық сезіміне әсер ете­ді, – деді А.Құспан. 

Депутаттар аталған пән мұға­лімі­нің мәртебесін көтеру үшін бір жа­ғынан, педагогтерге үйірмелік жұ­мыс жүргізгені үшін үстемеақы тө­леуді ұсынды. Екінші жағынан, олар­дан міндетті түрде әскери қыз­­метті өткеруді, ең төмен деген­де, сержант әскери атағын иелену­ді талап етпек. Осы мақсатта заң қабылданған соң Оқу-ағарту және Қор­ғаныс министрліктері БӘТД оқы­тушысына қойылатын білік­ті­лік талаптарын бекітуге және оның мектепте арнайы бекітілген үл­гідегі әскери форма киюін рет­теуге бағытталған нормативтік құ­қықтық актілерін қабылдауы қа­жет. 

Төртіншіден, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі, депутат Наталья Дементьеваның ай­туынша, жастарды әскери-пат­риот­тық тәрбиелеудің басты бір буы­ны саналғанымен, «Алғашқы әс­кери және технологиялық дайын­­дық» пәні кабинеттерінің ма­териалдық-техникалық базасы кө­нерген. Сол себепті жауапты ми­нистрліктер аталған пәннің ка­бинеттерін қару-жарақпен, за­ма­науи оқулықтармен және жиһаз­бен қамтамасыз етуі, жарақ­тандыру нормативтеріне өзгеріс енгізуі қажет. 

Қолданыстағы әскери-техни­ка­лық мүкәммалмен жабдықтау нормалары оқу бағдарламасының та­қырыптары мен қажеттілігіне мүл­­дем сәйкес келмейді. Озық ел­­­­­­­дердегі сияқты мектеп оқу­шы­ла­ры өзге роботтарды айтпаған­ның өзінде, дрондарды далалық жағдайда басқаруға үйретілгені жөн. Әзірге, депутаттардың де­ре­гінше, бүгінде тіпті кабинетті рә­сім­деу бойынша нақты рег­ла­мен­тация да жоқ. Салдарынан, мектеп ди­ректорлары БӘТД пәні ка­би­нет­терін жарақтандыруға мән-маңыз бермейді немесе қалдық қа­ғидатымен қаржыландырады.    

Бесіншіден, «AMANAT» фрак­­­­циясының депутаттары алғашқы әскери даярлық пәні аясында оқу­шылардың білімін бағалау жүйесін же­тілдіруді және балдық жүйені жаң­ғыртуды ұсынды. Қазір білімді ба­­ғалау табелге «зачет» немесе «не­­зачет» деп жазу арқылы жүр­гі­зі­леді екен. Мектеп аттестатына не­месе колледж дипломына БӘТД пә­ні кірмейтіндіктен, шәкірттер де, ата-аналар да бұл пәнге жүр­дім-бардым қарайды. Тіпті, кей­бірі баласына әскери бас киімді (пи­лотка) сатып алғысы келмейді. Ал балдық жүйе оқушылардың пән­нің оқу бағдарламасын қан­ша­лықты жетік игергенін толым­ды көрсетер еді.

Жұмыс тобы жаңғыруды пысықтайды

Депутаттардың бастамасына тү­сініктеме берген Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары Ермек Көшер­баев жалпы орта білімнің мем­лекеттік жалпыға бірдей стан­дарты бойынша БӘТД пәні – мін­детті пән саналатынын еске сал­ды. 2022 жылғы 16 қыркүйекте Оқу-ағарту министрі Асхат Ай­ма­ғам­бетов өз бұйрығымен бекіткен үл­гілік оқу бағдарламасына сәй­кес, БӘТД бойынша оқу жүкте­ме­сі­нің ең жоғарғы көлемі 10-11-сы­нып­тарда – аптасына 1 сағаттан (оқу жылында – 34 сағаттан) аса ал­май­ды. Қазіргі министр Ғани Бей­сембаев оны өзгертуге тыры­сады. 

– Бүгінде Оқу-ағарту министр­лі­гі Қорғаныс министрлігімен және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясымен бір­ле­сіп, БӘТД пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын қайта қару жұмысын жүргізіп жа­тыр. Нәтижесінде, бұл пәннің не­­гізгі сағаттары мен тақырыптары әскери дайындыққа бағдарланады. Оның ішінде саптық дайындыққа, инженерлік жабдықтауға, бекініс­ті бүркемелеуге, солдаттың май­дан даласындағы іс-қимылдарына, барлауға мән беріледі. Сондай-ақ әр­түрлі нысананы ату ережелері, пнев­матикалық винтовкадан атып үйрену, ақпараттық-пси­хо­ло­гиялық қауіпсіздікті сақтау не­гіздері де басымдық болады, – деді вице-премьер. 

Оның айтуынша, үлгілік оқу бағ­­дарламасын қайта қарау жұ­мы­сы аясында жігіттер сыртында, қыз­­­дардың да дала оқу-жаттығу жиы­нын ұйымдастыру және өт­кізу мәселелері шешілуге тиіс. Ер­­мек Көшербаевтың хабар­лауын­ша, елдегі 7 963 мемлекеттік мектептің 5 408-інде ғана БӘТД ка­бинеті бар. Қалғанының көбі бас­тауыш, негізгі орта мектеп дең­гейіндегі шағын жиынтықты білім ұйымы болғандықтан, яғни жо­ғар­ғы сынып оқушыларының жоқ­­­ты­ғынан оларда алғашқы әске­ри даяр­лық кабинеттерін ашу талап етіл­мейді. 

Бұған қоса, ІІМ-нің 2020 жыл­ғы 22 қыркүйектегі №637 бұй­ры­ғына сай, мектептер азаматтық, қыз­меттік қару және оның оқта­рын сатып алу үшін рұқсат алуға тиіс. Бұл да біршама кедергі. Ви­це-премьер сонымен қатар Пре­зи­денттің тапсырмасы аясында ел­де 1 300 мектеп реновацияланып жат­қанын қаперге салды. Мыса­лы, жайлы мектептерде әскери плацтар да, БӘТД кабинеттері де жа­сақталыпты. Реновация аясын­да 600-ден көп оқушыға арналған мектептердің аталған каби­нет­терінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылатын көрінеді. 

Қалай болғанда, бастапқы әс­кери дайындықты реформалау мақ­сатында Ұлттық білім акаде­мия­сы жанынан жұмыс тобы құ­рыл­ды. Топқа 10-11-сынып оқу­шы­­­­­­ларының осы пән бойынша «Оқу жетістіктерін бағалау қағи­да­ларының» жобасын әзірлеу жүк­телді. Реформаның не нәтиже әке­лерін уақыт пен тәжірибе көр­сетеді. Бір анығы, әскери-пат­риот­тық тәрбие жүйелі әрі кешен­ді жұмысты қажетсінеді. Алғашқы әскери даярлыққа «қалдықтық» көз­қарастан арылып, қуатты қол­дау көрсетсе ғана Қазақстан жас ұрпақ алдында армияның беделін арттыра алады.

Айхан ШӘРІП